• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ 03 Қыркүйек, 2024

Басымдық энергетикалық тепе-теңдікке бағытталады

69 рет
көрсетілді

Қазіргі кезеңде елімізге қажет болып тұрған шетелдік инвес­тиция көлемі бұған дейінгі екі он жылдықтың қажеттілігінен де асып түсейін деп тұр. Тек инвестициялық ағынды күшейту арқылы сапалы экономикалық өсімге қол жеткізе аламыз.

Егер бірқатар реформа мен жобаларды жүзеге асыра алса, Қа­зақстан инвестиция үшін тартымды елге айнала алады. Басты артықшылығымыз – пайдалы ресурстар мен салыстырмалы ли­­бералдық заңнама. Бұлар отан­­­дық экономикада қазірдің өзін­де бар. Непоттық олигархизм бюрократиялық институцио­на­лизммен алмастырылып жатыр. Ол өзінің барлық кемші­лігіне қарамастан, әлі де болса ойынның әмбебап ережеле­ріне көбірек бейім және экономи­кадан ақшаны сығып, оны шетел­дік юрисдикцияларға беруге сон­шалықты ынталы емес. Са­лық кодексін ізгілендіру, инфра­құрылымды нығайту, өндірісті қажетті электр энергиясымен, еңбек ресурстарымен, өнер­кә­сіптік экономиканың басқа эле­мент­терімен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Алайда мұның бәрін сауат­ты шенеуніктерсіз іске асыру тағы қиын. «Инвестиция тарту үдерісіне барлық әкім мен министр тиісті деңгейде атсалысып отырған жоқ. Үкімет бұл жұмысты реттеуі керек», деді Президент биылғы Жолдауын­да. Басқаша айтқанда, өңірлік және салалық басқарушылар инвестицияның тиісті өсімін қамтамасыз ете алмай отыр. Әри­не, бәрі соларға байланысты емес, кей жағдайда инвесторды шақыруын шақырып алып, артынан қандай да бір кикілжіңге тап болып жатқысы келмейді. Бірақ ондай жағдайдың өзінде бос отырмастан, шаруаны жүйе­лі түрде шешуге тура келеді. Кейін басқа инвесторлар кедер­гісіз келетіндей қолайлы орта қалыптастыруы қажет.

Инвестор шақырып, оған мейлінше жайлы жағдай жасап беру мүмкіндігі бола тұра, сая­си басқарушылардың екі қо­лын бос қойып, бюджет қаржы­сын үлестіруден аса алмай отыр­ғаны қиын. Ал кейде сыбайлас жемқорлық себебімен қо­сым­ша кедергілерді қолдан ұйым­дастырып жатса, тіпті жаман. «Жалпы, Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті – отандық бизнес пен шетелдік инвесторларға жол ашу. Олардың заңды қызметіне кедергі жасау салдары ауыр қылмыс деп саналуы керек», деді Мемлекет басшысы.

Қазір еліміздің сынақ жылдарын бастан кешіріп жатқа­ны белгілі. Қазіргі уақыт бізге нақ­ты индустрияландыруды жүр­гізудің, шикізат пойызы­нан индустриялық по­йыз­ға қайта оралған елдердің қата­ры­на кірудің соңғы тарихи мүм­кіндігі болуы мүмкін. Ол үшін әрбір ұсақ-түйекке дейін үңіліп, шенеуніктерді олардың жұмысының экономикалық тиімділігімен бағалау қажет. Есеп­­те­рін әдемі құрастырғанына емес, олар жетекшілік ететін салалар мен аймақтарда қанша нақ­ты инвестициялық жоба жү­зеге асырылғанына байланыс­ты бағалау маңызды.

Жолдауда Президент бейбіт атомды елімізде дамыту бойынша референдум уақытын хабарлады. Ол 2024 жылдың 6 қазанына белгіленді. Ол мәселенің осыдан бір жыл бұрын ашық айтыл­ғанын, жалпыхалықтық талқылау өткізуге бір жыл жеткілікті болға­нын еске салды. Президент атом стансасының құрылысы туралы 2019 жылы айтып, мәселе жал­пы­халықтық референдумда ше­шіледі деген еді. Осылайша, тал­қы­лау шын мәнінде бір жыл емес, одан да көп уақытқа со­зыл­ды. Жолдауда айтылған ше­тел­дік инвесторларды тарту, өң­деуші өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылымды ны­ғайту, жасанды интеллект пен цифр­лы технологияны дамыту, қоршаған ортаға мән беру – бәрі де еліміздің энергетикалық тепе-теңдігіне бағытталған іс-шаралар. Еліміз энергия көздерін әртараптандыруға, оны эко­номиканың барлық саласына бағыттауға қаншалықты қа­білетті. Егер тұтынылатын энергия көлемін, электр энергиясымен жұмыс істейтін техноло­гиялардың ену дәрежесін ескере отырып, атом электр стансасы бар елдердің энергетикалық жүйесінің орнықтылығын атом стансасы жоқ елдермен салыс­тырсақ, айтарлықтай айқын тұжы­рым жасауға болады.

 

Ғазиз Әбішев,

саясаттанушы