• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Үкімет 06 Қыркүйек, 2024

Серпінді жұмысты талап етеді

64 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен жаңа басталған сессиядағы алғашқы Палата отырысы өтіп, онда сенаторлар Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген тапсырмалардан туындайтын заң шығару қызметіндегі және мәслихаттармен жұмыс барысындағы міндеттерді талқылады. Сондай-ақ бірқатар депутаттық сауал жолданды.

Жолдау аясындағы жұмыс жоспары

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Сенаттың алдағы жұмысы ел Президентінің Жолдауда айтқан бастамалары мен реформалары аясында жүргізілетінін атап өтті. Аталған стратегиялық бағыттарды іске асыру кезінде бюджеттік және әлеуметтік прагматизмге, инфрақұрылымды дамытуға, цифрландыруға және басқа да қағидаттарға баса мән беріледі.

«Кәсіпкерлер үшін тиімді шарттарды қамтамасыз ете отырып, салық режімдерін оңтайландыру жұмыстары жүргізіледі. Банк секторын экономикаға көбірек инвестиция салу үшін ынталандыру шаралары да қабылданады. Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың рөлі артып, ел экономикасына инвестиция тартуға және отандық өнеркәсіпті қолдауға бағытталған қосымша шаралар қолға алынады. Орта бизнес жаңа жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болады. Сол арқылы 2029 жылға қарай орта бизнестің экономикадағы үлесін 15 пайызға дейін жеткізу үшін қолайлы жағдай жасалады. Мемлекет басшысы энергетика секторы мен көлік саласын дамытудың нақты жолдарын да айқындап берді», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар Палата спикері АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу және келесі жылдан бастап аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте түсетінін айтты. Бюджет қаражатын тиімді жұмсауға, шығыстарды шектеуге және қатаң бақылауға арналған шаралар да қабылданады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауда берген тапсырмаларын іске асыру барысында оларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аса маңызды міндет. Бұл жұмысты Сенат Мәжіліспен, Үкіметтегі әріптестерімен және сарапшылармен бірлесіп жүргізеді. Мемлекет басшысының елдің орнықты дамуына арналған барлық бастамасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ сенаторлар отырыста «Қазақстан Республи­касының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индус­триялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызме­тін реттеу туралы келісімді рати­фи­­к­ациялау туралы» заңды қа­рады. Айта кетейік, құжат инфра­құрылым нысандарын салу үшін инвестиция тарту, кешен­ді басқару, салық салу, валюта­лық бақы­лау және өту тәртібі сияқты мәселе­лерді реттейді. Мақұл­дан­ған заң Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан арасында өндіріс, кә­сіп­керлікті қолдау және дамыту салаларындағы ынтымақтас­тықты арттыруға ықпал етеді.

 

Салық жеңілдіктері тиімді емес

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Сұлтанбек Мәкежанов экономикаға салынатын инвестиция деңгейінің төмендеуіне назар аударып, инвес­торларға берілетін салық­тық жеңілдіктерді пайдалану­дың тиімділігін сынға алды. Сондай-ақ ол кейбір жобалар­дың қаншалықты орынды екеніне де назар аударды.

Оның айтуынша, алдыңғы жылға қарағанда елімізге 2023 жылы шетелдік инвестиция аз келді. Депутат Президенттің биыл­ғы Жолдауында капитал­ды тарту үшін, әсіресе инвести­ция үшін халықаралық қызу бәсе­келестік жағдайында жедел шешім қабылдаудың маңыз­дылығы атап өтілгенін еске салды.

«Мемлекет басшысы, қолай­лы инвестициялық ахуал жасау үшін жан-жақты күш салып келеді. Бірақ соған қарамастан экономикамызда инвестицияларды тарту жағдайы жоғары дәрежеде емес. Мәселен, 2023 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 23,4 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 28,2 млрд доллар бол­ғанын ескерсек, оның 16,9%-ға төмендегенін көреміз. Мұнда бір ескеретін жайт, бұл көрсет­кіштердің төмендеуі, мемлекет­тің осы салаға көптеп көңіл бөліп жатқан жағдайында орын алып отырғандығы», деді ол.

 

Интернеттегі алаяқтық үшін жазаны қатаңдату керек

Сенатор Әсем Рахметова елімізде интернет-алаяқтықтың белең алғанына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметті осы саладағы жазаны қатаңдатуға шақырды. Бұл ретте сенатор алдын алу шаралары үшін онлайн-платформалар мен жедел желілер әзірлеуді, жасанды интеллектіні енгізуді және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарын арттыруды ұсынды.

