• RUB:
    5.29
  • USD:
    478.89
  • EUR:
    528.74
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Бүгін, 08:20

Әлем назарында – Ұлы дала ойындары

58 рет
көрсетілді

Елордадағы «Астана Арена» стадионында V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылу салтанаты өтті. Дүниенің төрт тарапын дүбірі кернеген айтулы доданың беташар думанына бірнеше елдің басшылары қатысты.

Этноспорт аламанының түңлігін түрген іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёев, Қырғызстан Прези­денті Садыр Жапаров, Түрік­менстан Халк Масла­хатының төр­ағасы Гурбанг­улы Берді­мұхамедов, Татарстан Рес­пуб­ликасының раисы Рустам Минниханов, Саха Респуб­ликасы­ның басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұ­рынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерация­сы­ның президенті Біләл Ер­до­ған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүние­жүзілік туризм ұйы­мы, Түркі мем­лекет­тері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвести­циялық қоры, Түркі мем­лекеттерінің Пар­­ламент­тік ассамблея­сы, Ислам спорт қауым­дас­ты­ғы, Азық-түлік қауіпсіз­дігі жө­ніндегі Ислам ұйымы­ның басшылары, Еуропа одағының Орталық Азия­дағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Айтулы аламанды ашық деп жа­рия­лаған Президент Қ.Тоқаев көп­тен күткен байрақты бәсекенің ма­ңызы жоғары екенін атады.

«Бұл – әлемдік ауқым­да өтіп жат­қан айрықша ма­­­ңыз­ды іс-шара. Қазақ­стан­­ға кел­ген бауырлас мем­лекеттердің басшылары­на зор ризашылығымды біл­ді­ремін. Мәртебелі мей­ман­дар­ға және спорт­шыларға ш­ы­найы алғыс айтамын. Көш­пелілер өркениеті – дүние­жүзі тарихында өшпес із қал­дырған өркениет. Ұлы дала көш­пелілері ежелден байтақ Еу­ра­зияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдері­сі­не түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпелілер бес мың жыл бұ­рын жылқыны қолға үйретті. Дү­ниені дүбірлеткен салт ат­ты­лар мәдениетін қа­лып­тас­тырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйым­дар жасап шығарды. Сақ дә­уірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жері­нен Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұлама­лар шыққан. Олар ілім-ғылым­ның дамуына орасан зор үлес қосты.

Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпелі жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды. Көшпенділер өркениеті – нағыз көнекөз өркениет. Шын мәнінде, көшпенді халықтар барлық құрлықта бар. Олардың ізін Еуропа мен Азиядан, Африка мен Америкадан көруге болады. Көшпелілердің мәдениеті, рухани қазынасы, құндылықтары – ортақ. Көшпелі халық – ең алдымен, рухы азат жұрт. Көшпелілер үшін өмір – мәңгілік қозғалыс. Олардың әр қадамы – жаңа әлемге жасалған жасампаз қадам», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент қазақ ежел­ден қонақжай халық екенін, жаңа­лыққа жаны құмар, түрлі мәдениетке ашық жұрт екенін атап өтті.

«Біздің өмір салтымыз табиғат­пен ерекше үйлесім тапқан. Көш­пелілер – тумысынан қайсар халық. Көшпелілердің ұлы көші ешқашан тоқтамайды. Мыңдаған жылға жалғасқан осы көш қазір басқаша сипатқа ие болды. Көшпелі өмір салты қайта жаңғырды. Жаһандану дәуірінде ешқандай шекара жоқ. Бір сөзбен айтсақ, қазір заманауи көшпенділер пайда болды. Біз білім алу, жұмыс істеу үшін қоныс аударамыз, басқа елдерге саяхат жасаймыз. Бұл дәуірде біз еркіндік рухын сақтай білуіміз керек. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіру қажет. Біз – даңқты көшпенділердің мұрагеріміз, батыр бабалардың ұрпағымыз. Олар ел мен жерді қорғап, ұлан-ғайыр даланы бізге аманат етті. Осы қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – бәрімізге ортақ парыз.

Көшпелілер ойындары – осындай игі мақсаттан туған бірегей жоба. Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпелілер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссия­сы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпелілер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек», деді Президент.

Айтулы аламанның басталуымен құттықтаған Президент «Ұлы дала дүбірі» еліміз үшін тарихи оқиға саналатынын, Сарыарқаның сайын даласы 5 күн бойы дүбірге толып, күллі әлем жұрты нағыз көшпелілердің болмысына куә болатынын айтып, бірлік пен татулықтың тойы тарқамай, түбі бір бауырлас елдердің достығы мәңгі болуына тілеулестігін білдіріп, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын ашық деп жариялады.

Салтанатты іс-шарада сөз алған Дүниежүзілік этноспорт конфе­дерациясының президенті Біләл Ердоған көктемгі су тасқынында Қазақстанның бірнеше облысы зардап шеккенін, қысқа уақыт ішінде табиғи апаттың залалын еңсеріп, Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын­­да дайындықты да жоғары дең­гейде өткергеніне алғысын жеткізді.

«Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын тамашалауға Қазақстан елордасы Астана қаласына ат басын бұрғаныма өте қуанышты­мын. Бұл іс-шара – тек дәстүрлі спорт түрлерін біріктіру үшін ғана емес, әлемге ортақ мәдени мұра­мызды сақтап қалуға және оны болашақ ұрпаққа табыстауға бел бу­ғанымызды көрсететін маңызды оқиға. Қазақстан көшпелілер ойын­дарын ұйымдастыруға көп күш жұмсады. Бұл қазақ халқының күш қуатын, дәстүрге деген адалдығын айқын көрсетті. Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының мақсаты – дәстүрлі спорт түрлерін дүниежүзіне тарату. Бес құрлықтағы 22 мемлекетте 32 мүшесі бар бұл дода – спорттық сайыс қана емес, мәдени байлығымыздың, бауырлас достығымыздың, ағайындық ынтымағымыздың да жарқын көрінісі. Астанада «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өткен бұл құнды жиын тек спорт жанкүйерлері арасында ғана емес, сонымен қатар барлық ел, әсіресе Түркия мен Қазақстан үшін жаңа достық, ынтымақтастық, мәдени ауыс-түйіске серпін беретініне нық сенемін», деді Б.Ердоған.

Премьер-министрдің бірінші орын­басары, Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарын ұйымдас­тыру комитетінің төрағасы Роман Скляр рухани құндылығы мүдделес түркі елдерінің береке-бірлігін көрсететін айтулы іс-шара екеніне тоқталып, дүбірлі доданы өткізуге атсалысқан жандарға, сонымен қатар 20 мемлекеттен келген 1 600 еріктіге де зор алғысын жеткізді.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Туын алып шықты. Бұдан кейін еліміздің Әнұраны шыр­қалып, қалыптасқан дәстүр бо­йын­ша көшпелілер ойындарына қаты­су­шы спортшылардың шеруі өтті.

Ауқымды сахналық қойылымның басында көшпелілердің тарихы мен дүниетанымы туралы «Көшпелі­лер философиясы» бейнеролигі көрсетілді. Әлемдік мәдениет пен өркениетке өз ықпалын тигізген номадтар мұрасы – біздің болмысымыз, мақтанымыз. Көпшіліктің назарына ұсынылған «Жердің жаралуы» деп аталатын бірінші бөлім қойылымы сол қастерлі мұраның мәні мен мазмұнын ашып, тереңнен сыр шертеді. Мұның мазмұны мынадай: «Көшпелілер тарихы жер жаралғаннан бастау алып, темір мен қола дәуірінде қарыштады, сақтар мен ғұндардың кезінде дамып, дараланды. Түркі қағанатын құрып, Ұлы Жібек жолымен бірге жер таныды, өзін танытты, Жошы хан ұлысы – Алтын Орда тұсында гүлденіп, Қазақ елінің негізін қалады. Көшпелілердің болмысы табиғат-анамен біте қайнасып жатыр. Олар табиғатпен ежелден жарасымды қарым-қатынас орнатып, үндестікте өмір сүрді. Көшпелілер философия­сында басқа халықтар тәрізді екі дүниенің Әлем мен Адамның сырын ашуға ұмтылған. Аспан денелерінің қозғалысына қарап, өзінше ой түйген. Жұлдызды әлемнің жұмбақтарын ашуды арман еткен. Нәтижесінде, дүние туралы түсінігі, көзқарасы қалыптасқан».

Осы кезде біз сахнадан актер­лердің орындауында көшпелі халықтың аспан денелеріне қарап бағдарын айқындағанын, шақпақ тастарды соғып от шығарғанын, су көздерін тапқанын тамашаладық.

Содан кейінгі екінші бөлім – «Алтын жауынгерлер шеруі». Бұл көріністен біз көшпелілердің дөңгелекті ойлап тапқанын, алтын түсті жауынгерлердің өнерін, садақ тартқанын, сән-салтанаты келіскен сәйгүліктермен шыққан Аттила мен Томиристің образын көрдік.

Бүкіл сахнаны жаңғыртып, Күлтегін бейнесі бүй деді:

«Түн ұйықтамадым,

күндіз отырмадым,

Елімді Суға батырмадым,

Отқа күйдірмедім.

Ешкімге бастарын идірмедім!

Тәңірім жарылқап,

Таусылған құтым қайтадан  құйылды.

Шашылған ырысым қайтадан жиылды...»

Осы тұста сахнаның төрін қақ жарып жүгіріп өткен көк түріктердің тотемі – бөрілер шеруін тамашаладық. Осылай­ша, үшінші бөлім түркітілдес халықтар­дың алтын бесігі өр Алтайдағы Түркі қағанаты туралы болды.

