• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қыркүйек, 2024

Семейдің сәні кіріп келеді

124 рет
көрсетілді

Екі жылдан бері даму қарқыны күшейген Семей қаласы өңір тұр­ғындарын ғана емес, сырттан келетін меймандарды да көрік­ті көріністерімен көз тартып, көңіл арбайды. Бүгінде облыс орта­лығындағы «Бейбітшілік» ара­лында қызу жұмыс жүріп жа­тыр. Осы күнге дейін футбол, волей­бол, балаларға арнал­ған ойын алаңдарының құры­лысы аяқталды. Сондай-ақ қала тұр­ғындары арасында «Денсаулық» соқпағы аталып кеткен жолдың бойы жарықтандырылды. Жақын арада қайта жаңартылған балалар теміржолын ашу жоспарда тұр. Бұл – отбасылық демалысқа арналған оңтайлы орын болады деген сөз.

Біз сөз еткен аралдағы тағы бір көрікті жер – Этноауыл аймағы. Жоспар бо­йынша бұл аймақта түрлі ұлт өкілі­нің үйлері бой көтереді. Қазірдің өзін­де заманауи үлгідегі балалар алаңы жасалып бітті, бұдан басқа да құрылыс жұмыстары қарқынды жүзеге асып жатыр. Этноауылды жарықтандыруға бағаналар орнатылады, орындықтар қойылып, тамақ, сусын, кофе ұсынатын сауда орындары жұмысын бастайды. Бұған қоса алаңдағы абаттандыру жұмысы мен талапқа сай жаңа сахна орнатылса, әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараны өткізетін, мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосатын құтты орынға айналады.

Қаладағы құрылыс нысандарын ара­лаған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бизнес өкілдерімен кездесіп, «Бейбітшілік» аралының бүгінгі жай-күйі мен болашағы жөнінде ойын ортаға салды. «Жерлестеріміз бен қала қонақтары аралға келгенде алаңсыз демалатындай болуы керек. Сол үшін әрбір атқарылып жатқан жұмысты бүге-шігесіне дейін ойластырып, талапқа сай жасаған дұрыс. Біз өз тарапымыздан «Бейбітшілік» ара­лының жаңа кейіпке енуіне атсалысамын деушілерге қолдау білдіруге әзірміз. Тек жұмыс сапалы әрі бүгінгі заман талабына лайық болғаны жөн», деді өңір басшысы.

Сонымен қатар Семей қаласын­да­ғы №1 емхананың алдында дәрігер­лер гүлбағының құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жалғасып келеді. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі­нің хабарлауынша, гүлбақ аумағында жат­тығу, ойын алаңдары мен сәулеттік композициялар, сондай-ақ субұрқақ орна­тылады. Саябақта ағаш отырғызылып, автоматты суару жүйесі іске қосылды.

Жақында ғана Семейдегі Бауыржан Момышұлы мен Әсет Найманбаев көше­лерінің жолайрығында тарихи қиы­лыс ашылып, қала тұрғындары мен қонақ­тарын қызықтыратын жаңа орынға айналды. Бұл – облыс әкімдігінің тапсыры­сы аясында жүзеге асып отырған айтулы жобалардың бірі. Жобаға тарихи ғимараттар мен сәулет ескерткіштерін жаңғырту, нысандардың құндылығын сақтау мақсатында заманауи материал­дарды пайдалана отырып, олардың бастапқы келбетін қалпына келтіру көзделген.

Аталған көшелердің қиылысында тарихи ескерткіштер мен сәулет компо­зицияларының бой түзеуі бекер емес. Себебі мұнда көне қаланың шежіресінен белгілі тарихи нысандар мен сәулет өнерінде таңдай қақтыратын ғимараттар сап құраған. Тарихқа бойлаумен қатар дәл осы жерде қауіпсіз инфрақұры­лымға жол ашылып, көлік қолжетімді­лігі жақсарып, жаяу жүргіншілерге қолай­лы аймақтар, жарықтандыру, авто­тұрақ­тар жасалды.

«Семейде қаламыздың тарихи оқи­ға­­ларын байланыстыратын тағы бір қо­ғам­­дық кеңістік ашылғаны жағымды жаңа­­лық болды. Біздің мақсатымыз – оны жақсы жағдайда сақтау. Бұл рет­те «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясын­дағы жұмыстарды жалғастыру ма­ңыз­ды. Экологиялық мәселелер мен абаттан­ды­ру біржола шешілмейді, олар үнемі қоғам назарын және күш салуды талап етеді. Бұл бағдарламаның жалға­суы тұр­ғындар арасында экология­лық мәде­ниетке, балалардың да, ересектер­дің де та­биғатқа ұқыпты қарауына да жауап­­кершілік жүктейді», дейді Семей қала­сының құрметті азаматы Зейнолла Тоқаев.

Облыста бой көтеріп жатқан білім нысандарының құрылысы да облыс бас­шысының жіті назарында тұр. Қала­дағы «Қарағайлы» шағын ауда­нын­дағы 1 200 орындық жаңа мек­теп­тің құрылысы қарқын алып, Заря шағын ауданында «KazMinerals» ком­па­ния­сымен жасалған меморандум аясын­да мектеп жұмысы жақын арада аяқ­­талады. Қазір айнала­ны абаттандыру, ғи­мараттардың қасбет­те­рін жөндеу жұ­­мысы жүргізіліп жатыр. ІТ және жаңа тех­нологиялар жоғары колледжінде ин­женерлік коммуника­циялар Smart тех­нологиялар мен жасанды интеллект эле­менттерін қолдану арқылы енгізіліп отыр. Ғимарат алдын­дағы аумақта абаттан­дыру жүргізіліп, қосымша LED ­экран ор­натылды. «Заря» шағын ауданын­­­да­ғы мек­теп пен ІТ және жаңа техноло­гия­лар жоғары колледжі болашақта ­бір­лесе жұ­мыс атқарып, білік­ті мамандар даярлап шығатын оқу орнына айналатыны анық.

«Әлем білім мен ғылымға ерекше кө­ңіл бөліп жатқан тұста көштен қал­мау­дың қамын жасаған жөн. Заманауи мек­тептер, білім мекемелерін ашу, олар­ға білікті ұстаздарды тарту – күн тәр­тібінен түспейтін мәселелердің бірі. Солардың күшімен саналы ұрпақ тәр­биелеп шығамыз деген ойдамын. Біздің бас­ты назарымыз – әлеуметтік нысандар­ды, демалыс орындарын дамыту және көлік желісін жақсарту. Бар­лық жоба тұрғындардың өмір сүру сапа­сын жақсартуға бағытталуы керек. Күз­дің жаң­бырлы күндері басталады. Сон­дық­тан ауа райы қолайлы болып тұр­ғанда жұ­мысты жылдамдату керек», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысының жос­пары бойынша «Қарағайлы» шағын ауданында блок-модульдік қазандық, «Сол­түстік» сауда орталығымен арадағы айналма жолдың құрылысы, магистралдық жылу желілерінің ағымдағы жөндеу жұ­мыстары да тексерілді.

 

Абай облысы