Роботтар күн өткен сайын жетіліп келеді. Адамнан аумайтын құлтемірлерге көзіміз де үйренді. Ал енді мысыққа тамақ беріп отырған робот көрсеңіз, таңғалмаңыз.
Қытайлық компания «Astribot S1» атты әмбебап робот жасады. Ол тіршілікке қолқабыс болып қана қоймай, иесінің көңілін де аулайды. Ол музыкалық аспапта да ойнайды, мысықты тамақтандырады, бәліш пісіреді, шай қайнатады. Жылдам қолдары мен икемділігінің арқасында басқа да істерді мінсіз орындайды.
1,5 шақырым құрақ
Отандық ісмерлер құрақ тігуден рекорд жаңартпақ.
Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойынында ұзындығы 1,5 шақырым болатын құрақ тігіледі. Шеберлер айрықша туындысын «Аламан құрақ» деп атапты. Құрақ құрауға елдің барлық өңірінен 500 тігінші қатысады. Өңір-өңірдегі ісмерлер дайындықты бастап кетті. Қазір құрақтарын түгендеп жатыр. Алдын ала әр өрнекті, матаны таңдап, ұзыннан ұзын тігілген құрақты халыққа тарту етпек.
Топырақ астындағы зертхана
Мысырлық археологтер Кафр-әл-Шейх провинциясынан көне астрономиялық обсерватория тапты.
Ғалымдардың зерттеуінше, топырақ астынан шыққан нысан біздің заманымызға дейінгі VІ ғасырда салынған. Өңделмеген кірпіштен қаланған ғылыми мекеме жергілікті ғибадатханалардың бірінде орналасқан. Одан күн сағаты, өлшеу құралдары секілді түрлі жәдігер табылған. Көне обсерватория әлі толық зерттеуден өткен жоқ. Мамандардың айтуынша, ол – осыған дейін анықталған астрономиялық мекемелердің ішіндегі ең ірісі.