Жаңа оқу жылы Астана қаласында «Qazbilim» ұлттық лицейінің есігі оқушыларға айқара ашылды. Салтанатты кешке қоғам қайраткерлері, сондай-ақ білім саласының өкілдері қатысты.
Лицей 3–11-сынып аралығындағы 700 балаға арналған. Сыныптарда оқушы саны 16–18 оқушыдан аспайды. Мұнда шахмат, тоғызқұмалақ сынды интеллектуалды ойындарға басымдық беріліп әрі ұлттық аспаптар үйірмелері жұмыс істейді. Пәндік олимпиадаға бағдарлы дайындық және ұлттық бірыңғай тестілеуге, «IELTS» емтиханына кешенді дайындық жүргізіледі. Ең бастысы, аталған мектеп қазақ тілінде тереңдете білім береді, сондай-ақ баланың бойына ұлттық тәрбиені сіңіреді.
«Біз ұлттық мектептің керегесін кеңейтіп, сапасын арттырғымыз келеді. Себебі Мағжан Жұмабаев: «Мектебімізді таза, берік һәм қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай серттесуге болады», деген еді. Басты арманымыз – қазақтың жанына жақын мектепті құру. Мұстафа Шоқай «Бала қай тілде білім алса, түбі сол ұлтқа қызмет етеді», десе, ал Жүсіпбек Аймауытұлы жат жұрттың тәрбиесін алған бала ұлтқа қызмет қылып жарытпайтынын айтқан. Біз ұлтқа қызмет қылатын, қазақ арманын орындайтын мектептің негізін қалағымыз келеді. Екі жыл бұрын «Qazbilim» ұлттық лицейлерінің іргетасын қалап бастағанбыз. Ал қазір еліміздің сегіз қаласында тоғыз мектеп жұмыс істеп жатыр», деді «Qazbilim» жобаларының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлы.
Айта кетейік, қазақ тілінде тереңдете сабақ беретін ұлттық лицейлер бұған дейін Атырау, Ақтау, Қостанай, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында ашылған еді. Ал негізгі әдістемелік орталық, басқаша айтсақ, ұлттық мектептер желісінің өзегі Астанадағы осы мектепте болмақ.