Ашылғанына небәрі алты ай болған Атырау жастар театры Астана қаласына гастрольдік сапармен келді. Конституция күні аясында өткен сапар барысында өнер ұжымы елордалық көрерменге Мұқанғали Томановтың авторлығы және режиссерлігімен «Жәннат», Бердібек Соқпақбаевтың повесі бойынша дайындалған «Менің атым Қожа» қойылымын ұсынды.
«Жәннат» – деструктивті діни ағымдардың қатері туралы қойылым. Отбасының арқасүйер азаматы дүние салғаннан кейін баласы Сүйініш радикалды діни ұйымның қатарына қосылады. Санасын тұман, көңілін күмән торлаған жас жігіт қазақы таным-түсінікке қырын қарай бастайды. Ақыры жанашыр адамдар бауырларынан, ең қорқыныштысы, туған анасынан алыстай бастаған жігітті отбасына қайтарудың амалын іздейді.
«Қоғамдағы көптеген бүліктің басы болып отырған діни ағымдардың идеологиясына өнер арқылы қарсы тұруды көздедік. Тура жолдан тайып, опық жегендердің жан азабын көрген жұрт бұдан өмірлік сабақ алады деген сенімдемін», дейді жастар театрының жетекшісі әрі қойылымдағы ана рөлін сомдаған Гүлнұр Қайырлиева.
Қойылым режиссері Мұқанғали Томанов бұдан бұрын Шыңғыс Айтматовтың «Мәңгүрт», Рақымжан Отарбаевтың «Бас», Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» драмаларымен таныс. Оның кіріскен жұмыстарын сараптай отырып, шығармашылық зертханасында адам жанын басты орынға қоятынын байқаймыз.
«Мен әрбір қойылымда адамның сыртқы келбетінен бұрын жанына үңілуге, ішкі жан дүниесін ашуға баса мән беремін. Көпшілік адам қазір өмірінде не болып жатқанын ешкімге, тіпті жақындарына да білдірмейді. Міне, мен соны ашып көрсетуге тырысамын. Бұл ретте ұзын-сонар монологтер емес, эмоция, пластикалық шешімдер арқылы ішкі көңіл күйді жеткізу маңызды. Театр деген үнемі өзгеріп, дамып отыратын құбылыс тәрізді, сондықтан нағыз шығармашылық ізденістер мен жетістіктер алда дегім келеді», дейді режиссер.
Ал екінші қойылым – биыл туғанына 100 жыл толып жатқан көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың повесі бойынша дайындалған «Менің атым Қожа» спектаклі. Актерлердің образы көпшіліктің көңілінде жақсы жатталған, Абдолла Қарсақбаев түсірген фильмнен алшақ кетпеген.
Бұдан бөлек, театр репертуарында «Үйлену оңай» комедиясы мен «Клеопатра» драмасы бар. Театр директоры Әміржан Нұрланұлының айтуынша, алдағы уақытта ұжым Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрымен селбестік орнатып, бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап отыр.