Батыс Қазақстан облысының Орал қалалық соты 2019-2020 жылдар аралығында «Качество PLUS» ЖШС қаржы пирамидасын құрған Орал қаласының тұрғынын анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Прокуратураның хабарлауынша, инвестициялық жобаларды заңды түрде қаржыландырамыз деген желеумен сотталушы 73 салымшының қаражатын заңсыз иемденіп, жоғары табысқа уәде берген. Нәтижесінде жәбірленушілер жалпы сомасы 143 миллион теңгеден астам материалдық шығынға ұшыраған.
«Одан әрі сотталушы «Свой DOM.kz» және «Pater Hause» тұрғын үй-құрылыс кооперативінен жалпы сомасы 161 миллион теңгеден астам қаражатты ұрлағаны анықталды», деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Мемлекеттік айыптаушы тарапы сотталушының қаржылық пирамиданы құруға және басқаруға, сондай-ақ қаражатты ұрлауға қатыстылығын дәлелдеген.
Сот сотталушыны кінәлі деп танып, қаржы ұйымдарында басшы лауазымдарды атқару және 10 жыл мерзімге қаржы ұйымының мүшесі болу құқығынан айыра отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырған.
Сонымен қатар сот үкімімен тыйым салынған жылжымайтын және жылжымалы мүлік, атап айтқанда жер телімі мен автокөлік келтірілген шығынды өтеуге жіберілген.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.