Бүгінде еліміздің шығысындағы шалғай елді мекендерде сапарын жалғастырып жатқан «Саламатты Қазақстан» пойызының медицина қызметкерлері өткен аптада, яғни 26 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында ақысыз 613 адамның денсаулығын қарады, олардың 180-і – бала. Жылжымалы құрамдағы медиатор мен заңгер мамандар болса, тиісті мерзімде әлеуметтік-еңбек құқығы мәселелері бойынша Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының 177 тұрғынына кеңес берді.
Мамыр айының басында сапарға шыққан пойыз ұжымы бұған дейін Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында болды. 44 610 азаматты (оның ішінде 13 034 бала) медициналық қызметпен қамтыған дәрігерлер еңбегінен тыс, медиатор мен заңгерлер 2 431 арызды қарастырып, жергілікті азаматтардың құқықтық, еңбек кикілжіңдерін шешуге күш салды. Мәселен, Ауыл, Белағаш, Тишинская және Черемшанка стансаларында пойыз заңгерлері көпбалалы отбасыларға, мүгедекті бар адамдарға, зейнеткерлерге қолұшын созып, мұрагерлік, шипажайда емделу, шағын қаржы ұйымдарына берешек, зейнетақыны алдын ала есептеу, алимент, мүлікті бөлу, салық есебін тапсыру, еңбек даулары бойынша арыз-шағымдарды зерделеді.
«Саламатты Қазақстан» пойызында заңгерлерді көріп таңғалдым. Медиатор Шолпан Ағзамқызы мені мұқият тыңдап, мәселемді шешіп берді, Конституция күні еңбек құқығымды лайықты қорғай алды. Кәсіби, сауатты түрде көрсетілген көмекке шын жүректен алғыс айтқым келеді», дейді Абай облысының Ауыл стансасында құқықтық кеңеске жүгінген көпбалалы ана. Нәтижесінде бұл тұрғынға бала күтімінен соң жұмысқа шыққанда мектепте қысқарып қалған еңбек сағаттары, яғни отбасы кірісі қайта қалпына келтірілді.
Пойыз вагондарында қабылдау 13.00–14.00 түскі үзіліспен сағат 09.00–18.00 аралығында жүргізіледі. Азаматтарда өздерімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті.
Осы орайда шығыс аймақта орналасқан Алтай, Таусамалы бекеттерінде пойыз жанында демеушілердің қолдауымен арнайы қайырымдылық концерттері өтіп жатыр. Концерттер легі өңірлерде жыл аяғына дейін жалғасады.
Еліміздің барлық өңіріндегі 140 алыс бекет пен олардың маңайындағы ауыл-аймаққа тегін медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуге арналған пойыздың қозғалыс кестесі шалғай мекендерде медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде әзірленді. Жоба дәрігерлері орташа алғанда әр стансаға 1-2 күн тоқтап, ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. Зертханалық әдістерді қолдана отырып науқастарды тексереді.
Құрам қызметіне 40 маман жұмылдырылды. Атап айтқанда, денсаулық керуенінде терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика, жалпы тәжірибе дәрігері, рентгенолог, жүрек, тіс, көз, құлақ, тамақ және мұрын дәрігері, онколог-маммолог, гинеколог және уролог сынды білікті дәрігерлер және көмекші мамандар бар. Қажет жағдайда дәрігерлер шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама береді. Ал медиатор мен заңгер халыққа дауды сотқа дейін шешу секілді өзекті мәселелер жөнінде кеңес беріп, азаматтардың зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу туралы сұрақтарына жауап береді.
Әлеуметтік жоба Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асып жатыр.
«Көбінесе шалғай ауылдарда ауруханалар болмайды және тұрғындардың барлығы кез келген уақытта аудан орталығына бара алмайды. Оның үстіне биыл, баршаңызға белгілі, бірқатар өңірді су алып, қиындық туындады. Ал медициналық пойыз жағдайында балаларды қаратып, ересектердің өзіне де барлық маманнан бірден кеңес алудың жақсы мүмкіндігі туындады. Пойызға ең заманауи медициналық жабдықтар қойылып, тіпті адамдарға шағын оталар жасау қарастырылған», дейді Альфия Адиева.
Жалпы, 2010–2023 жылдар аралығы медициналық пойыздар 1 991 стансада болып, 658 407 адамның, оның ішінде 142 660 баланың денсаулығы тексерілді. Тек 2023 жылы ғана 100 мыңға жуық ауыл тұрғынына ақысыз жәрдем жасалып, 8 айдың ішінде барлық 17 облыстағы 121 шалғай станса қамтылды. Осылайша, орташа алғанда пойыз 18 мың шақырымға жуық жол жүріп, 88 994 азаматтың денсаулығын жақсартуға үлес қосты. Оның ішінде 19 222-сі – бала. 9 802 адамға ақысыз құқықтық және медиативтік, яғни татуластыру көмегі көрсетілді.