• RUB:
    5.36
  • USD:
    480.55
  • EUR:
    533.75
Басты сайтқа өту
Отбасы Кеше

Отбасылық кәсіптің орайын тапқан

71 рет
көрсетілді

Біріне бірі жақын, жанашыр, сыйлы жандардың дүниеге көзқарасы, арманы, ұстанымы ұштасса, мақсат-мұратына оңай жетеді. Біздің кейіпкеріміз Нұрлан мен Алтынай отбасымен бірге біраз жыл қалада тұрғанымен ауылға барып, отбасылық кәсібін дөңгелетуді ұзақ ойластырған. Ұлы ержетіп, қыздары бойжеткенде қаладағы қым-қуыт тіршіліктен алыстап, отбасылық кәсіпті әуелі қораны малға толтырудан бастаған.

Ынтымағы жарасқан отбасы малға жайлы, ауыл шаруа­шы­лы­ғына шұрайлы жер іздеген. Аумақтың туризмге де жа­йлы болуын ескеріп, Астана қаласына ірге­лес аудандарды аралаған. Көп ұзамай Жаңа­жол аулының маңындағы 12 гектар жерді сатып алған. Бұл маңға «Алжир» саяси қуғын-сүргін құрбандарының ме­мориалды-мұражайы орналасқан Ақмол ауылы алыс емес. Шамамен 4 шақырым. Ал Ақмол ауылы мен Астананың арасы – 37 шақырым. Киіз үй тігіп, төрт түлік ұстап, салт-дәстүрді дәріптеп жүрген отбасының этноауылы осы – Ақмол мен Жаңажолдың қақ ортасында. Ауылдың тыныс-тіршілігіне етене араласқан Нұрлан мен Алтынай бірнеше шаруаны қатар атқарады. Мұнда қаладағыдай жайлы инфрақұрылым болмағанымен, ерлі-зайыптылар қолдан келгенше жоғын түгендеуге тырысып келеді. Көшіп келген жылы Жаңажолдан этноауылға дейін баған орнатып, тоқ тартқан. Өмірден түйген-білгені көп тату жандар әр қадамын аңдап басады. Электр сымын да ауылдан өздері тартып, біраз қаржыны үнемдеген.

– Берекелі істі қолға алған соң, оның артынан идеялар бірінен соң бірі келе береді екен. Ауылға қаладан жерініп, мал бағамыз деп келіп, туризммен айналыса бастадық. Енді, міне, киіз үй тігуге мықтап кіріскен жайымыз бар. Этноауылдан екі аттам жерде Жалағаш көлі жатыр. Өзіміз осында келіп, іс бастағалы, мал бағып, киіз үй жасауға кіріскелі жаймашуақ, мамыражай өмірді тапқандай болдық. Әне-міне дегенше 8 жыл өте шықты. Киіз үймен айналысарда «Шеврон» компания­сы қаржыландыратын «Байтақ жер» жобасы арқылы 7 млн теңге пайызсыз несие алдық. Қазір сол қаражат бар, өзіміздің жиғанымыз бар, бәрінің басын қосып, киіз үй жасауға арналған 6 құрылғыны өзіміз қолдан шығардық. Киіз үйдің уығын, шаңырағын, керегесін – бәрі-бәрін өзіміз жасаймыз, – дейді Алтынай Тәңірберген.

Кәсіпкерлер қазір киіз үй жасайтын құрылғыларды этноауылға алып келген. Енді мұнда этноауылдың тіршілігін тамашалауға келген қала тұрғындары атқа мініп, серуендеп, төрт түлікті қызықтаумен шектелмейді, киіз үй тігудің әдіс-тәсіліне қанығады. Өндіріс барысымен танысып, киіз үйдің қаңқасын, уығын, шаңырағын қайыңнан қалай баппен иетінін көреді. Киіз үй дегеніңіз – тұнған тәрбие, ол туралы халық ауыз әдебиетінде аңыз-әңгімелер көп. «Босағаң – берік, керегең – кең, шаңырағың – биік болсын» деген сөздерді ауызекі тілде де қолданып жүрміз ғой. Киіз үйді тігерде шаңырақты үйдің иесі көтереді. Дәстүр – солай. Осының барлығы ауылға келген жас отбасыларға әрине, қызық әрі таңсық болуы мүмкін. Сондықтан кәсіпкер Нұрлан Төкенов киіз үйдің бөліктерін әзірлейтін кезде ұлттық айшықтарды барынша сақтауға тырысып баққан.

