Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ERG (Eurasian Resources Group) компаниясы Павлодарда ғылыми-инновациялық хакатон өткізді. Жиынға ғылыми институттардың, ірі жоғары оқу орындарының, «Қазақстан алюминий» АҚ жетекші ғалымдары қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы – «Еліміздегі металлургиялық кәсіпорындарды ғылыми-технологиялық дамыту». Сарапшылар арнайы құрылған топтарда жұмыс істей отырып, бірнеше технологиялық ұсыныс әзірледі.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Закидің айтуынша, хакатон – еліміздегі ғылымды коммерцияландырудың инновациялық форматы.
«Бүгінгі таңда біздің алдымызда іргелі зерттеулерді дамыту ғана емес, сонымен қатар ғылыми әзірлемелерді өндіріске белсенді енгізу міндеті тұр. Хакатон – ғалымдар мен өнеркәсіпшілер үшін нақты технологиялық қиындықтарды шешуде күш біріктірудің жақсы мүмкіндігі. Мұндай инновациялық форматтар елдегі ғылым мен технологиялық үдерістің табысты коммерциялануының негізі. Технологиялық сын-қатерлерді шешуде ғалымдар мен өнеркәсіпшілердің күш-жігерін біріктірудің маңызы жоғары», деді ол.
Еліміздегі «ERG» бас директорының орынбасары Йохен Бербнер хакатонның ғылыми-технологиялық даму картасын қалыптастыруға және отандық әзірлемелерге негізделген шешімдерді әзірлеуге көмектесетінін атап өтті. Ғалымдар мен өндірушілер жер қыртысының тереңінде жатқан Көктал бокситінің сипаттамасын, оларды өндіру әдістерін, алюминий рудасындағы жоғары ылғалдылық мәселелерін, бокситтерді қайта өңдеудің инновациялық технологияларын және алюминийдің сапасын жақсарту жолдарын зерттеді. Сондай-ақ алюминий зауыттарының жабдықтарын жаңғырту, алюминий өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеу және Павлодар алюминий зауытының өнімдерінен галлий мен скандийді тиімді алу мәселелері талқыланды.