• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мирас 12 Қыркүйек, 2024

Мәртөбе мәртебесі

200 рет
көрсетілді

Жуықта ғана Әбіш Кекілбайұлының немересі Абыл жазушы мұрағатынан бір бейнежазба жіберіпті. Сары далада жаяу жүрген бір топ зиялы. Ортада – маңдайы жарқырап, қолын сермеген сайын әр тастың тарихын жатқа соғып тұрған абыз Әбіш. Табанының астындағы төбенің киесін сезініп, ата-бабаның рухы қонғандай толғатады келіп. Сонау қатпар-қатпар дүниенің дүбірінде қалған ғасырлардан тебірене сыр шертеді. Не деген толассыз білім десеңізші. Дәл бір қазған сайын бұрқ-сарқ етіп бұлқына атқылайтын бұлақ сынды. Қарымды қаламгер, көрнекті тұлғаның қандай бейнесі болса да оқырманға ыстық емес пе? Сонау ескі жылдардың елесінде түсірілген бейнежазбаны тарихтың моншақ-көзіндей, кешегі күннен қалған бір белгідей қабылдап, өткен уақытқа сапар шектік.

Иә, бұл – 2001 жыл екен. Сол кездегі Мемлекеттік хатшы абыз Әбіштің облыс­тармен танысып, Сайрам маңындағы Мәртөбеге барған сапары. Қасында – сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов пен өңір журналистері бар.

Әбіштің ұлт тарихындағы саяси-әлеу­мет­тік маңызы үлкен бұл мекен тура­лы айт­қан алғашқы сөзі – нағыз тарихи баға. «Бұл жер – қазақ тарихының ең гауһар тө­бесі. Қазақ тарихында бұдан қа­сиетті жер болуы мүмкін емес», дейді жазушы.

Иә, тереңнен толғатсақ, арғы Әбіл­қайыр қайтыс болғаннан кейінгі Қазақ хандығының дұрыстап бірігуі осы жерде жү­зеге асқан. Қазақтың алғашқы заңдық-құқық­тық жоспарының бәрі осы төбеде жасалған.

«Ол кезде Қазақ хандығының құрамын­да қыр­ғыз, қарақалпақ ағайындар бар. Бұл жерде құрылтай өткізген ең соңғы билікші – Тәуке хан. Ол үш тараптан келетін бүкіл хандардың басын біріктіріп, қазақтың үш жүзіне үш ұлыс қылып қоныс беріп, әр руға ентаңбаны қайтадан таңбалап, әр­қай­сының жүретін суын, баратын өрісін, көші-қо­нын – бәрін осы тұста белгілеген. Қазақ­тар жылына екі рет құрылтай өт­кізген – бі­реуін көктемде, біреуін күзде. Бас құ­рыл­тай осы Мәртөбеде өткен. Ха­лық­ара­лық жағдайды да осы жерде тал­қы­лаған. Шығыста ол кезде Жоңғар та­ра­пы­нан үлкен қысымшылықтар болып­ тұрды. Соған байланысты жасалатын харе­кет­тер­дің ұлы жобасы осы жерде келісілген. Сондықтан бұл – Мәртөбе. Бір жағынан қарасаң, мәртебе – қазақтың ең үлкен статусты биігі», деп бағалайды. 

Жоңғарлардың уақытша Жетісу аума­­ғын өзіне қаратуына байланысты ең соң­ғы қазақтың басына күн туған – осы Сай­рамның алынуы болғанын да білеміз. Өйт­­кені Сайрамның алынуында да жоң­ғарлар қазақтың көшпелі мал шаруа­шы­лығындағы жағдайын пайдаланған.