– Біз киіз үйдің керек-жарағын түгел ағаштан жасауға тырысамыз. Себе­бі темір найзағай тартады ғой. Осылайша, киіз үйдің бастапқы, ертеден келе жатқан қалпын сақтаймыз әрі мұнымыз қауіпсіздікке қолайлы. Біз киіз үйдің тек еденін ғана темірден жасадық. Ол темірдің бетін ағашпен қаптаймыз. Теміріміз жиналмалы, салмағы ауыр болғанымен, ыңғайлы, ықшам. Этноауыл өзге үйлерден қашық болған соң қысы қатал, желі азынап тұрады. Сонда біздің этноауылдағы киіз үйі­міз міз бақпай тұрады. Киіз үйді тігіп, жина­ған әурешілік деп ойлайтындар көп, бірақ қазіргі жаңа технологияларға сүйеніп жасаған киіз үйлерді құрып-жинау әлдеқайда оңай. Біз мұнымен тоқтамай, киіз үйді барынша қолжетімді етуге талпынып жатырмыз. Қала тұрғындарына үйді жалға беріп, өзі­міз тігіп, кейін қайта жинап бере аламыз. Киіз үйді сатып алатындарға да қызмет көрсетіп, жыл сайын мамырда тіккен үйді қазанда жинап, қоймаға сақтап қою жағын да жоспарладық. Биыл Наурыз тойы қарсаңында көрші Қырғызстаннан киіз үйлерді жалға алғанымызды естіп, бұл шаруа біздің қолдан да келеді деген сенім пайда болды. Дәл қазір екі киіз үйді әзірлеп, тапсырыс берушілерге жеткізіп бергелі жатырмыз, – дейді Н.Төкенов.

Кәсіпкерлер істі қолға алмас бұрын ізденіп, ескі технологияларға жүгінген. Киіз үйдің кейбір тұстарын заманға қарай өздерін­ше жаңартқан. Кәсіп иелері қазір тек киізбен жұмыс істеу біршама уақыт алатынын ай­тып қалды. Себебі Ақмола төңірегінде киіз өңдейтін зауыт болмаған соң, өнімді Тараздан, Қырғызстаннан тасымалдауға мәжбүр. Әрі көрші елден алдырған киіз отандық өнімнен сапа­лырақ көрінеді. Тіпті инеменен шанши алмайтындай берік деседі. Қазір киіз үй шеберлері айына 20 киіз үй жасақтауға қауқарлы екен.

Тату-тәтті отбасында тәрбие көріп өскен балалар жаз айларында орайын тауып ауылға барып, ата-анасына жәрдемдесуге ты­рысады. Ерлі-зайыптылардың екі қызы тұрмыста болса, екі қызы шетелде білім алады, ұлдары қалада оқиды. Түркиядағы қызы Дильназ дизайн мамандығында оқыса, Әлия шет тілі бо­йынша білім алады, ал ұлы Алдияр IT саланы меңгеріп жүр. Енді отбасылық биз­неске мықтап кірісуді жоспарлап жүрген отбасының өз IT маманы, этно-дизайнерімен қоса аудармашысы болады. Балаларының болашағына үмітпен қарап отырған Нұрлан мен Алтынай келе­шекте қанаты қатайған ұл-қыздары отбасылық бизнесті қолдап, қолғабыс етеді деп отыр.

Ерлі-зайыптылардың этнотуризмді үйлес­тіріп жатқанына үш жылға жуық­таған. Мұнда сапарлағандар атқа мініп, киіз үйде тынығады, ауқаттанып, әлденіп, дәстүрлі тағамдардан, сусындардан дәм татады. Өлкенің тарихы туралы деректерге қанығады. Кәсіпкерлер мұнымен тоқтап қалғысы жоқ, қолдан келсе, ел қызығып жатса, этноауылға 20, 50 киіз үй тігуге дәмелі. Қолда бар қаржыны барынша үнемдеп, отбасылық кәсіпке қажет құрал-жабдықтарды да өздері жасаған отбасының бастаған берекелі ісі табысты болсын дейміз.