• RUB:
    5.35
  • USD:
    482.94
  • EUR:
    535.97
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 01:28

Тұрақты дамудың негізі

19 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы әдеттегідей ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға, ел экономикасын көтеруге, сондай-ақ қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құнды құжат болуымен ерекшеленді. Қоғам ішінде соңғы кездері қандай түйткілді мәселелер көтеріліп жүрген болса, соның барлығы ел үмітін арқалаған Жолдаудан көрініс тауып отыр.

Президент алдағы уақытта шұғыл қолға алынып, атқарылуға тиіс тоғыз жұмыс бағытын атап айтты. Оның қай-қайсысы болсын, елдің ертеңі үшін өзекті, уақыт сұранысынан туындап отырған күн тәртібіндегі мәселелер. Мәселен, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздік, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелердің бәрі де алдағы уақытта жаңаша қарқынмен қолға алынып, өз шешімін таппақ.

Жоғарыда айтқанымдай, Президент Қ.Тоқаев елдің әл-ауқатын көтеруге үнемі жіті көңіл бөліп келеді. Сондай-ақ ұлт денсаулығын нығайту мен әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Жолдауда 2025 жылдан бастап «Әлеуметтік әмиянды» енгізу арқылы әлеуметтік қолдау тетіктерін қайта қарау міндеті қойылып отыр. Бұл халықтың мұқтаж топтарына барынша атаулы және нақты көмек көрсетуге мүмкіндік бермек. Шын мәніндегі мұқтаж жандар мемлекет тарапынан тұрақты қолдау табады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік әділеттілікті арттырып, өмір сүру сапасын жақсартады.

Сонымен қатар, Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға да көп көңіл бөлінген. Бұған бюрократиялық процедураларды қысқарту және басқарудың барлық деңгейінде заманауи басқару әдістерін енгізу кіреді. Цифрландыру және инновацияларды енгізу мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін айтарлықтай арттырмақ.

Президент ұсынған Құжаттың әрбір бөлімінде цифрландыру құралдары арқылы салалық саясатты іске асыру тиімділігін арттыру мәселесі қозғалғанын айта кету керек. Олар салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, жолдарға интеллектуалды жүйелерді енгізу, бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе құру, «электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологияларын енгізу сынды тың бастамалар.

Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды бағыт – қоғамда заңдылық пен тәртіпті нығайту мәселесі. Тыныштығы кеткен елде даму да, өркендеу де болмайды. Бірлігі жарасқан, қауіпсіз қоғамда ғана бизнес гүлденіп, экономиканың өсуі қарқын алады. Бұл біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның әрбір мүшесінің жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты және әділ ережелерді енгізу – тұрақты дамудың негізі.

Атом электр стансасын салу – елімізде көптен көтеріліп жүрген тақырыптардың бірі. Жақын тарихта болған түрлі апаттарды қаперге алған ел тұрғындары бұрын АЭС мәселесіне үрке қараған болса, соңғы жылдары энергия тапшылығының анық біліне бастауына байланысты бұл қуат көзінің керек екенін түсінді. Түрлі сарапшылар қазір халқымыздың басым бөлігі АЭС құрылысын қолдайтынын айтады. Дегенмен Президент Қ.Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, республикалық референдум өткізуге шешім қабылдады. Бұл елге керек мәселе, сондықтан ол туралы соңғы шешімді де халықтың өзі қабылдауға тиіс. Ендеше азаматтарымыз белсенділік танытып, 6 қазан күні бір кісідей референдумға қатысып, дауыс бергендері жөн.

Президенттің келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – елдің болашағын ойлағаннан туған бастама десек артық емес. Шын мәнінде бізде қарапайым, бірақ қоғамға ең қажетті мамандар тапшы. Еліміз дәнекерлеушіден бастап кран машинисіне дейінгі сапалы кадрларға мұқтаж. Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылға дейін орта бизнестің экономикадағы үлесін 15 пайызға жеткізуді міндет етіп қойды. Ал бұл межеге бізді жоғарыда аталған жұмысшы мамандар жеткізері анық. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл бастамасы да ел өміріне серпін әкеліп, жастарымыздың өз болашақтарын дұрыс таңдауына септігін тигізеді деп үміттенеміз.

Жалпы айтқанда, Жолдауда айтылған әрбір ой – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамға айналары хақ. Ол үшін еліміздің әр азаматы бұл үдерістен шет қалмай, болашағымызды өз қолымен жасауға атсалысуға тиіс.

Алмас САДУБАЕВ,

Ақпарат саласының үздігі