Ал төртінші бөлім Ұлы Жібек жолына арналды. Тұтас құрлықтың тағдырына әсер еткен Ұлы Жібек жолы – Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған сауда-саттық даңғылы ғана емес, ілім-білімнің, дін мен ділдің, мәдениет пен тілдің тоғысып, толысқан алтын көпірі, қалаларды дамытқан әлемдік өркениеттің жетістігі. Аталған бөлімде осы тақырыптың мазмұнын сахнаны Ұлы Жібек жолына айналдырып, түйелермен жүріп өткен әртістер үстей түсті.

Бесінші бөлімде Жошы хан ұлысының, Алтын орданың салтанат құрғанына куә болдық. «Нәсілі нұрдан жаралған, садағын сағым­ға ілген сайыпқыран Шыңғыс хан. Қазақстанның кең даласын Еділ мен Дунайға қосқан байтақ мемлекет – алты жарым ғасыр асыр салған Жошы ұлысы. Жаны бар жаралған намыс пен тектен, ел еркіндігі үшін ыстық қанын төк­кен, бүгінгі құтты мекен, байыр­қалы қонысты бізге мирас қып кет­кен асыл текті, артық туған ата­лары­мыздың Алтын ордасы – Жошы ұлысы» деп дауыстаған жаң­ғырық әрбір көрерменнің рухын бір сілкінтіп қойды.

Ал соңғы бөлім «Қазақ елі» деп аталды. Осы сәтте сахнада алып шаңырақ көтеріліп, қазынамыздың қорындай сандықтардан мұра­мыздың ақтарылған көрінісі қойылды. Түрлі этнос өкілдерінен құралған әртістер сахна төрін толтырып, бір шаңырақтың астындағы тату-тәтті өмірді көрсетті. Бұл бөлім Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің «Киелі мекен» әнімен түйінделді.

Содан соң дауылпаздарын дүбірлетіп ортаға сарбаздар кейпін­де 130 әртіс шықты. Бағзыдағы номадтар әскерінен бастап бүгінгі ізбасарлары сарбаздарымызға дейінгі жауынгерлік рухтың сабақтастығы салтанат құрды. «Абырой» тобы Құрмет қарауыл ротасының сарбаздарымен бірге «Рух» әнін асқақтатып орындады.

Соңына таман жаһандық дең­гейде табиғатты сақтау тақырыбы көтеріліп, тіршіліктің нәрі – су бір арнаға келіп қосылды. «Бірлік керуені» бейнеролигі көрсетілді. Онда Қазақстанның барлық өңірі­нен әкелінген киелі бұлақтардың суы Тайқазанға қалай құйылғаны бейнеленді. Мұны еліміздің түкпір-түкпірінен өңірдің дәстүрі мен стилінде безендірілген «Керуенмен» батырлар әкелген. Осы орайда 2014 жылдан бері Қырғызстанның бастамасымен Көшпелілер ойындарының қасиетті символы Су болып келе жатқанын атап өткен жөн.

«Туған ел» атты қорытынды әнді Қазақстанның Еңбек ері, халық әртісі Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген және танымал әртістер Назым Сағынтай, Әйгерім Алтынбек, Нематилло Зкруллаев, Айри, Евгений Чайников және тағы әншілер орындады.

Осынау ғажайып шоуды 3 мыңға жуық адам жоғары деңгейде орындап шықты. Қойылымды Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары, облыстық өнер ұйымдары мен басқа жақтардан шақырылған өнерпаздар мен ұжымдар дайындады. Өнер майталмандары ән мен жырға бөлеп, көшпелі халықтың өр рухын паш ететін бағдарлама стадионға жиналған 20 мың көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Салтанаты келіскен бұл ашылу рәсімі тікелей эфирден дүние жүзіне тарады. Еліміздің «Қазақстан», «Қазспорт», «Хабар», «Ел арна», «Жібек жолы», «Silk Way», «Sport Plus» арналары көрсетсе, шет мемлекеттерден Түркияның TRT AVAZ арнасы, Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24» арналары, Ресейдің «Старт LIVE» спорт арнасы, Татарстанның «ТНВ Қазан» телеарнасы, Өзбекстан мен Түрікменстанның мемлекеттік арналары «Астана Арена» стадионынан тікелей эфирде хабар таратты. Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің қолдауымен Көшпелілер ойындары тарихында мұндай халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату алғаш рет жүзеге асырылды. Яғни 2010 жылдан бері Қырғызстанда үш мәрте, Түркияда бір рет жалауы желбіреген көшпелілер ойындарынан тікелей ақпарат тарату ағысы мұндай ауқымды болған емес.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 2014 жылы Қырғызстан­ның Шолпан-ата қаласында ұйымдастырылғанда 10 спорт түрі бойынша 19 елден 583 спортшы қатысты. 2016 жылы да осы шаһарда өтіп, 62 елден 1 200 спорт 21 спорт түрінен медальдар жиынтығын бөліске салды. 2018 жылы 82 мемлекеттен 2 000 спортшы 37 спорт түрінен сайысқа түсті. Екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында ұйымдастырылған аламанға 102 елден делегация қатысып, 3 мыңнан аса спортшы додаға қосылды.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»