Оның айтуынша, 2024 жылдың 8 айында 11 765 қыл­мыс тіркелген. Алаяқтар аза­мат­­тарды алдаудың жаңа тәсіл­дерін ойлап тауып жатыр. Сенатор ІІМ және басқа да мем­лекеттік органдар қа­был­­даған кешенді шара­лар­ға қарамастан, қарқынды про­фи­­лактикалық жұмысты жалғастыру керектігін айтты және халықты одан қорғауды күшейту қажет деп санайды.

«Ішкі істер министрлігі және «Қазақтелеком» АҚ-мен өзара іс-қимыл нәтижесінде антифрод жүйесімен 1,9 млн-нан астам шетелдік алаяқтық қоңырау бұғатталған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, «ауыстырылатын нөмірлерден» 58 млн шетелдік қоңырауды тоқтатқан. Ұлттық банкпен бірлесіп, антифрод орталықты құру арқылы шетелге кетіп қала жаздаған 395 млн теңге бұғатталды», деді сенатор.

Ол осыған байланысты танымал әлеуметтік желілерде тұрақты ақпараттық науқан жүр­гізуді, блогерлерді түсін­діру жұмыстарына тартуды ұсынды.

 

Жетісуды алаңдатқан сан мәселе

Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысының тұрғындарымен кездесу кезінде көтерілген өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталды. Депутат су басу аймағында орналасқан ауыл маңында Алакөл көлінің қоршау бөгеті жоқ екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ Балқаш көлінің жағалауындағы инженерлік желілердің жай-күйіне де ерекше назар аударды.

Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту үшін ауылда өмір сүруге қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл саланы дамыту мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу жөнінде жаңа кәсіпорындар ашуға ынталандыруға мүмкіндік береді. Әкімдіктер бірнеше елді мекенге жылу беру және су жеткізу, кәріз суы нысандары мен инженерлік және коммуникациялық желілер салу жөніндегі бірқатар жоба дайындады. Алайда оларды іске асыру мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр.

«Бүгінде Ақсу аудандық ауруханасына күрделі жөндеу, сейс­микалық күшейту жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Алакөл және Балқаш көліне бара­тын демалушылардың күрт өсуіне байланысты жолдағы апаттар мен басқа жағдайлар бейімделмеген ғимараттарда орналасқан ауруханаға қосымша жүктеме түсірген. Кейбір ауыр оталарды жасауға мүмкіндік болмай, пациенттерді 100 шақырым жердегі облыс орталығына жібереді. Сондай-ақ Талдықорған қалалық емха­насын бейімдеу және облыс­тық балалар ауруханасын қайта жаң­ғырту жұмыстары республи­калық бюджет арқылы шешілуі қажет», деді Ғ.Сарыбаев.

Сенатор Балқаш көлінің жағалауында инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысын аяқтау қажеттігін атап өтті. Ол демалушыларға қолай­лы жағдай туғызады. Соны­мен қатар өңірдің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы үшін көлік мәселесін шешу де маңызды. Ақсу аудандық ауруханасының ғимаратын сейсми­калық күшейту, емхана құры­лысын түзету және облыс­тық балалар ауруханасының ғимаратын қайта жаңартуды қосқанда, жалпы сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету қажет.

Бұдан бөлек, отырыста сенатор Әлібек Нәутиев Атырау облысында сметалық құнның өсуіне байланысты бірқатар бюджеттік инвестициялық жобаның құрылысы тоқтап қалуы мүмкін екенін айтты. Сенатор Үкімет басшысына жергілікті бюджеттің шектеулі мүмкіндіктерін ескере отырып, республикалық бюджеттен түзетулердің ұлғайтылған сома­ларын қаржыландыру мүмкін­дігін қарастыруды ұсынды.

Ал Руслан Рүстемов Қызыл­ор­да облысында күріш ша­руа­шылығының дамуына кедер­гі келті­ретін проблемаларды атап өтті. Сенатор қалыптас­қан жағ­дайды шешу үшін ғылы­ми негізделген және инновация­лық әдістерді енгізу керектігін айт­ты. Осыған байланысты ол Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми-техникалық инфрақұрылымын қайта құру жөнінде ұсыныс жасады.

Сенатор Арман Өтеғұлов агроөнеркәсіптік сектордың дамуын тежейтін проблемаларды атап көрсетіп, оларды шешу жолдарын ұсынды. Ол осындай шаралардың бірі отандық шаруалардың импорттық тұқымдарға тәуелділігін жою және экспортты ұлғайту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеу екенін айтты.