Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жаңа Салық кодексін қабылдауды келесі жылға қалдыруды ұсынды. Президенттің айтуынша, жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай саралау қажеттігі туындап отыр, яғни кім қанша көп табыс тапса, сонша салық төлеуі керек. Бұл тұрғыда Президент жаңа Салық кодексін қайта қарап, талқылау жүргізіп барып қабылдауды ұсынды.
«Торғайдан қорқып, егін екпей отыруға болмайды»
Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы, сарапшы Ғалым Байназаров Ұлттық экономика министрлігінің екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) корпоративті табыс салығы мөлшерлемесін 20%-дан 25%-ға арттыру туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Егер банктердің экономиканы қаржыландырудағы үлесі ойдағыдай болса, мұндай ұсыныс айтылмас еді. Біздің банктердің ұзақ уақыт бойы ресурстарға бай елдер арасында табыстылықтың ең жоғары көрсеткіштеріне ие болғаны Дүниежүзілік банктің сәуір-мамыр айындағы есебінде де айтылады. Былтыр Дүниежүзілік банк ел үкіметі 2009-2020 жылдары банктерге көмектесуге 8,2 трлн теңге бюджет қаржысын бөлді деп мәлімдеді. Мұны Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов те растады.
«Біздің банктердің шығыны төмен, салығы аз, табысы көп. Біз бұл көрсеткіш жағынан әлемде ешбір елге дес бермей отырмыз. Отандық банктердің негізгі клиенттері – халық пен өзіміздің компаниялар. Шетелдік компаниялар қаржыландыруды халықаралық институттардан іздейді. Несие портфеліндегі экономикаға, өндіріске берген несие үлесі өте төмен. Банктер тұтынушылық несие есебінен табысқа кенеліп отыр. Бұл ретте кей сарапшылардың «банктердің табыс салығы көтерілсе, несие пайызы көтеріледі» деген болжамымен келіспеймін. Банктерде қосымша табыс көзінің каналдары жетеді. Мобильді ақша аударымдары үшін алынатын комиссиялар – сомасына қарай 150-1 500 теңге. Есепшот арқылы аударымдар комиссиясы 0,2% бен 0,95%-ға дейін құбылып тұрады. Халықаралық аударымдар сомасы – аударатын сомасына қатысты тұрақты түрде 2 доллар немесе 10 мың доллар. Бірақ соған қарамастан елдегі 21 банктің салығы 600 млрд теңгеден сәл ғана асатыны өткен жылы айтылды. Ұлттық экономика министрлігінің олардың ҚТС салығын 25%-ға көтеру керек деген шешіміне осы фактор себеп болса керек», дейді.
Сарапшының айтуынша, ішкі нарықта теңге дипломатиясының мүмкіндігін пайдаланатын кез енді келді.
«Бұл – ұзаққа созылатын үдеріс. Мұны банктердің құрылтайшылары мен Үкімет арасындағы дипломатиялық майдан деуге болады. Шыны керек, банк құрылтайшылары да осал емес. Олардың арасында Үкіметтің кез келген шешімімен жүре сөйлесетіндер жетеді. Банктерді заңға мойынсұндыруға мәжбүрлейтін заң тетігі осыдан басталады. Біз банк туралы заң қабылдаумен банктердің мәселесін шеше алмаймыз. Қаржы сегментінде халықтан жасырып, бүгіп қалатын қалтарыстар болмауы керек. Ал банктердің ҚТС салығын көтерсек, несие пайызы көтеріліп кетеді деген қорқынышы торғайдан қорқып, бидай екпеумен бірдей. ҚТС-тың кез келген деңгейі банктердің табысына кері әсер ете алмайды. Қаржы сегментінің түтіні түзу болса, нарық пен банктің бір-біріне деген көзқарасы түзеледі. Мемлекет басшысының бұл ұстанымы түсінікті тілмен айтқанда, «банктер саған айтамын, қазақ бизнесі, сен де түзел» дегенге көбірек ұқсайды», дейді Ғ. Байназаров.
Тиімсіз салық жеңілдіктерін жою маңызды
«Halyk Finance» басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың айтуынша, реформаны бастау үшін проблемаларды зерттеу керек.
«Жаңа Салық кодексіне биліктің де, бизнестің де оң қабақ танытпауына үстірт дайындалуы себеп болып отыр. Салық кодексінде Мемлекет басшысының кейбір тапсырмаларына сілтеме жасалған, бірақ бұл да салық реформасының түпкілікті мақсаттарын түсіндіріп бере алмаған. Салық және бюджет жүйесінде дағдарыстың себеп-салдары туралы мәселе назардан тыс қалып отыр. ІЖӨ-дегі шикізаттық емес салықтық түсімдер үлесі – Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің орташа көрсеткішімен салыстырғанда айтарлықтай төмендігі де күрделі мәселе. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жаңа Салық кодексіндегі барлық жаңашылдық нәтижесінде мемлекеттік бюджетке салық түсімі жыл сайын 1,4 трлн теңгені құрайды деген мәліметінде негіз жоқ. Себебі салық түсімін 1 трлн теңгеге қалай арттыруға болатыны туралы нақты түсініктеме берілмеген», дейді ол.
Қаржыгердің айтуынша, Ұлттық қор мен мұнай долларына байланып қалғанымыз дағдарысқа себеп болғанын мойындай алмай отырмыз.
«Бұл – кешенің немесе бүгіннің емес, кейінгі 30 жылдағы экономикалық саясатымыздың қателігі. Оны әртараптандыра алмағанымыздың кері салдары. 2023 жылы республикалық бюджет шығыстарының 55%-ы шикізаттық емес салық және бюджеттің басқа да түсімдерінен, 45%-ы мұнай кірістері есебінен қаржыландырылды. Мұнай бағасы жоғары болған кезде Ұлттық қорға деген тәуелділігіміз төмендеп, қордың жинақтаушы функциясы толық күшінде жұмыс істеуі керек еді. Бірақ іс жүзінде олай болмады. 2000 жылдың басында мұнай өндіру көлемі қарқынды өсті. 2005 жылдан бастап мұнай бағасы көтеріле бастады. 2000-2007 жылдар аралығында ІЖӨ-нің орташа өсімі жылына 10%-дан жоғары болды. Бұл бюджет кірісінің өсуіне өте оң әсер етті. Меніңше, жеке салық мөлшерлемелерін 2006 жылға дейінгі деңгейге қайтару керек, өйткені олар ел экономикасының қарқынды өсуіне кедергі келтірмеді және мемлекеттік бюджеттің ұзақмерзімді тұрақтылығын қолдады. 2023 жылы Үкіметтің қосымша құн салығы мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді (2006 жылғы деңгейге қайтару) және жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын қайта енгізу туралы идеясын да қолдадық, сонымен бірге бұл шешімді қабылдамас бұрын біраз мәселелерді шешіп алуды ұсындық», дейді Темірханов.
Сарапшы салық көтеру алдында орындалуға тиіс бірінші шарт – бюджет шығыстарының тиімділігін арттыратын, бюджет тапшылығын азайтатын, барлық мемлекеттік шығынды парламент алдында, демек бүкіл қоғам алдында есеп беретін түбегейлі бюджет реформасын жүргізу деген ой айтады.
«Салық мөлшерлемелерін көтермес бұрын орындалуға тиіс тағы бір негізгі шарт – тиімсіз салық жеңілдіктерін толығымен жою. Бұл міндеттер орындалмайынша, халықаралық ұйымдардың талабы алдымыздан шыға береді», дейді сарапшы.
Олигархтар 5 жылда 8 трлн теңге дивиденд алған
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, жаңа Салық кодексі «бизнес пен инвестицияны ынталандыруға, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және өндірісті арттыруға тиіс». Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыруға кодекс жобасында тиімсіз салық жеңілдіктерінің бір бөлігі алынып тасталады, сондай-ақ барлық берілген жеңілдік салық есептілігінде көрсетіледі.
Мәжіліс депутаттарының жаңа Салық кодексін әзірлеуге кірісіп кеткенін, Қаржы және бюджет комитеті жаңа Салық кодексінің жобасы мен оған ілеспе түзетулерді жұмысқа қабылдағанын 4 қыркүйек күні білдік. Депутат Ерлан Саировтың сөзінше, бес жылдың ішінде отандық тау-кен өндірісінде олигархтар 8,5 трлн теңге дивиденд алған. Мұндай көрініс банк секторында да байқалды. Бұл – ел бюджетінің үштен бірі. Демек олигархтардың қалтасын қампайтуға мүмкіндік беріп келген жеңілдіктерді қайта қарайтын кез жетті.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев жаңа Салық кодексін әзірлеудің кейінге шегерілуіне бизнес өкілдері мен шенеуніктер арасындағы келіспеушілік себеп деп есептейді.
«Бұл құжатқа кейінгі 5-6 жыл ішінде 55 рет өзгеріс енгізілген. Мүдделі топтар бұл құжатқа кез келген иірімнен пайданы суырып алуға мүмкіндік беретін баптарды елеусіз ғана тықпалап жіберген. Ал кәсіпкерлер экономикалық өсуді қамтамасыз ете алатын неғұрлым либералды жобаларды ұсынған еді. Басқаша айтқанда, оң қолдың бастағысы келетін жобаларын сол қол қолдамайды немесе керісінше. Бізге екі тараптың арасында үйлесімділік керек. Мен Кодекстің жаңа, өзгертілген редакциясынан бизнес климатты сауықтыратын оң өзгерістер күтемін», дейді сарапшы.
Саясаттанушының айтуынша, құжатты қабылдауды кейінге қалдырмасақ, алдағы бесжылдықтарда экономикамен емес, асығыс қабылданған шешімдердің салдарымен күресуге тура келеді.
Дайындаған –
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