«Қазақтардың үлкен саяси бірлігіне нұқсан келтіру үшін осында тұратын байырғы сайрамдықтардың ақсүйек тұқымдарының әрқайсынан 60 үйден аманат алған. Сайрам қаласындағы барлық кәсіпкерлерді, өнер адамдарын құл қылып айдап әкетіп, Шығыс Түркістанда өздерінің Сайрам деген қаласын салды. Міне, сөйтіп осы Сайрамның уақытша тапталып қалуына байланысты қазақ билікшілері құрылтайларын енді Мәртөбеде емес, Орта Шыршықтың бойындағы Күлтөбеде өткізген. Қазір ол төбе жоқ – мақта салынды, кеңістіктердің астында қалып қойды. Сол кездерде мәслихат орындарының бір жерден бір жерге көшуінің барысында 1711 жылы Қарақұм съезі Қарақұмда өтті. Одан кейінгі 1726 жылы ең соңғы үлкен құрылтай Орбасыда өтті. Сонда бұл жерді шын мәніндегі қазақтың тарихи бірінші парламентінің орны деп түсінуге болады», дейді Әбіш Кекілбайұлы.

Өңір тілшісінің «Әбіш аға, исі қазақ үшін қасиетті жер саналатын Мәртөбені келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру тұрғысын­дағы ойыңыз қандай?» деген сұрағына да салмақты жауап береді. Тіпті, бүгінгі күн­де де өзекті мәселенің шешімін айтып тұрғандай.

«Мұра етіп қалдырудың ең үлкен жолы – тарихты жамамау керек. Тарихқа жөндеу жараспайды. Қазір біз сәл нәрсе болса, тарихты әсемдеуге кірісеміз. Ол бізді тарихтан аластатады. Меніңше, осы тарихи ландшафты сақтау керек, Мына қалған төбеге ештеңе қоспау керек. Осы қалпында сақтап, жан-жағына келетін жол салып, алы­сырақ әңгіме құратын жерлер салу керек. Жыл сайын осы жерде ұрпақтардың басқосуы ма, әлде зиялылардың басқосуы, ақ­сақалдардың тәрбие, заман барысы жөнінде ақылдасуына лайықты жиындар өткізіп тұру керек. Бұрынғы екі кезең сияқты екі кезеңде келіп, пәтуа, халықтың өзінің пәтуасы, үкімет араласар-аралас­пас, билік алысу, саясаттандандырылған мәс­лихат емес, қазақтың тәрбиесі, қазақ баласының келешегі, кәсіпке үйрену, мына заманда неден тартынуымыз керек, неден безінуіміз керек, неге үйренуіміз керек деген пәтуаны осындай жерде жүргізсе, дұрысырақ болар еді деп есептеймін», дейді абыз қаламгер.

Иә, осыдан жиырма жыл бұрын айтыл­ған Әбіштің айтулы сөзін («Тарихты жамамау керек») осы қоғамда да қайта еске алатын, жадыда жаттап, бағыт қылып ұстайтын сәттер кездесіп жатады. Әттең...

Жалпы, Мәртөбе мекені қаламгер Әбіш­ке таңсық емес. Жазушы тарихи тақы­рып­ты «Елең-алаң», «Үркер» романдарында қаузаған. «Бұрын үш жүздің дастарқаны бірге жайылып, қамшысы қатар жатар мұндай жиындар Сайрам шаһарының көк желкесіндегі Мәртөбеде өтуші еді» деп жазады («Үркер»). Үш жүздің мәслихаты жайында һәм айналасындағы тарихи оқиғаларды шебер өре отырып, романның жеті бетіне тарқата суреттейді.

Мемлекеттік хатшымен бірге сапарлас болған Сауытбек Абдрахманов ­«Абыз Әбіш» кітабында да осы «Үркердегі» Мәр­төбе жиынының сән-салтанатын жазады.

«Осында бәрі бар – елдігіміз де, бірлігі­міз де, тарихымыз да,  дәстүріміз де, өнеріміз де, эстетикамыз да, этнографиямыз да,  менталитетіміз де... Ал қараңыз: «Осы­нау іргесі ажырамас үш бауыр таудың ту сырттарында үш бауыр ел жатар-ды.

