• RUB:
    5.02
  • USD:
    485.11
  • EUR:
    523.82
Басты сайтқа өту
Білім 10 Қыркүйек, 2024

Ғылыми-техникалық даму қай деңгейде?

93 рет
көрсетілді

Таяуда Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғимаратында халықаралық Механизмдер мен машинатану ғылымдарын дамыту федерациясының (IFToMM) қолдауымен ұйымдастырылған VІІ Азиялық «Asian MMS -2024» конференциясы өтті.

Бұл Азия елдері арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты ілге­рілетіп қана қоймай, нығайту мақ­сатында ұйымдастырылған халықаралық жоба – 2010 жылы Қытайдың Тайбэй қаласында ­бастау алған болатын. Міне, кезекті жетінші рет басқосу Алматы қаласында жалғасын тауып отыр. Аталған іс-шара Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің басшылығымен академик Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану инс­титуты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Ұлттық инженерлік академиясы бірлесе ұйымдастырған. Оған әлемнің 18 елінен 150-ден аса маман қатысты.

«Бұл инженерлік саладағы күш-жігерді біріктіретін, әлемдік сынақтарға оңтайлы шешім табуда жаһандық және отандық ғалымдар шоғырланған халықаралық арена деуге болады. Мұнда білікті мамандар жетістіктерімен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндіктер туып, жаңа серпін мен шабыт берері айқын», дейді академик Өмірбек Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының бас директоры Заир Уалиев.

Іс-шара барысында отандық ғылыми әзір­лемелер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге сапасы жоғары, айрықша сұранысқа ие заттар қойылған. Кейбір бұйымдардың белгілі бір параметрі шетелдік аналогтерден асып түспесе, кем емес.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан әлемнің дамыған көшбас­шы елде­рінің қатарына енуі керек» деген тапсырмасы, оған жету жолында ғылым са­ла­сының орны ерекше екенін атаған еді. Бүгін­де мемлекет тарапынан ғылымның дамуына қолдау жан-жақты көрсетіліп келеді. Бүгінгідей халықаралық деңгейден көрініп, мемлекетіміздің өркендеуіне жұмыла жұмыс істеуіміз керек», дейді бас директор.

Сонымен аталған іс-шараны Ұлттық ин­же­­­нерлік академиясының вице-президенті Амандық Төлешов ашып, халықаралық Меха­низмдер мен машинатану ғылымдарын дамыту федерациясы (IFToMM) әлемнің 45 елін біріктіретін беделді ұйым екендігін, оның құрамына болашақ технологиялар бойынша 14 комитет, машина және роботтану саласында­ғы жаһандық мәселелерге қатысты 3 тұрақты комиссия, пәнаралық алмасу және ғылымды дамытуда 4 жетекші топ, IFToMM атқарушы кеңесі небәрі 10 адамнан құрылғандығын, бұл жоғары басқару органына Қазақстан өкілі алғаш рет кіріп отырғандығын мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ конференцияға еліміз­дің барлық өңірлерімен қоса, Қытай, Италия, Ресей, Германия, Түркия, Польша, Үндістан, Перу, Украина және Қырғызстан секілді мемлекеттерден мамандар болды.

Бұдан әрі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің ректоры Жансейіт Түй­ме­баевтың, Ұлттық инженерлік академия­сының вице-президенті Рахман Алшановтың, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Закидің, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың, IFToMM президенті Андрес Кечкеметидің, Римдік Тор Вергата университетінің профессоры Марко Чекка­реллидің құттықтау сөздерінде өткізіліп отыр­ған іс-шараның ғылым үшін қаншалықты ма­ңызды, техникалық ғылымдардың қазіргі ахуалы мен болашағы, келешекте бұл саланың қарқынды дамып, ғалымдардың жаңа мақсатқа жетелейтіндігі айтылды.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Закидің Қазақстан ғылымы мен технологиялық саясаты аясындағы ауқым­ды баяндамасында осы жылдың 1 шілдесінде қабылданған «Ғылым және технология­лар туралы» заңның қаншалықты қажеттігі және отандық ғылымның дамуына қалай ық­пал ететіні жөнінде сөз қозғады. Бұл маңыз­ды құжат ғылымды дамытуға, технология­лық ин­но­вацияларды енгізуге және еліміз­дің бәсе­кеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағыт­талған.

Пленарлық отырыс Шанхай Цзяо Тонг университетінің Машина жасау институтының профессоры Джун Хэнің «Ғарыштық манипу­ляциялық роботтарды жобалау, басқару және жердегі тексеру сынағы» тақырыбында баяндамасымен, техникалық секциялармен, «Ғылым және технология: ынтымақтастық пен тасымалдау» атты дөңгелек үстелмен жалғасты.

Іс-шара барысында техникалық ғылым­дар жөнінде ең өзекті мәселелер талқыла­­нып, тығыз ынтымақтастықтың арқасында бір­­­­лесе шешу жолдары қарастырылды. IFToMM пре­­зиденті Андрес Кечкемети, рим­дік Тор Вер­гата университетінің профес­­со­ры Марко Чеккарелли және Қытай ғылым ака­де­мия­сы­ның вице-президенті Лю Лянцин Ұлт­­тық инженерлік академиясының «Құр­­мет­­ті мүшесі» атанды. Сонымен қатар бір­қа­­тар ше­тел­дік ғалымдарға Әл-Фараби ­атын­­дағы Қа­­­­­зақ ұлттық университетінің ­ректоры Жан­се­йіт Түймебаевтың атынан медаль табысталды.

Саланың жетекші сарапшылары арасында қызу талқылауға отандық ғалымдармен қатар Түркия машина теория­сы қауымдастығының президенті Гокхан Кипер, Шанхай Цзяо Тонг университетінің жетекші ғалымдары Чжун Хэ және Фэн Гао, А.А.Благонравов атындағы Машинатану институтының жетекші ғалымы Григорий Пановко, Винница ұлттық техникалық уни­верситетінің профессоры Сергей Павлов, Ғылым және технология AGH университеті­нің профессоры Яцек Циеслик, Қырғыз Республикасының ҰҒА Механика ғылымы, автоматика және геомеханика институтының бас директоры Бақтыбек Сұлтаналиев өз ойларын білдірді.

Елімізге танымал, аталған саланың мамандары Амандық Төлешов пен Саят Ыбырайдың «Қазақстандағы механизмдер мен машиналар теориясының дамуы: Жаңа инновациялық механизмдер мен биомеханикалық роботты жүйелер синтезінің теориясы мен тәжірибесі» және Шанхай Цзяо Тонг университеті Машина жасау институтының профессоры Фэн Гаоның «Пекиндегі Қысқы олимпиада, паралимпиада ойындарына алты аяқты шаңғы мен керлинг роботтарын жасау» баяндамасын қоса алғанда, екі күнде 50-ден астам баяндама техникалық сессияларда тыңдалды.