Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың биылғы Жолдауы ел күтіп отырған көптеген маңызды мәселені қамтыды. Жолдаудың мазмұны – «есітуші мемлекеттің» нағыз көрінісі. Бірнеше мәселеге тоқталғанды жөн көрдік.
Бірінші, банктерге қатысты жаңа заң қабылдау туралы. Ашығын айту керек, бүгінгі таңда елдегі банктер жүйесінің экономикаға жасап жатқан қызметі төмен. Олардың ішкі тірлігіне ешкім де араласа алмайды. Араласқымыз да жоқ. Өкініштісі – банктердің экономика саласындағы кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді нақты жобалар бойынша қаржыландырмауы. Мүмкін санаулы жобалар, таңдаулы кәсіпкерлер бар шығар. Менің білетінім – орта және шағын кәсіпкерлердің олардан қаржы алуының қиындығы, пайыздық көлемінің жоғарылығы, қағазбастылықтың көптігі.
Бірақ банктердің барлығының да қаржылық жағдайы мықты, топ-менеджерлерінің жалақасы жоғары, триллиондаған қаржы қозғалыссыз есепшоттарында жатыр. Сондықтан да Президенттің бұл саладағы салық мөлшерін әділ белгілеу, банктердің акционерлерінің дивидендтеріне сәйкес салық төлеуі керек екендігі туралы айтқаны өте орынды. Қабылданатын заңда осы және басқа да мәселелер нақтылануы керек.
Екінші, шағын және орта бизнесті қолдау жайы. Президент орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 2029 жылға қарай 15 пайызға жеткізу туралы Үкіметке тапсырма берді. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз ғана. Дамыған мемлекеттерде шағын және орта бизнестің үлесі 60-70%-ға дейін жетеді. Яғни, халықтың басым бөлігі өз кәсібімен айналысады, өзін-өзі қамтамасыз етеді. Президенттің тұрғындардың орта буын санатын қалыптастыру керек дегені – осы. Егер тұрғындардың жартысынан астамында өз баспанасы, автокөлігі, балаларын оқытуға мүмкіндігі, өзіне жетерлік табысы болса, экономиканың дамығандығының негізгі көрсеткіші де сол болмақ.
Үшінші, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша айтылған нақты мәселелер. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшіру керек. Шаруалардың біраздан бері айтып жүргені де осы: ұзақ мерзімге, арзан пайызбен несие берілсе – жауапкершілік те артады, мемлекеттің қаржысы да шығын болмайды.
Ауыл шаруашылығындағы статистиканы шынайыландыру осы саланы дамытудың нақты негізін қалайды. Мемлекеттік қолдау көбейгенімен, нақты көрсеткіштердің жақсармауының себебі де осында.
Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өндіруге, өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру – ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің артуына, бағаның төмендеуіне оң әсер ететіні даусыз. Ауыл азаматтарының, жақсы қолдау болса, есігінің алдындағы шаруашылықпен өзін де, өзгені де көкөніспен, бау-бақша өнімдерімен, ет, ірімшік, сүт-маймен қамтамасыз ететін мүмкіндігі толық бар. Тек оларды сатып алу, сақтау, нарыққа шығару инфрақұрылымын жасау керек.
Президент Жолдауында қаржы-несие, салық саясатына, индустрияны дамытуға, инфрақұрылымды, кадрлық әлеуетті арттыруға, экология, медицина, білім, спорт салаларына қатысты көптеген маңызды тапсырмалар беріліп, нақты мақсаттар белгіленді. Солардың заңнамалық негіздерін қалыптастырудағы зор жауапкершілікті Парламент депутаттары да толық сезінеді деп сеніммен айта аламын.
Әли БЕКТАЕВ,
Сенат депутаты