Қазақ спорт және туризм академиясы Париж Олимпиадасының күміс және қола жүлдегерлеріне тегін грант берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кетерлігі, Париж Олимпиадасында ел қоржынына түскен жеті медальдің бесеуін академия түлектері иеленген. Осыған байланысты оқу орны Олимпиада жүлдегерлерін 1-курс студенттерімен кездесуге шақырған.
Бұл білім ордасы үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш. Сондықтан Демеу Жадыраев, Нариман Құрбанов, Ғұсман Қырғызбаев, Назым Қызайбай, Ислам Сәтбаев сынды спортшылардың есімдері енді білім ордасының Олимпиада жүлдегерлері стенд тақтасына алтын әріппен жазылады. Ел мақтанышына айналған спортшыларымыз оқуға енді қабылданған 1-курс студенттері мен өзге де ізбасарларына ақыл-кеңестерін айтып, үлкен мотивация берді, - деп жазды академия өз парақшасында.
Ал Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Демеу Жадыраевқа докторантурада, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевқа магистратурада тегін білім алуға мүмкіндік беретін Академия грантын табыстаған.
Практика жүзінде білген-түйгенімізді енді теориямен ұштастыруға, ғылыми тұрғыда ізденуге мүмкіндік берген, өзім оқыған академия басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Ал артымыздан еріген жас өрендерге сәттілік тілейміз. Алға қойған мақсаттарыңа жетуден ешқашан шаршамаңдар, - деді Олимпиаданың күміс жүлдегері Демеу Жадыраев.
Естеріңізге сала кетейік, жазғы Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен Демеу Жадыраев «күміс», спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов «күміс», ал Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан «қола» медаль жеңіп алды.