Жалпы, әр жылғы Жолдаудың бір-бірінен айырмашылығы және үнемі байланысы болады. Олай дейтін себебім, мәселен, 2022 жылғы Жолдауда негізінен саяси бағыт басым еді. Ал былтыр Президент көбіне экономикалық мәселелерге кеңірек тоқталды. Биылғы Жолдауда негізінен барлық сала, біраз бағыт қамтылды. Өзім «Ауыл» партиясының мүшесі болғандықтан, Жолдауда айтылған оннан аса бағыттың ішінен мені асыраушы салаға қарата айтылған мәселелер көбірек қызықтырды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты Үкіметтен беріліп жатқан қаржының жетпіс пайызы мемлекеттік бюджеттің ақшасы екенін атап өтті.
Осыны дұрыс игеру керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы субсидия мәселесін азайтып, орнына тауарлы-кредит беруді көбейту керектігін баса айтты. Бұл мәселені мен депутат ретінде де, азамат ретінде де бұрыннан қозғап жүр едім.
Жалпы, мен субсидия беруге қарсымын. Өйткені оның айналасын жемқорлық та айналшықтап жүреді. Егер Мемлекет басшысы айтқан шаруаларға тауарлы-несие немесе төмендетілген несие берілетін болса, біріншіден, ол жерге сыбайлас жемқорлық жоламайды. Екіншіден, несиенің үстіндегі мөлшерлемесі төмен болатын болса, оған орта бизнес те, шағын бизнес те, ауылшаруашылық тауарларын өндіретін фермерлер де қызығушылық танытар еді. Банктен несие қаражатын алғаннан кейін кез келген адам бұл ақшаны қайтаруға борышты, мүдделі болады. Сондықтан бұл жерде жемқорлық жүрмейді. Президенттің осы төңіректе айтқан бастамалары көңіліме қонды.
Жұмысшы кәсіп иелерінің қатарын көбейту бастамасы да қолдауға тұрарлық. 2016 жылы Иранға іссапармен барғанымда осы мәселені көрдік. Сол кезде-ақ Иранда жұмысшы тап өкілдері өте қатты дамып келе жатқан. Қазір ол ел орта және шағын бизнесте жоғары деңгейге жетті. Біздің ШОБ қазір 7 пайызда тұр. Президент 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізуіміз керектігін баса айтты. Осы межеге жеткізе алмай келе жатқан себебіміз неде? Бұл бірінші кезекте жұмысшы мамандықтардың тапшылығының салдары. Жұмысшылар шын мәнінде жоқ. Елімізде 580 мыңға жуық студент колледжде оқиды екен. Олар оқуын аяқтаған соң, егер шын статистикаға сүйенсек, 50 пайызы жұмысқа тұрмайды. Өйткені колледж бітірген маманды бізде ешкім жұмысқа бірден алмайды. Барлық колледж жұмысшы мамандарды даярлап жатқандай көрінеді, бірақ олардың ешқайсысында кәсіби біліктілік жоқ. Одан бөлек, дуалды оқыту дегенге де мен аса қатты сенбеймін.
Мекемелер мен өндіріс орындары өздеріне қажетті мамандарды колледждер мен ЖОО-ларға тапсырыспен оқытпайынша, біз жұмысшы мамандарды даярлай алмаймыз. Мемлекет басшысының айтып отырғаны – осы мәселе. Өйткені қазір біздің құрылыста, бау-бақша саласында да көбіне көршілес елдердің азаматтары жүргені белгілі. Неге осы жұмыстарды өзіміздің отандастар атқармайды? Сол себепті Қасым-Жомарт Кемелұлы қол еңбегі өкілдерінің мәртебесін көтеріп, жағдайын жасап, оларды марапаттаудың жолдарын қарастыру керектігін жақсы айтты. Жалпы, жұмысшы тапты көтермелеуіміз керек екені рас.
Сонымен қатар Президент банк саясатын өзгерту керектігін де міндеттеді. Яғни Жолдауда цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету, банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды екені орынды айтылды. Бір сөзбен айтқанда, банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. Бұл ретте Президент Банктер туралы жаңа заң қажеттігін ұсынды.
Расында, банк жүйесіне күрделі өзгерістер енгізу уақыты осыдан оншақты жыл бұрын келген. Себебі несиенің пайыздық мөлшерлемелерін көршілерімізбен, өзге елдермен салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Президенттің осы банктік саясат төңірегіндегі жаңа заң қажет дегенін Парламентке халықтың жеңілдетілген несие алу арқылы кәсібін дөңгелетіп, тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған нормативтік-құқықтық базаны жасақтау жөніндегі тапсырмасы деп ұқтым.
Ерболат САУРЫҚОВ,
Мәжіліс депутаты