Астанада жолдардың бұзылуын болдырмауға арналған автокөлікті өлшеудің автоматтандырылған жүйесі ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл жүйе жүк көліктерінің салмағын бақылауға, өзге де көліктердің кедергісіз жүруі үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Автоматтандырылған жүйе биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап іске қосылды. Автокөліктің шамадан тыс салмағы анықталған кезде жүйе автоматты түрде фотофиксация жасап, ақпарат көлік дерекқорының ақпараттық-аналитикалық жүйесіне беріледі. Бұл Көлік комитетіне салмақ нормаларынан асып кетуге байланысты құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды жедел жіберуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, автоматтандырылған өлшеу жүйесі қалаға негізгі кіреберістерде: Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Қосшы қалалары, сондай-ақ Қараөткел және Малотимофеевка кенттері тарапынан орнатылған.
Еске сала кетейік, айыппұлдардың мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне байланысты және кәсіпкерлік түріне байланысты – шағын, орта немесе ірі – 40 АЕК-тен (147 мың 680 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін өзгеруі мүмкін.
Осылайша, көлік құралдарының рұқсат етілген массасы төменде келтірілген нормадан (тоннамен) аспауы тиіс:
үш осьті (М3 санатындағы буынды автобустарды қоспағанда) – 25 тонна; төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна; бес осьті – 38 тонна - алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.«Сараптамаға сәйкес ауыр жүк көліктері (самосвалдар) тасымалдау барысында қолданыстағы нормадан 1,5-2 есе артық жүк тасымалдайды. Демек, нормаға сәйкес 25 тонна жүк тасымалдауға рұқсат болса, 35-40 тонна жүк тиілген фактілер тіркеліп отыр. 2023 жылдын басынан Көлік Министрлігі Астана әкімшілігімен бірлесе арнайы автоматтандырылған өлшеу жүйелерін орнату бойынша жұмыс бастап кетті. Олар қалаға кіреберіс жолдарда 7 жерден орнатылған. Елорда маңындағы 29 карьерден жүк тасымалдайтын 6300 ауыр жүк самосвал көлігі тіркеліп отыр. Бұл реттегі біздің басты мақсатымыз — бар жолдарды мезгілсіз бұзылуына жол бермеу», деді Көлік министрлігі автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әлі.
Бұл жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға және адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін бұл жүйені еліміздің басқа өңірлерінде енгізу жоспарланған.