Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері бас қосып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауына қатысты пікір алмасып, ортақ мүдделер төңірегінде ой бөлісті.
Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Парламент депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің, ҚХА қоғамдық құрылымдары мен «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында жиынға қатысушылар жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға, саяси және қоғамдық өмірді жаңартуға, жастарды патриотизмге тәрбиелеуге, Қазақстан тарихы мен мәдениетін құрметтеуге бағытталған жобаларды іске асыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Марат Әзілханов өз сөзінде ҚХА мүшелеріне Ассамблеяның «Жүректен-жүрекке» және «Мектепке жол» ауқымды қайырымдылық акцияларына белсенді қатысқандары үшін алғысын білдіріп, Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асырудағы Ассамблеяның қызметі мен рөлін атап өтті.
– Дәл қазір алдымызда тұрған басты міндет – Жолдаудың әрбір тармағын жүзеге асыру үшін нақты қадамдарды ойластыру және соған сәйкес күш біріктіріп, әрекет ету. Алдымен негізгі тақырыпқа көшпес бұрын барлықтарыңызға «Жүректен-жүрекке» және «Мектепке жол» ауқымды қайырымдылық акцияларына бір кісідей атсалысып, үлкен үлес қосқандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Соңғы онкүндікте біздің жұмыс ерекше қарқын алып, 260 млн теңгеге шамамен 6 500-дей баланы мектепке дайындадық. Бұл қоғамда атап өтуге тұрарлық береке мен бірліктің үлкен жетістігі.
Жалпы, еліміздің даму жолындағы басты саяси құжатқа баланатын Жолдауда мемлекеттік саясаттың барлық саласы мейлінше қамтылған, әсіресе экономикалық, әлеуметтік мәселелерге басымдық беріліп отыр. Десе де, Президент айтқан барлық бастама, ұсыныстар мен тапсырмалар Әділетті Қазақстан құру жолындағы ортақ мүддеге келіп тоғысады.
Сонымен қатар Президент айтқан негізгі міндеттердің бірі – елімізді жайлы және қауіпсіз өмір сүру аймағына айналдыру Ассамблеяның да әрбір мүшесінің міндеті ретінде қарастырылуы қажет екендігі айқындалды. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында біздің қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс екенін ерекше атап өтті. «Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана әділетті, таза, қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», деді Президент. Яғни қоғамда заң мен тәртіп қағидатын тереңінен бекітуге ерекше назар аударудың маңызы зор, деді М.Әзілханов.
Одан кейін сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы біздің мемлекет пен қоғамды терең трансформациялаудың жалғасы, алдағы жылдардағы дамуын айқындайтын бағдары екеніне тоқталды.
– Мемлекет басшысы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды бағыттарға назар аударды. Олардың қатарында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын нығайту мәселелері де бар. Президент этносаралық қатынастар саласын одан әрі дамытуға айрықша назар аударатын, оны ұдайы жетілдіріп отыруды қажет ететін сала екеніне тағы да ерекше тоқталды. Бұл ретте, Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық келісімді нығайту мен жалпыұлттық бірегейлікті қалыптастыру, осы бағытта халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру, мемлекеттік органдар жұмысына жаңашыл тәсілдерді енгізу, этномәдени бірлестіктер әлеуетін тиімді пайдалану тұрғысында жұмысты қолға алған, – деді Ғ.Шойкин.
Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских биылғы Жолдаудың басты ерекшеліктеріне тоқталды.
– Бірінші кезекте менің өзіме жақын жұмысшы мамандықтарды көтермелеу, олардың мәртебесін арттырып, жағдай жасау бағытындағы Президент тапсырмасы көңіліме қонды. Бүгінде расында ел аумағында кадр тапшылығы анық сезіледі, яғни техникалық мамандықтар қат болып тұр. Сондықтан жұмысшы мамандықтарды барынша дәріптеп, олардың танымалдылығын арттыру тұрғысындағы Мемлекет басшысының тапсырмасы өте тиімді шешім болды, – деді Мәжіліс депутаты.
Басқосуда сөз сөйлеп, азаматтық ойларын жеткізген өзге де ҚХА мүшелері Әділетті Қазақстан құру жолындағы байыпты бастамалар мен нақты ұсыныстар төңірегіне ұйысып, отандастарымызды ортақ істе аянып қалмауға үндеді.