Астанадағы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 89 мемлекеттен келетін қатысушылар 21 спорт түрінен тартысқа түседі. Ең көп медаль жиынтығы күрес түрлеріне бөлініп отыр.
Қазақ күресінен балуандар 16 салмақта (8 ер, 8 әйел) белдесуге шығады. «Qazaq kuresi» ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов балуандар жанкүйер үмітін ақтайтынына сенім білдірді.
«Дүбірлі додада балуандарымыз барын салады деп үміттенеміз. Оқу-жаттығу жиыны бірнеше мәрте ұйымдастырылды. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, құрама мүшелері алаңсыз әзірлік жүргізді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қазақ күресінен сынға түсетін ерлер мен әйелдер құрамасын іріктеу тек Қазақстан чемпионатымен шектелген жоқ, басқа да айтулы додаларда жарқырап көрінген үздіктерге сенім артып отырмыз. 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен көшпелілер ойындарында төл күресімізден чемпион атанған балуандар да – қатарымызда. Одан бөлек, «Қазақстан барысы» сынды республикалық, халықаралық турнирлерде дараланған дарабоздар да белдесуге түседі. Күрес түрлерінен елуге тарта мемлекеттен балуандар қатысады деген жоспар бар. Қарсыластың қай-қайсысы да осал емес. Әсіресе Өзбекстан, Грузия, Моңғолия, Ресей елдерінен келетін құрамалардың сапында дзюдо күресінен Гран при, Гранд слам сынды дақпырты да, даңқы да әлем чемпионатынан кем соқпайтын додаларға топ жарған үздіктер де қатысуға ықылас танытып отыр. Ұлттық құрама мүшелері бірнеше күн бұрын Астана қаласына келіп, ауа райына бой үйретіп, сайыс өтетін Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының аурасын сезініп, қорытынды оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Қазақ күресінен балуандарымыз тоғыз салмақта чемпион атанудан үмітті. Әрине, өзге салмақта да жеңіске жетсе, мәртебеміз биіктей түсетіні анық. Бірақ қашанда «арық сөйлеп, семіз шыққан» орынды», деді Д.Бекбосынов.
Қазақ күресінен ұлттық құрама балуандары 16 салмақ бойынша сарапқа салынатын медальдар жиынтығында 9 алтын олжалау міндеттемесін арқалап отыр. Бас бапкер Ғани Келдіқұлов құрама мүшелерін жасақтауда бәсекелестіктің жоғары болғанын атап өтті.
«Қазақ күресі төл өнеріміз болғандықтан, елімізде кең қанат жайып, шұғылданушылардың да қатары артып келеді. Сол себепті де Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысатын құрама мүшелерін жасақтауда таңдау оңай болмады. Тіпті кейбір салмақ дәрежесінде бірнеше балуанды өзара белдестіріп те әлеуетін сынап көрдік. Этноспорт Олимпиадасы деп те айтылатын көшпелілер ойындарында еліміз балуандардан толайым жеңіс күтеді. Қарсыластар да Астанаға ел көріп, жер шалу үшін келмейтіні белгілі. Десе де төл күресімізден олжа салуда аянып қалмаймыз», деді Ғ.Келдіқұлов.
Екі жыл бұрын Түркияда өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында спортшыларымыз осы қазақ күресінен орасан табысқа кенелген еді. Сол сында қарсыластарын айқын ұтып, чемпион атанған Зарина Сарипова да Астана төрінде сайысқа түседі.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының екі дүркін жеңімпазы атансам деймін. Әрине, өз елімізде, жанкүйерлердің алқауымен өтетін аламанда алтын медаль иелену – бәрінің арманы. Қарсыластардың қай-қайсысы да осал емес. Бапкерлердің тыңғылықты дайындық жүргізуінің нәтижесінде бабымызға еніп, қорытынды жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз», деді чемпиондық атақтан басты үміткердің бірі балуан қыз.
Қырғыздың алыш белбеу күресінен де балуандарымыз сайысқа түседі. Осы спорт түрінен ұлттық құраманың бас бапкері Секен Қалиев 12 салмақ дәрежесінде күресетін шәкірттері кемінде 2 алтын медаль олжалауға қауқарлы екенін жеткізді.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын қырғыздар 2014 жылдан бастап ұйымдастырып, әлемдік деңгейге көтерді. Өздерінің алыш белбеу күресінен жеңісті оңайлықпен бермейді. Даңқы жоғары додаға қатысатын балуандарды ел біріншілігінде іріктеп алдық. Қыздар бәсекесінде 6, ерлер сынында 6 балуанға сенім артып отырмыз. Оқу-жаттығу жиыны да жүйелі жүргізіліп, спортшылардың физикалық әлеуетін арттыруға баса көңіл бөлінді. Қазір енді дода алдындағы қорытынды жиында тактикалық дайындыққа да күш салып келеміз. Құрама сапында алыш күресінен Азия чемпионатында жеңіске жеткен, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында алтын медаль иеленген саңлақтарымыз да бар. Сол биігімізден төмендемеу үшін тынбай еңбектенеміз», деді бапкер.
Түріктің ашыртмалы аба күресінен сынға түсетін балуанның бірі Марат Нығматуллаев бауырлас халықтың төл спортының артықшылығы көп екенін айтады.
«2022 жылы өткен көшпелілер ойындарында екі күрес түрінен белдесуге түстім. 60 кг салмақта қазақ күресінен чемпион атандым. Ал түріктің күресінен бағым жанбады. Себебі тәжірибеміз тым толымсыз болды. Қазақ күресінен айырмашылығы да көп, ережесі де өзгеше. Төреші тиынмен жеребе тастайды. Кімге түседі, сол алдымен қарманады. Баса мән беретін жайт, белбеуден ұстаған қолың босамауы керек. Егер күрес кезінде қолың қарсыластың белбеуінен сусып кетсе, жеңіліс жазылады. Екі жылдан бері кәдімгідей төселіп, қыр-сырын да игеріп қалдым. Бұл күрес түрінен түрік балуандары көшбасшы саналады. Бірақ бәрін кілемдегі белдесу анықтайды», деді білікті балуан.