• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 10 Қыркүйек, 2024

Әділетті де тұрақты қоғам – ортақ мақсатымыз

78 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының Жолдауы кейінгі бес жыл көлеміндегі қолға алынған бастамаларды тиімді жүзеге асырудың кезекті міндеттеріне арналды. Құжат ұлттық стратегиялық тұрғыдан еліміздің әділеттілік қағидаға негізделген даму бағыттарын қамтыды. Саяси-экономикалық реформалар арқылы халқымыздың тұрмыс сапасын мемлекет саясатының негізгі мазмұнына айналдыруға бет бұрылды.

Президенттің биылғы Жол­дауында да Әділетті Қа­зақ­станның экономикалық бағ­дарын жүзеге асыру барысында анықталған мәселелерді ең­се­рудің өміршең тоғыз бас­тамасы ортаға салынды. Әділ­дік, ашықтық ұстанымдар біршама нәтижелер бере бас­тады. Тұрғындар тарапынан үнемі көтеріліп жүрген өзекті мәселелер Президенттің тіке­лей назарында екенін тү­сіндік. Тұрмы­сы­мыздың ащы шындығын да сезіндік. Бұл да болса «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көріністерінің бірі. Өз қоғамымызды құрметтеу өзіңді құрметтеу екеніне көзіміз жете бастады. Әділеттілік жылы­мығы сезімінен азаматтық пози­циямызда, құқықтық қатына­сымызда біршама позитивтік ілгері­леушілік байқалады. Деген­мен, алдымызда еңсерер белес­тер мен міндеттер жет­кілікті. Ол міндеттердің барлығы әрбір азаматқа тікелей қатысты. Ол жөнінде Мемлекет басшысы жан-жақты тоқталды.

Алдымен тұрғындар тарапынан көптен бері жиі айтылып жүрген қаржы және несие, оның ішінде банк тақырыбының көптеген қырлары көтерілді. Шынында, өздері қиналғанда халық қаржысынан көмекке ие болатын банктеріміз эконо­микамыздың нақты секторына қаржы салудан бойын аулақ ұстайды. Тек жоғары пайызбен несие беру арқылы байып отыр деген түсініктің қалыптасқанына көп болды. Жұмысы халыққа түсініксіз. Бірақ тұрғындардың кейбірі шарасыздықтан, кейбірі сауатсыздықтан, кейбірі жалған намысқа тырысып банкке баруын тоқтатпай отыр. Бұл әлеу­­меттік мәселеге айналды. Мұндай жағдайды банктер өз мүд­десіне пайдалануды да азайтуға тиіс. Әйтпесе, банк алдында борышкерлер саны үнемі артып келеді. Көпшілігі мойнындағы зіл батпан қарызын өтеу жолында жүріп, бойындағы басқа да табиғи дағдыларын өміріне пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізе алмайды. Кедейдің күні кіжінумен өтеді деген. Қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақ­тылығы тек билікке емес, банк­терге де қажет. Оның бә­рін реттейтін заңдар заман талабына жауап бермейді. Ендігі жерде банктердің ел алдындағы жауапкершілігін сезініп эко­номикаға қаржы құюына жағ­дай жасау үшін жаңа «Банк туралы» заң қабылдау міндеті қойылды. Яғни қанша құзырет берсек, соншалықты талап етеміз қағидасын қолдану сәті туды.

Жаңа Салық кодексін қа­былдауды кейінге қалдыру, оны жан-жақты талқылау, жүр­гізу туралы маңызды шешім қабылданды. Бұл шешімнің нәтижесінде тұрғындардың салық төлеу мәдениетінің артуына сеп болатын, түсінікті, тиімді заң қабылданады деп сенеміз.

Жолдауда бұрын басталған «заңсыз» активтерді кері қай­тару үдерісіне тың ұсыныс енгізілді. Ол – тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен ке­лісім жасалғанда мемлекетке кері қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы енгізу. Заң тек жазалау үшін емес, мүмкіндік беру үшін де, құқықтық сананы көтеру үшін де қабылданады. Кейде кемшілікті кеңшілікпен реттеудің де пайдасы көп. Бұл норма шын мәнінде ірі кәсіпкерлерге халық алдында жүздерінің жарқын болуына мүмкіндік береді. Ондай азаматтар жомарт жандар ретінде «алтын тізімге» енеді. Ал бұған келіспесе оның да басқа жолдары қарастырылады. Ұлы дала дәстүрі бойынша «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп өскен адамдарға ең ауыр жаза – ел алдында масқара болу.

Қазақ атамыз қанағат­сыз­дықты, ашкөздікті, бас-көзсіз құ­нығуды, дүниеқоңыздықты қатты сынға алып, халықты қа­­нағатшылдыққа, ынсапты болуға шақырып отырған. Ұлы Абай: «Нысап пен ұят әділеттен шығады», «Арыңды сатып тап­қан мал – харам», деген екен. Кейбір психологтер ашкөздікті «соқыр сезімге» жатқызады. Ал осындай атпен тарихта қалу, сүйекте кетпес таңба қалдыру түсінген адамға өліммен де өшпес мас­қарашылық екені анық.

Сонымен қатар өзекті мін­дет­тердің бірі – экономиканы білікті мамандармен қамту проблемасы. Бәсекелестікке қабілетті мамандар даярлауға 23 шетелдік жоғары оқу орындары тартылады. Оларға қолдау жасау қолға алынып жатыр. Нәтижесіне үлкен үмітпен қараймыз. Шетелдік оқу ордаларымен қатар, заман талабына жауап беретін отандық оқу орындарын көбейтуден де күтеріміз көп. Колледжді жақсы оқыған жас­тарды мем­лекеттік қызметтің салала­рына тарту арқылы өзара бәсе­келестікті күшейте аламыз. Пре­зиденттің білім саясатынан біз білімге негізделген әлемдік қауымдастықтан өз орнымызды табуға тиісті екенімізді анық байқаймыз.

Келер жылдың жұмысшы маман­дығының жылы аталуы­ның өзіндік маңызын айтпа­сақ да түсінікті. Елімізде еңбек­қор­лықты дәріптеу арқылы адам­дардың басқаға тіленбей өмір сүру дағдысын дамытуға мүмкіндік арта түседі. Ұлттық идеологиямыздың да басты бағыты адал еңбекті насихаттау болуға тиіс. Жолдауда «бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал», деп нақты көрсетілді. Кезінде Эпикур: «өзің жете алатын нәрсені құдайдан сұ­рап қайтесің», деген екен. Мұның мағынасын Жолдаудағы «жұ­мыстың көзін тапқан бай­лық­тың өзін табады», деген сөз толық түсіндіріп береді.

Президент еліміздің кадрлық әлеуетін көтерудегі орта білім­нің маңызына тоқталды. Көп­тің ойында жүрген жайлы мектептердің ерекшеліктері анықталатын болды. Расында, бұл мектептердің бұрынғы мектептерден айырмашылығы қандай, оларға қандай критерийлер қойылады, кадрлар қалай таңдалады, онда барлық бала оқи ма, ол мектептерді басқару жүйесінде ерекшелік бола ма деген сұрақтар көпті ойландырып жүр. Тұрғындар айырмашылық болмаса ондай қымбат мектеп салудың қажеті қанша деген мәселелерді де кездесулерде жиі көтереді. Президенттің Үкіметке жайлы мектептерді арнайы бас­қару жүйесін енгізуді тапсыруы көп сұрақтың жауабын алуы­мызға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Білім дегенде есімізді жияр естиярлық көр­сететін кез келді.

Жалпыға ортақ тақырып­тардың бірі – азаматтардың жеке бас қауіпсіздігіне арна­йы тоқталуын көпшілік қуа­на қабылдайды деп сенеміз. Өйткені Конституцияда көрсе­тілгендей, адамның өмірі – ең бас­ты құндылығымыз. Демократия керек. Бізге елге іріткі салатын популистік ұс­таным емес, жасампаз плюрализм керек. Біз қазір көп мәселеде демократиядан гөрі тәртіпке мұқтажбыз. Тәртіп орнату екен деп те барлығын бірдей аңдушылық та орнамауға тиіс. Әйтпесе, биліктің өзі ха­лық тарапынан сенбеушіліктің «тұтқынына» айналуы ықтимал. Ал халық сенімсіздігі күшейген сайын басқа билікті аңсай бас­тайды. Демократияның басты құндылығы – әрқайсымыздың құқықтарымызға құрметпен қарау. Дегенмен сынның жөні осы екен деп басқаның ар-на­мысына зиян келтіріп, қиянат жасап жатамыз. Айқай­лағанның бәрі ақиқат­шыл, шырылдағанның бәрі шыншыл, сынағанның бәрі сыншыл, ойбайлағанның бәрі ойшыл емес екеніне көзіміз жетіп келеді. Уақыт кімнің кім екенін анықтайды. Жарып сөйлегеннен гөрі байыбына барып сөйлегеніміз жөн болар. Шындық көп, оның ақиқаты қайсы? Әділетті сезімсіз шын­дық бәрі ақиқат бола алмайды деп ойлаймын. Қиянат, зорлық жүрген жерде адалдық, әділдік қағидаларына орын табу қиынға соғады. Президент сөзімен айтқанда, «біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек». Бұл – арымыздың, намысымыздың алдындағы ортақ парызымыз да, борышымыз да.

Дамыған елдердің бір белгісі – қоғамдық қатынастарда рет­теу­шілік құзыреті жоғары, орындалуы да мықты, қауқары да күшті әділ заң жүйесінің болуы. Әділдік – қолда бар ресурс­тар мен игіліктерді тең бөліп алу емес, адамдарға тең құқық берумен қатар, міндеттер мен жауапкершілікті өзара тең бөлісу. Ол өз кезегінде, заңның орындалуын дәстүр деңгейіне дейін көтереді. Кезінде бір данышпан «құдайдан кейінгі күшті – білім мен дәстүр», деген екен. Әрине, туындаған мәселелерді оның туындаған деңгейінде шешу қиын. Бірақ бүгінгі ісіміз, сөзіміз үшін кейін ұялмас үшін, қателігіміз үшін кейінгі ұрпақтың кекесін күлкісіне қалмас үшін жұмыла жұмыс жасаудан басқа жол жоқ. Ендеше, ел бірлігіне нұқсан келтірмей, ұлттық озық дәстүрлерімізді сақтай отырып, әділет таразысын тең ұстау жолындағы Мемлекет басшысының бастамаларын қол­дау әрқайсымыз үшін маңыз­­ды.

 

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Сенат депутаты