Мемлекет басшысының Жолдауы кейінгі бес жыл көлеміндегі қолға алынған бастамаларды тиімді жүзеге асырудың кезекті міндеттеріне арналды. Құжат ұлттық стратегиялық тұрғыдан еліміздің әділеттілік қағидаға негізделген даму бағыттарын қамтыды. Саяси-экономикалық реформалар арқылы халқымыздың тұрмыс сапасын мемлекет саясатының негізгі мазмұнына айналдыруға бет бұрылды.
Президенттің биылғы Жолдауында да Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарын жүзеге асыру барысында анықталған мәселелерді еңсерудің өміршең тоғыз бастамасы ортаға салынды. Әділдік, ашықтық ұстанымдар біршама нәтижелер бере бастады. Тұрғындар тарапынан үнемі көтеріліп жүрген өзекті мәселелер Президенттің тікелей назарында екенін түсіндік. Тұрмысымыздың ащы шындығын да сезіндік. Бұл да болса «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көріністерінің бірі. Өз қоғамымызды құрметтеу өзіңді құрметтеу екеніне көзіміз жете бастады. Әділеттілік жылымығы сезімінен азаматтық позициямызда, құқықтық қатынасымызда біршама позитивтік ілгерілеушілік байқалады. Дегенмен, алдымызда еңсерер белестер мен міндеттер жеткілікті. Ол міндеттердің барлығы әрбір азаматқа тікелей қатысты. Ол жөнінде Мемлекет басшысы жан-жақты тоқталды.
Алдымен тұрғындар тарапынан көптен бері жиі айтылып жүрген қаржы және несие, оның ішінде банк тақырыбының көптеген қырлары көтерілді. Шынында, өздері қиналғанда халық қаржысынан көмекке ие болатын банктеріміз экономикамыздың нақты секторына қаржы салудан бойын аулақ ұстайды. Тек жоғары пайызбен несие беру арқылы байып отыр деген түсініктің қалыптасқанына көп болды. Жұмысы халыққа түсініксіз. Бірақ тұрғындардың кейбірі шарасыздықтан, кейбірі сауатсыздықтан, кейбірі жалған намысқа тырысып банкке баруын тоқтатпай отыр. Бұл әлеуметтік мәселеге айналды. Мұндай жағдайды банктер өз мүддесіне пайдалануды да азайтуға тиіс. Әйтпесе, банк алдында борышкерлер саны үнемі артып келеді. Көпшілігі мойнындағы зіл батпан қарызын өтеу жолында жүріп, бойындағы басқа да табиғи дағдыларын өміріне пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізе алмайды. Кедейдің күні кіжінумен өтеді деген. Қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тек билікке емес, банктерге де қажет. Оның бәрін реттейтін заңдар заман талабына жауап бермейді. Ендігі жерде банктердің ел алдындағы жауапкершілігін сезініп экономикаға қаржы құюына жағдай жасау үшін жаңа «Банк туралы» заң қабылдау міндеті қойылды. Яғни қанша құзырет берсек, соншалықты талап етеміз қағидасын қолдану сәті туды.
Жаңа Салық кодексін қабылдауды кейінге қалдыру, оны жан-жақты талқылау, жүргізу туралы маңызды шешім қабылданды. Бұл шешімнің нәтижесінде тұрғындардың салық төлеу мәдениетінің артуына сеп болатын, түсінікті, тиімді заң қабылданады деп сенеміз.
Жолдауда бұрын басталған «заңсыз» активтерді кері қайтару үдерісіне тың ұсыныс енгізілді. Ол – тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасалғанда мемлекетке кері қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы енгізу. Заң тек жазалау үшін емес, мүмкіндік беру үшін де, құқықтық сананы көтеру үшін де қабылданады. Кейде кемшілікті кеңшілікпен реттеудің де пайдасы көп. Бұл норма шын мәнінде ірі кәсіпкерлерге халық алдында жүздерінің жарқын болуына мүмкіндік береді. Ондай азаматтар жомарт жандар ретінде «алтын тізімге» енеді. Ал бұған келіспесе оның да басқа жолдары қарастырылады. Ұлы дала дәстүрі бойынша «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп өскен адамдарға ең ауыр жаза – ел алдында масқара болу.
Қазақ атамыз қанағатсыздықты, ашкөздікті, бас-көзсіз құнығуды, дүниеқоңыздықты қатты сынға алып, халықты қанағатшылдыққа, ынсапты болуға шақырып отырған. Ұлы Абай: «Нысап пен ұят әділеттен шығады», «Арыңды сатып тапқан мал – харам», деген екен. Кейбір психологтер ашкөздікті «соқыр сезімге» жатқызады. Ал осындай атпен тарихта қалу, сүйекте кетпес таңба қалдыру түсінген адамға өліммен де өшпес масқарашылық екені анық.
