Абай облысы аумағында шешімін таппай келе жатқан мәселе жетерлік. Соның бірі – ауыл шаруашылығы саласын өрістететін жайылымдық жерлер жайы. Облыс аумағы 18,5 млн гектарды жерді құрайды. 9,2 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің негізгі алаңын жайылым (7,9 млн гектар), егістік (812,9 мың гектар) және шабындық пен тыңайған жер (334,4 мың гектар) алып жатыр. Бұл аумақта 9,8 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмыс істейді.
Өңірдегі Абай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар және жаңадан құрылған Жаңасемей, Мақаншы аудандарының тұрғындары жайылым жетіспеушілігін жыр қылып айтып отыр. Аймақтағы жайылымдардың жалпы көлемі 2,4 млн гектарды құраса, кейінгі жүргізілген мал санағының нәтижесіне сәйкес жайылымдық жер жетіспеушілігі 287,9 мың гектарға жеткен.
«Қазір жайылымдық жер тапшылығын жою үшін шалғайдағы мал шаруашылығы үшін бос жерлерден жер учаскелерін беру жұмыстары атқарылып жатыр. Өңір тұрғындарының өтінішін орындау бойынша қайтарылған немесе пайдаланылмайтын жерлерді айналымға тарту ісі бақылауға алынды. Жетіспеушілік туғызып отырған жерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін елді мекендерге жақын жер учаскелерінің берілуіне байланысты. Яғни қолданыстағы заңнамаға сәйкес елді мекенге жақын орналасқан жер учаскесі жергілікті тұрғындардың малын жаю үшін пайдаланылуы керек. Бірақ мұндай аумақтардың ауыл шаруашылығы мақсаты үшін пайдаға асатын тұстары бар. Сол себепті, мал шаруашылығына арналған жайылым аумағы қысқарып жатыр», дейді облыстық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Анзор Абаев.
Ведомство басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін ел игілігіне қайтару жұмыстарын жүргізіліп жатқанын алға тартты.
Жыл басынан бері пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару туралы жер комиссиясының төрт отырысы өткізілген. Нәтижесінде, 111,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Өткен жылы пайдаланылмай жатқан 255,5 мың гектар жер ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылған көрінеді.
Абай облысы