Жақында Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОРҒЗИ) онколог-хирургтері отандық медицина тарихында бұрын-соңды болмаған тәжірибе жасап, айрықша операция барысында 65 жастағы әйел адамның қарнынан салмағы 30 кило тартатын ісікті алды.
Науқас ішіндегі ісігі отыз килодан асқанша қалай жүре берген десеңіз, кейінгі уақытта қарны бірден өсе бастаған, іші шаншып ауырып, тамақ ішкеннен кейін тез тойып қалғандай болып, арқасы ылғи ауырып, әлсіздік пен тез шаршап қалатынын байқаған да, ҚазОРҒЗИ мамандарына жүгінген.
Науқастың айтуынша, дерті 2023 жылдың желтоқсан айында басталып, биыл шілде айынан бері іші шар үрлегендей үлкейе бастаған. Дәрігерлер тексерген кезде науқастың құрсақ қуысы мен жамбас жағында кистозды түзіліс (КТ) белгілері табылады. Іш қуысының компьютерлік томографиясы жамбас қуысынан шыққан үлкен кистозды-қатты құрсақ массасының суретін көрсетіп, оған қоса CA 125 онкомаркері де жоғарылағаны анықталды.
Медицинадағы сирек кездесетін осы жағдайға қатысты Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Онкогинекология орталығының меңгерушісі Ерлан Көкебасов: «2024 жылғы 13 тамызда Онкогинекологиялық орталықтың мультидисциплинарлық тобының (МДТ) отырысында осы жағдай талқыланып, науқасқа екіжақты кроссэктомия, лапаротомия, қосалқылары бар жалпы гистерэктомия мен оменэктомияға қоса, оңтайлы циторедукция көлемінде хирургиялық емдеу жолы ұсынылды. Науқас күрделі операция жасауға, қан құюға келісімін беріп, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ гинекологиялық-онкологиялық институтына жатқызылды», деді.
Ал ісікті гистологиялық зерттеуден өткізген кезде, нәтижесі науқаста аналық бездің қатерлі ісігін анықтап берген.
«Операция үш саты бойынша сәтті өтті. Бірінші кезеңде екіжақты кроссэктомия жасалды, өйткені науқаста аяғындағы кіші және үлкен көктамырларында кінәрат болды. Екінші кезеңде лапаротомия, яғни оң жақ аналық бездің аса көлемді ісігі алынып, қосалқылары бар жалпы гистерэктомия, сондай-ақ үлкен шажырқайдың бөліктері алынып, осылайша оңтайлы операция жүзеге асты. Аналық без ісігінің үлкендігіне байланысты іштің алдыңғы жағы қатты созылып кеткендіктен, үшінші кезеңде абдоминопластика жасау қажет болды», дейді дәрігерлер.
Айтқандай, ҚазОРҒЗИ онко-хирургтері дәл осындай алып ісікпен бірінші рет бетпе-бет келіп отыр.
«Институтымызда ұдайы осыған ұқсас клиникалық жағдайларға куә болып жатамыз. Дегенмен бұл науқаста анықталған аналық без ісігінің мөлшері тәжірибемізде ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, ТМД елдері мен Океаниядағы жетекші онкологиялық мекемелердегі әріптестеріміздің тәжірибе тұрғысынан қарағанда да, шындығында ерекше оқиға болды. Бұрын дәл осындай көлемдегі ірі ісік тіркелмеген екен. Алынып тасталған ісіктің салмағы шамамен 30-35 кило болып, тығыздығымен ерекшеленді», дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Диляра Қайдарова.
Қазіргі таңда науқастың ахуалы жақсы, өздігінен қозғалып, жүріп-тұра алады. Медициналық ұжымға деген ризашылығында шек жоқ, білікті дәрігерлердің кезіккеніне қуанады.
АЛМАТЫ