• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ 04 Қыркүйек, 2024

Ортақ мақсаттарға жетелейтін маңызды диалог

92 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталды. Елдің ертеңі үшін ең қажетті үш мәселенің төркіні мен шешілу жолдары тарқатылды. Яғни еліміздегі құқықтық және экономикалық реформаларға, әлеуметтік әділеттілік пен қоғамдағы оптимизмнің күшеюіне ерекше көңіл бөлінді.

Әділеттілік, заң мен тәртіп, экономикалық тұрақтылық және халықтың оптимизмі – мем­ле­ке­тіміздің тұрақты дамуы­ның негізі. Бұл жолғы Жолдауда елдің кадрлық әлеуетін арттыруға ерекше мән берілген. Мемлекет басшысы экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, су, энергетика, құрылыс және басқа да салалардағы кадр тапшылығын жоюды маңызды міндет ретінде жүктеді.

Президент Үкіметке жоғары білім беру саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпал­дастыру жұмысын жалғас­ты­руды тапсырды. Қазір елімізде шетелдік 23 жоғары оқу орны қызметін бастағанын, оларға қолдау көрсету керектігін және мемлекеттік тапсырысты арттыру қажеттігін айтты. Сонымен бірге гранттардың сапалы білім беруге ықпал етуге тиіс екенін, ал қаржыны дұрыс әрі мақсатты түрде жұмсау керектігін ескертті. Білім беру саласында бәсеке болған жерде мықты мамандарды даярлауға, оқу үдерісінің сапалы болуына, ең маңыздысы, ата-аналар тарапынан да таңдау жасауына мүмкіндік болары анық.

Сондай-ақ инновациялық сая­сатты ғылыми-технологиялық басымдықтармен үйлестіру қа­­жет­тілігі де көтерілді. Бұл қадам әр саланың инновацияла­рын дамытуға серпін беріп, қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыруға жол ашары хақ. Президент техникалық және кәсіп­тік білім беру мекемелерінің де білікті кадрлар даярлаудағы рөлін атап өтті. Үкіметке колледж түлектерін мемлекеттік қызметке қабылдау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Мемлекет басшысының кәсіптік білім саласына реформалар жасау туралы айтқан ойлары еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақ­тылығын нығайтуда үлкен мәнге ие. Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялай отырып, осы саладағы реформалар арқылы қоғамда еңбекқорлық пен кә­сібилікті дәріптеу қажеттігін ерекше атап өтті. Себебі өз ісінің мамандары дәріптелген қоғамда ісіне шексіз берілген нағыз пат­риот адамдар саны артары тү­сі­нікті.

Еңбек адамының мәртебесін көтеру – бұл тек экономиканы дамытуға ғана емес, сонымен қатар қоғамда адал еңбекке деген құрметті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мем­лекет басшысының «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты біздің болашағымызды анықтайтын негізгі ұстаным болуға тиіс. Өз ісін жетік меңгерген, жауапкершілікті терең сезінген мамандар ғана елдің дамуында маңызды рөл атқара алады.

Президенттің мұғалімдерге, дәрігерлерге, мәдениет қайрат­керлеріне құрметті атақтар беру туралы бастамасы да қоғамда еңбекке деген оң көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл бастаманың аясын кеңейту – біздің қоғамымызда еңбекқорлық пен кәсібилікті жоғары бағалаудың маңызды қадамы.

Кез келген еңбек қадірлі болу­ға тиіс. Әрбір адам өз ісіне адал, кәсіби және жауапты болуы арқы­лы ғана елдің тұрақты дамуы­­на үлес қоса алады. Бұл – біздің қоғамымыздың басты ұста­ны­мы болуы қажет.

Елімізде энергия тап­шы­лығының күшейіп келе жат­қанын, сенімді және эколо­гиялық таза қуат көздерінің қажет­тілігін ерекше атап өтті. Осы орайда, атом энергетикасын да­­мыту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Президенттің айтуын­­­ша, экономиканың қарқынды дамуы энергияға деген сұраныс­ты арттырады, ал мұндай сұра­нысты тек атом энергетикасы қанағаттандыра алады. Қазіргі уақытта әлемнің 30-дан астам елінде 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр, бұл олардың тиімділігін көрсетеді.

Еліміздің ұлттық мүдделері мен ұзақмерзімді даму жоспарларын ескере отырып, біз де осы бағытта алға қарай жылжуымыз қажет. Президент атом электр стансасын салу туралы шешімді байыппен қабылдау қажеттігін, мұндай стратегиялық маңызды қадамдарды қоғамда кеңінен тал­қылаудың өзектілігі туралы бірнеше рет атап өтті.

Ел өміріндегі әрбір маңызды шешім, соның ішінде атом электр стансасын салу мәселесі, жұртшылықтың қатысуымен қабылдануға тиіс. Осыған орай Президент атом электр стансасын салу туралы жалпыұлттық референдум өткізуге шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл референдум 2024 жылдың 6 қазанында өтетін болды. Референдум қоғамдағы кең ауқым­ды диалогтің айқын көрі­нісі болмақ және «Халық үні­­не құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асырудың тағы бір қадамына айналады. Мұндай қадамдар арқылы елі­міз­де жаңа қоғамдық-саяси мәдениет қалыптасады және маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісі жасалады. Президенттің бұл бастама­сы қоғамды ортақ мақсаттарға жете­лей­тін маңызды диалогтің негізі.

 

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Мәжіліс депутаты