Ел Президентінің халыққа Жолдауында цифрлық технологияларды дамытуға баса назар аударды. Қоғамның әр саласына қарқынды еніп жатқан цифрландыру үрдісін отандық орта білім жүйесіне кіріктіру бізге жүктелген зор міндет деп білеміз.
Білім беру саласының барлық деңгейіне заманауи технологияларды енгізу білім алушылардың қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталуы қажет. Бүгінгі оқушылардың тұрғылықты жері мен әлеуметтік ортасына қарамастан сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасаудың оңтайлы құралының бірі – білім үдерісін цифрландыру.
Еліміздегі мектептердің 74%-ы ауылдық жерде орналасқанын ескерсек, білім беру үрдісінде цифрландыру игілігін пайдаға жарату ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір қысқартады.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ауылдық шағын жинақты мектептердің оқу үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу бойынша республикалық жобаларды іске асыруға белсенді атсалысты. Нақты айтқанда, 2023-2024 оқу жылында Ы.Алтынсарин академиясы Оқу-ағарту министрлігі және «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының қолдауымен «Цифрлық технологияларды пайдаланып Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» қанатқақты жобасын жүзеге асыруға қатысты. Академияның әдіскер ғалымдары Ақтөбе өңіріндегі қанатқақты жобаға оқу-әдістемелік көмек пен ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетті. Ақтөбелік ұстаздарға оқыту семинарлары, фасилитациялық сессиялар өткізіп, олардың сабақтарына қатысып, кері байланыс берді. Сонымен қатар қашықтан оқыту және біріктірілген сыныптары бар мектептердің оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Аталған жұмыстар нәтижесінде шағын жинақты ауыл мектептерінің педагогтері сабақ үстінде білім беру ресурстарын тиімді пайдалану, оқу материалдарын әзірлеуде әртүрлі цифрлы қосымшаны оңтайлы қолдану дағдыларын шыңдап, қашықтан оқыту форматында білім алушылармен белсенді қарым-қатынас орнату әдіс-тәсілдері мен бағалау жүргізуде цифрлы шешімдерді пайдалану тәжірибесін меңгерді. Ақтөбе облысының тірек және шағын жинақты мектептер педагогтерінің арасында тиімді коллаборация орнап, ауыл мектептері педагогтерінің ортақ пәндік әдістемелік топтары құрылып, тиімді оқыту әдістерін енгізуге бағытталған бірлескен жұмыстары іске асырылды.
Сонымен қатар Ы.Алтынсарин академиясының жетекшілік етуімен Солтүстік Қазақстан облысында оқыту үдерісін цифрландыру жобасы жүрді. Аталған жоба аясында шағын жинақты ауыл мектептерінің білім алушылары цифрлық білім беру ресурстарына қол жеткізді, облыстың тәжірибелі педагогтерінен білім алды, цифрлық кеңістікте жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырды, оқуға деген ынталары артты. Ал өңірдің ұстаздар қауымы қашықтықтан білім беру форматында оқыту дағдыларын жетілдіріп, озық әрі үздік тәжірибелерімен алмасып, оқыту үдерісіне өздерінің инновациялық тәсілдерін енгізу құзыретін ұштады.
Аталған жобаларды іске асырудың нәтижесінде біз шағын жинақты ауыл мектептері және мектеп жүрегі – педагогтер қауымының білім беру сапасын жақсартуда цифрлық технологиялар игілігін тиімді пайдалану өзгерістеріне дайын екеніне көзіміз жетті.
Біздің академия ғалымдары мен қызметкерлері орта білім беру саласына цифрлық шешімдерді енгізу, олардың білім алушылардың оқу жетістіктеріне әсері, білім беру үдерісінде виртуалды және толықтырылған шындықты пайдаланудың әдіснамалық, психологиялық-педагогикалық және технологиялық аспектілері бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр. Сонымен қатар педагогикалық практикада цифрлық білім беру ресурстары мен жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеп жатыр.
Асылы, қазіргі отандық орта білім беру жүйесінің өзекті мақсаты – цифрлық дәуірдің тәуекелдеріне төтеп беретін және бәсекеге қабілетті түлектерді даярлау. Осы мақсатқа жету жолында Ы.Алтынсарин академиясы орта білім беру саласын цифрландыру трансформациясын ғылыми-әдістемелік қолдау жұмысын жалғастыра береді.
Мәдина ТЫНЫБАЕВА,
Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті