Дүбірі алты құрлыққа жайылған Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының кезекті жарыс күнінде ел қоржыны жүлдеге тола бастады. Әсіресе төл спортымыз қазақ күресі мен аударыспақтан сенім артқан саңлақтар сенімді ақтады.
Қазақ күресінен мерейіміз үстем түсті
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының үшінші жарыс күнінде спортшыларымыз жанкүйерлердің мерейін тасытты. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы көшпелілер ойындарының аламаны мәресіне жетті.
Әйелдер арасында 48 кг салмақта Айжан Жылқыбаева финалдық белдесуге дейінгі қарсыластарын айқын жығып, көпшілікті шеберлігімен тәнті етті. Жерлесімізге этноспорт Олимпиадасының алтынын олжалау жеңіл соққан жоқ. Финалдық белдесуде қырғызстандық балуан Луиза Асакеева едәуір тегеурін танытты. Бұл салмақтың қола медалі өзбекстандық Мухаббат Окубова мен үндістандық Вайишвилиге бұйырды.
52 кг салмақ дәрежесіндегі Назерке Азаматованың да финалдағы қарсыласы елордаға чемпиондық атаққа қол жеткізуге келгенін танытуға барын салды. Десе де тәжірибелі Назерке өзбек қызы Ситора Эльмураждованы жықты. Грузиялық Ана Моргошина мен әзербайжандық Юльвия Байрамова қола жүлде олжалады.
56 кг салмақта белдесуге шыққан Рауза Нұрмахамбетова да ел сеніміне селкеу түсірмей чемпион атанды. Финалдық тартыста ресейлік Алена Фатихованы жеңді. Бұл салмақтың қола жүлдесі өзбек қызы Нозигүл Холмирзаева мен белорус балуаны Анастасия Хушоктің еншісіне жазылды.
Бақыт Құсақбаева (60 кг) алтын үшін тартыста поляк қызы Сония Лнайды ұтты. Қола медаль өзбекстандық Хуршида Туклиева мен ресейлік Камила Зулхарнаеваға бұйырды. Қазақ күресінен ел чемпионатында топ жарып, ұлттық құрама сапына қабылданған Бақыт Құсақбаева барлық белдесудің жеңіл тимегенін айтты. «Бапкерлер құрамы сенім артты, артымдағы қалың қолдаушым, қара орман жанкүйерлерімнің үмітін ақтауға барымды салдым. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының аурасы басқаша болады екен. Жекпе-жек сарайындағы көрермендердің ыстық ықыласы мен қолдауын жан жүрегіммен сезіндім. Финалда күрескен поляк қызы дзюдомен де шұғылданған, өте тәжірибелі балуан екен. Бірақ төл күресімізден өткен сайыста жеңілсек намысымызға сын болатындықтан, аянып қалмадым», дейді доданың жеңімпазы.
Ерлер арасындағы доданы 55 кг сал-мақта Бекжан Төлепов бастаған. Финал-дық белдесуде ол қырғызстандық Кимал Оболбековпен күресті. Дүниежүзілік көшпелілер ойындары басталар алдында басты қарсыласы осы қырғыз балуаны болады деп болжанған еді. Жеребе екеуінің жолын іріктеу кезеңінде емес, алтын үшін тартыста түйістірді. Дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысқан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бекжанның еншісінде қазақ күресінен әлем кубогі, әлем чемпионатының алтын медалі бар. Кемшін соғып тұрғаны осы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының алтын жүлдесі еді. Дегенмен де Кимал оңай жығыла салатын балуан емес екен, екеуі біразға дейін тең дәрежеде белдесіп, нәтижесінде, тәжірибелі жерлесіміз жеңіске жетті. Бұл салмақтың қола медалі әзербайжандық Эльшан Дунямалиев пен өзбекстандық Хуршидбек Чориевке бұйырды.
60 кг салмақта Мейіржан Берекетов әзербайжандық Ейуаз Бахишевті жығып, көшпелілер ойындарының чемпионы атанды. Қола жүлде эстон Марк Циркин мен грузин Гиорги Инашвилидің еншісіне жазылды.
Думан Қыздарбековтен тәлім алатын Дидар Тұқышев басты мақсатым осы додада чемпион атану дегенді айтқан еді. Төккен тердің өтеуіне алтын медаль еншілеп, финалда өзбекстандық Манушер Шырыновты жеңді. Қола медаль грузиялық Гиги Отиашвили мен қырғызстандық Байбол Саламатұлына бұйырды.
74 кг салмақтың финалдық белдесуі Жекпе-жек сарайына жиналған көрерменнің жүрегін қозғап жіберердей әсер етті. Себебі жерлесіміз Жұмажан Қожамбеков әзербайжандық Эмиль Хасановқа қарсы кілемге шыққан. Дзюдо күресінен халықаралық додаларда олжа салып жүрген Эмиль тіпті белдесудің алғашқы кезеңінде жартылай жеңіс ұпайымен алда тұрған. Қобалжыған көрерменнің гуілі спорт кешенінің ішін кернеп ала жөнелген. Десе де елішілік сайыстарда мықтылығын әйгілеп, Азия чемпионатын, әлем біріншілігі, Дүниежүзілік жекпе-жек ойындары сынды сайыстарда топ жарған Жұмажан асығып-аптыққан жоқ. Белдесудің түгесілуіне 30 секунд қалғанда шалт қимылмен әдіс жасап, қарсыласын айқын жеңді. Көшпелілер ойындарының күміс медалін місе тұтқан Хасанов психологиялық тұрғыдан әлсіздік танытқанына қатты өкінді. «Әттең жарты минут тіресіп тұрып алсам, жеңіс менің уысымда болатын еді. Қазақ күресінің ережесі, белдесу стилі өзгеше екен. Келешекте чемпион атануға тынбай еңбек етемін. Астана қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ұйымдастырылуы жоғары деңгейде. Ұлттық спорт түрлері осындай қамқорлықтың арқасында дамиды», деді әзербайжандық балуан. Бұл салмақтың қола медалі мажарлық Бендегуз Марсел Хежедус пен ирандық Поуриа Шокриге бұйырды.
Екінші сайыс күні кілемге шыққан Зарина Сарипова екі жыл бұрынғы жеңісін жаңалады. Ол 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында жеңіске жеткен еді. Елорда төрінде айтулы аламанның екі дүркін чемпионы атанды.
70 кг салмақта ел үмітін ақтаған Роза Нысантайқызы да қарсыласын қапы қалдырып, алтын медаль олжалады.
77 кг салмақ дәрежесінде көпшілік Зәмзәгүл Файзолланованың белдесуін асыға күтті. Дзюдо, самбо, қазақ күресінен де олжа салып, тіпті аралас жекпе-жекке де қатысқан Зәмзәгүл финалда сүрініп, күмісті місе тұтты.
+77 кг салмақ дәрежесінде Альбина Бахиева қола жүлдегер атанды.
Ерлер додасында Ерасыл Жанатаев (90 кг) қола медаль иеленсе, 100 кг салмақта Нұрсұлтан Мұзаппаров та Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының чемпионы атанды.
Аса ауыр салмақта (+100 кг) белдесетін Нұрдәулет Жарылғаповтан жарыс алдында пікірін сұрағанымызда: «Еліміздің төріндегі тартыста ұлттық спортымыздан жығылсам – азаматтығыма сын, барымды саламын», деп көңілімізді өсірген еді. Сырбаз балуан сөзінде тұрып, чемпион атанды.
Өкінішке қарай, 82 кг салмақта додаға қосылған Ерсін Сейітқазы алғашқы айналымда жеңіліп қалды.
Көшпелілер ойындары 21 спорт түрінен өтсе, соның ішінде қазақ күресіне ең көп қатысушы жиналды: 16 салмақ (8 ер, 8 әйел) дәрежесінде өткен белдесу додасына 41 елден 274 балуан білек сыбанып күреске түсті.
Тоғызқұмалақ тартысы тізгін қақты
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасына енген тоғызқұмалақ сайысы ерекше статистикамен басталды. Қатысушылардың алғашқы жүрістері 9 ойыншыдан тұратын 9 үстелдік тақтада, 9 ұядан өрбіді. Елімізде жыл сайын 9 қыркүйек тоғызқұмалақ күні ретінде атап өтіледі. Бұл атаулы мереке 2020 жылдан бері Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бастамасымен белгіленген. Этноспорт Олимпиадасында зияткерлік ойыннан сынға түсетін үздіктер 9 қыркүйекте таңғы 09-дан 09 минут өткенде тартысты бастап кетті.
Ашылу салтанатында дүбірлі додаға қатысушыларды құттықтаған Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов айтулы аламанның маңызы жоғары екеніне тоқталды. «Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында тоғызқұмалақтан сайыс басталған күні таңғы сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін 213 000-нан астам адам мектептерде, университеттерде, колледждерде және жұмыс орындарында өз тақталарын пайдалана отырып, блиц форматында тоғызқұмалақ ойнады. Ал осы айтулы күнге орай тоғызқұмалақтың зияткерлік ойынының жиынтығы ашық ғарышқа жіберілді», деді Әлихан Байменов. Ресей ғарыш агенттігімен арадағы келісімнің нәтижесінде ішінде тоғызқұмалақ ойынының тастары бар тақта алғаш рет Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында стратосфера қабатына көтерілді.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Тоғызқұмалақ федерациясы Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекциясының басшысы Наиль Нұров ұлттық ойынның қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясындағы тоғызқұмалақ додасында 41 елден келген 114 ойыншы бақ сынайды. Астана қаласындағы «Думан» қонақүйінде 13 қыркүйекке дейін тоғызқұмалақ, мангала және овари ойындарынан да сайыстар өтеді.
Тоғызқұмалақ – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі зияткерлік қабілеттерді дамытуға арналған. 2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның адамзаттың мәдени мұралары тізіміне енді.
Овари – Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны, оны екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатардан тұратын алты бірдей ұя орналасқан, олар 12 кішкентай ұяны құрайды және жиналған тастарды сақтауға арналған үлкен ұялар бар. Овари ойыны 48 шармен ойналады.
Мангала – түрік халқы арасында танымал зияткерлік ойын. Оны да екі ойыншы ойнайды, ойын тақтасында алты бірдей ұядан тұратын екі қатар орналасқан, олар 12 кішкентай ұяны құрайды және шарларды сақтауға арналған үлкен ұялар бар. Мангала ойынын да қатысушылар 48 шармен ойнайды.
Аударыспақ: бес балуан чемпион!
Аударыспақтан алғашқы алтын медальды Ермек Құралбай қанжығамызға байлады. 60 кг салмақта сынға түскен балуан финалдық тартыста қырғызстандық Жексенбек Тұрдыбековті ер үстінен аударып тастады.
70 кг салмақта сайысқа қатысқан Алмат Ләтіпбекті қалың жанкүйер бұған дейін ММА жекпе-жегінің жауынгері ретінде жете танитын. Ұлттық спортқа ынтасы ауып, аударыспақтың қыр-сырын қысқа уақытта меңгерген балуан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының чемпионы атанды.
80 кг салмақта аударыспақтан екі дүркін әлем чемпионы деген атаққа ие Дарын Өткелбай барлық қарсыласын айқын ұтып, жанкүйерлерді қуантты. «Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында жеңіске жетсем деп, жаттығуды тыңғылықты жүргіздік. Негізгі қарсылас саналған қырғыз балуаны өте тегеурінді болды. Екеуміздің жолымыз финалдық тартыста түйісетін шығар деп топшылап едім. Бірінші айналымда қырғызстандық балуанды атынан аударып тастадым», деді көшпелілер ойындарының чемпионы.
Ат үстіндегі сайыстың екінші жарыс күнінде Сырым Ізбасаров (100 кг), Біржан Қосалиев (+100 кг) Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында жеңіске жетті. Есімхан Рахматіллә (90 кг) финалда сүрініп, күміс жүлде иеленді.
Аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев «арық сөйлеп, семіз шыққанына» қуанышты екенін жеткізді. Журналистер қауымы дүбірлі дода қарсаңында сұхбат құрып, аударыспақтан неше алтын медаль күтеміз деп сұраған еді. Алты балуанымыз атқа қонады, төртеуі жеңіске жетуге тиіс дедім. Бірақ біз ойлағаннан да жоғары нәтиже бұйырып, бес салмақ дәрежесінде алтын медаль олжаладық», деді бас бапкер.
Намыс сыналып тұр
«Алау» мұз айдыны сарайында да көшпелілер ойындарының сайыстары өтіп жатыр. Асық ату мен бес асықтан қатысушы спортшыларымыз іріктеу кезеңін сәтті өткізді. Өкінішке қарай, мас-рестлингтен әзірге алтынның ауылы алыс секілді.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасына енген саха халқының ұлттық спорты таяқ тартыстан (мас-рестлинг) сайыс «Алау» мұз айдыны сарайында өтіп жатыр. Мас-рестлинг сайысында 31 елден 98 спортшы білек күшін сынайды. Үміт артқан спортшымыз Бірімжан Асылмұрат 65 кг салмақта қола жүлде иеленді. Қыздар додасында Тахмина Қожамбердиева (55 кг) мен Ольга Душаева (75 кг) да қола медальды місе тұтты.
Өзбектің ұлттық спорты кураштан да спортшыларымыз жүлделі болды. 87 кг салмақта Альбина Бахиева барлық қарсыласын айқын жығып, чемпион атанса, Ажар Салықова (79 кг) мен Толғанай Әбеуова (57 кг) финалда сүрініп, күміс медальды місе тұтты. Ұлболсын Әділова, (87 кг), Алтынай Нұрханова (57 кг) қола медаль иеленді.
Ерлер арасында Марат Байқамыров (+100 кг), Ернұр Сүлейменов (60 кг), Айбек Қазақбаев (66 кг), Нұрдін Шаймерден (73 кг) күміс медальды еншіледі. Марат Нығматуллаев (60 кг), Әділет Ахметғали (73 кг), Ерзат Арғынов пен Бекәділ Шаймерденовке (81 кг) қола медаль бұйырды.