• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ 04 Қыркүйек, 2024

Кәсіптік білім - басым бағыт

105 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын мұқият тыңдадық. Ел күткендей биылғы Жолдауда да эко­номикалық өсімді қамтамасыз ету және инвести­ция­лық тартымдылықты арттыру мәселелері күн тәртібіне шығарылды.

Білім мен ғылым саласының өкілі ретінде, осы бағыттағы бастамаларға тоқталуды жөн көрдік.

Біріншіден, Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау бастамасы көптің көңілінен шықты. Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау – маңызды мәселе. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауға мол мүмкіндік туатынын сөз еткен Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керектігіне назар аударды.

Ұлттық құрылтайдың Атырау­да өткен отырысында құндылықтар қатарында қамтылған еңбекқорлық пен кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс екенін, оның ұлттың сапасын жаңа деңгейге арттыры­руда да айтарлықтай септігі бар екенін атап өтіп, еңбек адамының мәртебесін көтеруге мән беру керектігін жеткізді. Иә, жас ұрпақты жастайынан адал азамат болуға бейім­деп, адал еңбектің қадірін арттырып, адал табыс табуға тәрбие­леу – аға буын өкілде­рінің парызы. Мемлекет бас­шысының: «Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты баға­сын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет» деген сөзін де аға буынға артқан сенімі деп қабылдағанымыз абзал.

Екіншіден, орта білім мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының міндеттеріне қатысты көкейкесті мәсе­ле­лерге тоқталғанда, мұғалім­дер­дің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлу керектігі баян­далды. Үздік оқу бағдар­ламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екеніне екпін түсіре айтқан Президент педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керектігін тапсырды. Реті келгенде, білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз сарапшылар тобының басшысы ретінде, елімізде педагог-маман даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды одан әрі жетілдіре түсу жөн болар еді деген сараптамалық пікірімізді де айта кетуді жөн көрдік.

Балаларды мектепке даярлау мәселесіне айрықша назар аудару, мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісінде мемлекетпен қатар ата-аналар да жауаптылығын арттыру мемлекеттік мәні мол мәселелер қатарында екенін қаперде ұстауға үндеген Мемлекет басшысы білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға даңғыл жол ашылатынын атап көрсетті.

Үшіншіден, Жолдауда жоғары білімді кадрлар даярлау мәселесі көтерілді. Атап айтсақ, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажеттігі мен болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керектігі туралы тапсырмалар жүктелді.

Жоғары білімді интернационалдандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанынына оң баға берген Мемлекет басшысы елі­мізде ашылған шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орнына мейлінше қолдау көрсетіп, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты бір­тіндеп көбейткен жөн екенін және білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға осындай мүмкіндіктер туғызу керектігін тілге тиек етті. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайтуға көңіл бөлу керектігін тапсырды.

Төртіншіден, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін одан әрі арттыру мақса­тын­да инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-техно­ло­гия­лық ба­сым­дықтарымен үйлестіру қажеттігін, жоға­ры оқу орын­дарындағы қолдан­ба­лы ғы­лымның әлеуетін арттыруды және Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қол­данатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс екенін міндеттеп, келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосуды тапсырды. Бұл тапсырмаларды орындауға атсалысу – бар­шамыздың парызымыз.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі