• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 11 Қыркүйек, 2024

Сардарлардың бес алтыны

89 рет
көрсетілді

Елордамызда өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпелілер ойындары­ның екінші күні жарыс жолына шыққан Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшылары ел қоржынына бес алтын, бір күміс медаль салды.

Қазақ күресі, жамбы ату және кураштан өткен сайыстарда армия спортшылары сәтті өнер көрсетті.

«Дүниежүзілік көшпелілер ­ойындарында спорттың бес түрі­нен 14 армия спортшысы сынға түсіп жатыр. Екі күн ішінде олар алты медаль ұтып алды. 2025 жылы Астанада қазақ кү­ресінен халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) әлем чемпионаты өтеді. Бұл жарысқа осы ұйымның өкілдерін арнайы шақырдық. Бүгінгі жарыс – әскери спортшылар арасында қазақ күресі жарысын да­йындау мен насихаттаудың ма­ңызды кезеңдерінің бірі», дейді Қор­ғаныс министрлігі Спорт коми­тетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы, полковник Арман Әбеуов.

Жамбы атудан Азия стиліндегі жарыста Қарулы күштер қыз­меткері Батыр Бексауыт чемпион атанды. Бұл спорт түрінен 27 ел­ден барлығы 78 спортшы бақ сынас­ты.

9 елдің 64 спортшысы қатысқан аударыспақта 70 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Қарулы күш­тер қызметшісі Алмат Ләтіпбек алтын медаль иеленді.

Қазақ күресінен өтіп жатқан жарысқа 41 елден сегіз салмақ дәрежесі бойынша 274 спортшы (ерлер мен әйелдер) өтінім берген. Балуандар белдесуі Жақ­сылық Үшкемпіров атындағы жек­пе-жек сарайында өтіп жатыр. Бозкілемдегі сайыста Қару­лы күштер қызметшілері Бекжан Төле­пов (55 кг), Жұмажан Қожамбеков (74 кг) және Бақыт Құсақбаев (60 кг) жеңімпаз атанды.

Ал кураш турнирінде армия балуаны аға лейтенант Марат Байқамұров 100 килодан аса салмақ дәрежесінде күміс медальді жеңіп алды.