Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауын аса ынтамен тыңдадық. Біз Мемлекет басшысының әділетті қоғам құруға және елді дамытуға бағытталған саясатын толық қолдаймыз.
Мемлекет басшысы Жолдауында орта білім мәселелеріне ерекше назар аударды. Ұлттық жоба «Жайлы мектеп» аясында 2025 жылдың соңына дейін 217 заманауи мектеп салу жоспарланған, олар заманауи технологиялармен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталады. Бұл – оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы жағдай жасайды. Бүкіл ел бойынша 1 300 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, мыңдаған балаға арналған оқу жағдайы жақсаратынына сеніміміз мол. Сонымен қатар Президент мұғалімдерді қолдау маңыздылығын атап өтіп, биылғы оқу жылында педагогтер мен оқытушылардың жалақысы өсетінін айтты. Бұл – ұстаздық қызметтің беделін арттыруға және білім беру саласына жас мамандарды тартуға бағытталған, еліміздің болашағы үшін өте маңызды шешім. Мемлекет басшысы білім беру жүйесінде заманауи технологияларды енгізу, білім мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту және педагогтердің біліктілігін арттыру қажеттігін атап өтіп, тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз осы маңызды салада елеулі жетістіктерге жете алатынымызды жеткізді.
2023–2024 оқу жылында 1 642 оқушы 31 халықаралық олимпиадалар мен конкурстарға қатысып, 473 медаль жеңіп алды. Нақтырақ айтсақ, қанжығамызда 58 алтын, 169 күміс және 246 қола, 51 грамота бар. Білім бәсекелерінің ішінде 7 беделді әлемдік олимпиада ерекше назар аударуға лайық. Бүгінгі күні оқушылар ең ауқымды «IMO», «IPhO», «IBO», «IOL», «ІСһО», «IGeO» алты халықаралық олимпиадаларға қатысып 2 алтын, 9 күміс, 11 қола, 1 грамотаға ие болды.
Сондай-ақ Жолдауда цифрландыру мәселелеріне де үлкен мән берілді. Президент Астанада жасанды интеллектінің Ұлттық орталығын құру туралы жариялап, бұл жаңа буын мамандарын даярлауда маңызды қадам болатынын ашық айтты. Бұл бастамалар цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және ел азаматтарына жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Біз білім беру жүйесінде берілген мүмкіндіктерден шабыт алып, осы маңызды жобаларды жүзеге асыруға өз үлесімізді қосуға дайынбыз.
Ғаждембек ТҰРСЫНОВ,
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры