• RUB:
    5.16
  • USD:
    526.81
  • EUR:
    542.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан Бүгін, 19:21

Астанадағы Президент резиденциясы қалай «Ақорда» атанды

37 рет
көрсетілді

Астанадағы Президент резиденциясын «АҚОРДА» деп атауды «Егемен Қазақстан» газетінің шығармашылық ұжымы ұсынғанын білесіз бе?

Бұл туралы журналист Жанболат Аупбаев Қали Сәрсенбайға берген сұхбатында былай баяндайды:

«2004 жылдың 14 желтоқсаны еді. Президенттің баспасөз қызметіндегі жігіттерден хабар алдық. Олар елордадағы өздері отырған Орталық алаңдағы ғимараттан Есілдің сол жағасында салынып біткен үлкен резиденцияға көше бастапты. Жиылып-терілу 10 күнге созылады екен. Ал жаңа қоныстың салтанатты түрдегі ресми ашылуы 24 желтоқсанға белгіленіпті», деп әңгімесін бастаған Ж. Аупбаев газет ұжымы бұл айтулы іске орай көші-қонға жауапты лауазым иелерінен сұхбат алу ұсынысымен, сол кездегі басылым басшысы Сауытбек Абдрахмановқа кіргенін айтты. Басшы бұл бастаманы құп көріп, интервьюге сол тұстағы Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековті лайық көріп отырғанын айтады. Ал сұхбат алушы – Қуат Бораш.

Сол кезден үш күн өткенде дайын сұхбат Сауытбек Абдрахмановтың назарына қайта ұсынылады.

«Бір күн...Екі күн өтті. Хабар жоқ. Мазасызданып, тықырши бастадық. Өйткені жоғарыдағы жаңалықты өзге газеттер бізден бұрын беріп қоюы мүмкін ғой. Өстіп дегбірсізденіп жүргенімізде, Сәкең (Сауытбек Абдрахманов – ред.) өзіне шақырды-ау әйтеуір».

«Сәт салып қараңыздаршы... Жаңа Астана. Жаңа Президент әкімшілігі үйінің ғимараты. Ондағы жаңа адамдар, жаңадан басталған жоба. Жұмыстар. Осыны пайдаланып: «Жаңалық болсын, Алматыда да, Астанада да артымыздан қалмай келе жатқан «резиденция» сөзін ел көптен бері сөз ғып жүрген «АҚОРДА» атауымен алмастырсақ деп едім. Осыны Махмұтқа айтқаныма үш күн болды. Басында бұл оған келіспеді. Сонда оған мен: «Қай елдің де Мемлекет басшысы қол қойған жарлық, өкім, қаулылардың астында «резиденция» сөзі жоқ. АҚШ-та мәселен «Вашингтон. Ақ үй», Ресей Федерациясында «Мәскеу. Кремль», Францияда «Париж. Елисей сарайы» деп жазылады. Ал біз неге «Астана. Ақорда» демеске?!», деген уәж айттым. Осыдан соң ол Президент Аппаратының басшысы және Мемлекеттік хатшымен сөйлесе келе бүгін: «Көрейік, дегенге келді. Демек үміт бар. Осы ұстанымнан таймайық. Егер ол жақтан біздің идеямызға істейтіндей бір хабар, жаңалық болып жатса маған айтып отырыңыздар. Бұған байланысты барлық әлеуеттік ресурсты аянбай іске қосуымыз керек», деген естелікпен сөзін жалғаған Жанболат Аупбаев 24 желтоқсан, салтанатты жиналыстың ашылуына орайластыра құлшына даярланған материал «Арқадағы Ақорда – Алаштың айбыны» деген атпен жарық көргенін айтады.

Осы салтанатты ашылуда сөз сөйлеген ел ағалары да «Бұл – еліміздің Ақордасы!» дегенді баса айтқанын да тілге тиек етеді.

«Содан не керек, естуімізше сол күні кешке Сәкеңе (Сауытбек Абдрахманов – ред.) Махмұт хабарласып: «Екі-үш күнде Президент қол қойған жарлық не өкім арқылы қуанышты жаңалық болып қалуы мүмкін», депті. Ал кеп күтейік. Елегіземіз. Алаңдаймыз. Жоқ. Міне 27 желтоқсан күні «Шәріп Омаровты Чехославакияға елші етіп тағайындау жөнінде» бір жарлық келді. Бірақ өзгеріс жоқ. Мәтіннің астында баяғы «Астана. Президент резиденциясы» деген жаттанды сөйлем тұр. Одан кейін тағы бір құжат. Ол да солай. Ал 29 желтоқсан күні... Иә, сол күні кешке!.. «Оралмандардың 2005-2007 жылдарға арналған көшіп келу квотасы туралы» жарлықтың келгені... Қараймыз, ондағы мәтіннің аяқ жағында «Астана. Ақорда. № 1508» деген жаңа сөз тіркесі тұр! Мұндай қуанбаспыз», - дейді Жанболат Аупбаев. Ол сол сәттен Мемлекеттік маңызға ие құжаттар «Астана. Ақорда» атауымен шығып, жарияланып келе жатқанын терең тебіреніспен сөз етеді.

Қали Сәрсенбай «Журналист – өмір барлаушысы. Журналистика – өмір мектебі». «Астана. Ақорда. № 1508» тақырыбымен жарық көрген естелігінен үзінді. 90-94 б.