Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында елдің инвестициялық ахуалын жақсартудағы белсенді әрекеттердің маңыздылығын атап өтті.
Жаһандық бәсекелестік жағдайында капиталға инвестицияны оралымды тартудың мән-маңызы айрықша. Бұл тұрғыда Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың кеңейтілген өкілеттіктері еліміздің металл өңдеу, мұнай-химия, энергетика және машина жасау сияқты негізгі салаларға инвестиция тартуға қабілетті екенін көрсетіп, дәлелдеп келеді.
Дегенмен, Қ.Тоқаев кейбір өңірлік және салалық жетекшілердің осы бағыттағы белсенділіктерінің жеткіліксіздігін, инвесторлармен жұмыс істеу тәсілін өзгертуді талап ететінін де ашып айтты. Мемлекеттік-жекеменшік, әріптестік тетіктері арқылы халықаралық қаржы институттарын тарту да инвесторларға қолайлы жағдай жасауда маңызды қадам болмақ. Осы орайда «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қою да неғұрлым еркін және бәсекеге қабілетті экономикалық орта құруға деген ұмтылысты көрсетеді.
Сайып келгенде, бұл шаралардың барлығын жүзеге асыру тікелей шетелдік инвестициялардың құлдырауын болдырмауға және еліміздің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерлер мен өзгермелі әлемдік ландшафт жағдайында еліміздің экономикалық дамуының стратегиялық көзқарасын айқын білдірді. Қазіргі халықаралық күрделі жағдайда, елдер капитал тартуда өзара бәсекеге түскен кезеңде тікелей шетелдік инвестиция көлемін сақтап қана қоймай, оны ұлғайту үшін еліміз бәсекеге қабілеттілік және икемділік танытуы керек.
Аталған штабтың өкілеттіктерін нығайту елдің инвестиция тартуға байланысты жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлерге тез арада ден қоюға дайындығын байқатады. Металдарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау секілді салалар – басымдықтар ғана емес, сонымен қатар ұзақмерзімді өсудегі стратегия. Бұл салалар экономиканы әртараптандыруды қамтамасыз етуге және әлемдік тұрақсыздық жағдайында аса маңызды шикізат экспортына тәуелділікті азайтуға қабілетті. Алайда Мемлекет басшысы орынды атап өткендей, жергілікті шенеуніктердің барлығы бұл бағытта жеткілікті белсенділік таныта бермейді. Инвестициялар ағынын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінің нақты және үйлесімді жұмысы қажет.
Маңызды аспект саналатын мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті (МЖӘ) дамыту керек. Еліміздің мұндай жобаларды жүзеге асыруда табысты тәжірибесі бар әрі механизмді кеңейтуге әлеуеті зор. Халықаралық қаржы институттарын тарта отырып, «кілтке тапсырылатын» ауқымды жобаларды дайындау қосымша қаражат тартумен қатар, озық технологияларға және басқару тәжірибесіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде жобалардың тиімділігін және олардың ұзақмерзімді перспективада тұрақтылығын арттырады.
«Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қою – ашық және бәсекеге қабілетті экономикалық орта құру жолындағы тағы бір маңызды қадам. Либерализация әкімшілік кедергілерді азайтуды, бизнес жағдайын жақсартуды және инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуді көздейді. Бұл халықаралық қауымдастыққа еліміздің өзара тиімді шарттарда ынтымақтасуға дайын және экономикалық ашықтықтың әлемдік стандартын ұстануға ниетті екенін көрсетеді.
Осылайша, Президент өз Жолдауында басымдықтарды белгілеп қана қоймай, жоспарларды жүзеге асыруға кешенді және жүйелі көзқарас қажеттігін атады. Бұл инвестициялық ахуалды жақсартуға да, МЖӘ жобаларын белсенді ілгерілетуге де қатысты. Қалай десек те, аталған шаралардың бәрі тұрақты экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуге тиіс.
Махамбет АСАБАЕВ,
«MaxMedGlobal» ЖШС директоры