Сонымен қатар өзекті міндеттердің бірі – экономиканы білікті мамандармен қамту проблемасы. Бәсекелестікке қабілетті мамандар даярлауға 23 шетелдік жоғары оқу орындары тартылады. Оларға қолдау жасау қолға алынып жатыр. Нәтижесіне үлкен үмітпен қараймыз. Шетелдік оқу ордаларымен қатар, заман талабына жауап беретін отандық оқу орындарын көбейтуден де күтеріміз көп. Колледжді жақсы оқыған жастарды мемлекеттік қызметтің салаларына тарту арқылы өзара бәсекелестікті күшейте аламыз. Президенттің білім саясатынан біз білімге негізделген әлемдік қауымдастықтан өз орнымызды табуға тиісті екенімізді анық байқаймыз.
Келер жылдың жұмысшы мамандығының жылы аталуының өзіндік маңызын айтпасақ да түсінікті. Елімізде еңбекқорлықты дәріптеу арқылы адамдардың басқаға тіленбей өмір сүру дағдысын дамытуға мүмкіндік арта түседі. Ұлттық идеологиямыздың да басты бағыты адал еңбекті насихаттау болуға тиіс. Жолдауда «бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал», деп нақты көрсетілді. Кезінде Эпикур: «өзің жете алатын нәрсені құдайдан сұрап қайтесің», деген екен. Мұның мағынасын Жолдаудағы «жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады», деген сөз толық түсіндіріп береді.
Президент еліміздің кадрлық әлеуетін көтерудегі орта білімнің маңызына тоқталды. Көптің ойында жүрген жайлы мектептердің ерекшеліктері анықталатын болды. Расында, бұл мектептердің бұрынғы мектептерден айырмашылығы қандай, оларға қандай критерийлер қойылады, кадрлар қалай таңдалады, онда барлық бала оқи ма, ол мектептерді басқару жүйесінде ерекшелік бола ма деген сұрақтар көпті ойландырып жүр. Тұрғындар айырмашылық болмаса ондай қымбат мектеп салудың қажеті қанша деген мәселелерді де кездесулерде жиі көтереді. Президенттің Үкіметке жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді тапсыруы көп сұрақтың жауабын алуымызға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Білім дегенде есімізді жияр естиярлық көрсететін кез келді.
Жалпыға ортақ тақырыптардың бірі – азаматтардың жеке бас қауіпсіздігіне арнайы тоқталуын көпшілік қуана қабылдайды деп сенеміз. Өйткені Конституцияда көрсетілгендей, адамның өмірі – ең басты құндылығымыз. Демократия керек. Бізге елге іріткі салатын популистік ұстаным емес, жасампаз плюрализм керек. Біз қазір көп мәселеде демократиядан гөрі тәртіпке мұқтажбыз. Тәртіп орнату екен деп те барлығын бірдей аңдушылық та орнамауға тиіс. Әйтпесе, биліктің өзі халық тарапынан сенбеушіліктің «тұтқынына» айналуы ықтимал. Ал халық сенімсіздігі күшейген сайын басқа билікті аңсай бастайды. Демократияның басты құндылығы – әрқайсымыздың құқықтарымызға құрметпен қарау. Дегенмен сынның жөні осы екен деп басқаның ар-намысына зиян келтіріп, қиянат жасап жатамыз. Айқайлағанның бәрі ақиқатшыл, шырылдағанның бәрі шыншыл, сынағанның бәрі сыншыл, ойбайлағанның бәрі ойшыл емес екеніне көзіміз жетіп келеді. Уақыт кімнің кім екенін анықтайды. Жарып сөйлегеннен гөрі байыбына барып сөйлегеніміз жөн болар. Шындық көп, оның ақиқаты қайсы? Әділетті сезімсіз шындық бәрі ақиқат бола алмайды деп ойлаймын. Қиянат, зорлық жүрген жерде адалдық, әділдік қағидаларына орын табу қиынға соғады. Президент сөзімен айтқанда, «біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек». Бұл – арымыздың, намысымыздың алдындағы ортақ парызымыз да, борышымыз да.
Дамыған елдердің бір белгісі – қоғамдық қатынастарда реттеушілік құзыреті жоғары, орындалуы да мықты, қауқары да күшті әділ заң жүйесінің болуы. Әділдік – қолда бар ресурстар мен игіліктерді тең бөліп алу емес, адамдарға тең құқық берумен қатар, міндеттер мен жауапкершілікті өзара тең бөлісу. Ол өз кезегінде, заңның орындалуын дәстүр деңгейіне дейін көтереді. Кезінде бір данышпан «құдайдан кейінгі күшті – білім мен дәстүр», деген екен. Әрине, туындаған мәселелерді оның туындаған деңгейінде шешу қиын. Бірақ бүгінгі ісіміз, сөзіміз үшін кейін ұялмас үшін, қателігіміз үшін кейінгі ұрпақтың кекесін күлкісіне қалмас үшін жұмыла жұмыс жасаудан басқа жол жоқ. Ендеше, ел бірлігіне нұқсан келтірмей, ұлттық озық дәстүрлерімізді сақтай отырып, әділет таразысын тең ұстау жолындағы Мемлекет басшысының бастамаларын қолдау әрқайсымыз үшін маңызды.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Сенат депутаты