Мәртөбедегі жиынға Алатаудың қойнау-қойнауынан саулай төгіліп, топан судай қаптап ұлан-асыр Ұлы жүз тобы ке­лер-ді. Қаратауды теріскей айналып, сонау Торғай мен Ертіс арасын­дағы салқын белдер мен саумал көлдерді сайрандай көшкен жойқын орда – ормандай қалың Орта жүздің қара құрым тобы қаптағайлар-ды. Қаратауды күнгей айналып жылқысы Жайық пен Жемге, түйесі Жойқындария мен Сойқандария­ға, ақтылы қойы Елек пен Ырғызға қап­тай жайылып, далиып жатқан киіздей тұтас Кіші жүздің өңмеңдеген өжет қолы батуға бет алған қып-қызыл күн астынан құйындатып құйғыта құлар-ды. Шартараптан қызылды-жасыл көш көрінер-ді. Көштің бәрі Мәртөбе ма­ңы­ның майсасын баспай, бастарын алыс­тан іркер-ді. Бір жағы сонау Қошқар ата бойы, бір жағы мынау Сайрам су, алды анау Қазықұрт, жағалай жазыққа алқа­дай тізіліп ақ жұмыртқа ауылдар қонар-ды». Паһ, шіркін десеңізші! Неткен сурет, неткен тіл, туған халқына, оның өмір салтына, әдет-ғұрпына, елдігімізге деген неткен перзенттік махаббат! Бірлік апо­феозы ғой бұл! Осындай халықтың перзенті болғаның үшін қалай ғана мақтанбассың, еліңнің елдігін осындай сүйіспеншілікпен суреттейтін, осындай тілмен төгілдіріп түсіретін қаламгермен замандас болғаның үшін тағдырыңа қалай ғана тәубе етпессің?» дейді автор.

Иә, жазушы не жазса да зерттеп, танып, тереңінен қаузап, түбінен қазып жазса керек. Әбіш романында Мәртөбені мысалға келтірер жолдар жетерлік. Тұтас шы­ғарманың өзі шеберлік пен тарихи оқи­ғалармен қатар өріліп отырады. Бей­нежазбадағы Әбіштің соншалық төгіліп сөйлеуінің бір сыры да осында шығар.

Сонау 2000 жылдары Оңтүстік өңірде қызмет істеген әдебиеттанушы Құлбек Ергөбек Мәртөбенің қалай жаңғырып, тарихи орынға айналғанын еске алды.

«Мәртөбені бәріміз ауыздан-ауызға таралған аңыз-әңгімелер арқылы білдік. Бірақ, тап Әбіштей білмейді екенбіз. Әбіш өзінің «Елең-алаң», «Үркер» романында осы Мәртөбе жайында жазған бірсыпыра мәліметі бар. Әбіштің жады сұмдық болатын. Сол 2001 жылы Оңтүстікке арнайы сапармен келген кезде ол бір ғана мәселе көтерді – Мәртөбені тарихи орынға айналдырып, жаңғырту. Сөйтіп сол жылдары Мәртөбе еліміздің рәміздік сипаттағы жиындарын өткізуге жарайтын қара орын­ға айналды. Ашылуына Әбіш Кекілбай­ұлы арнайы келді. Мәртебелі сөз сөйлеп, телегей-теңіз толқып тұрып, қайдағы-жайдағы тарихты қозғап, қазақтың тарихының өзі шерлі тарих қой, соны ботадай боздатып айтқаны бар. Өшкеніміз қайта тірілгендей мәре-сәре болған едік», дейді Құлбек Ергөбек.

Бүгінде Мәртөбе – сол Мәртөбе. Сол төбе, сол дала. Әбіш Кейілбайұлы айт­қандай, айтар­лықтай өзгеріс енгі­зілмеген. Сол күйін сақтап тұр. Тек қазір Шымкент қаласы, Қаратау ауданына қарайды. Қоршалған қарау алаңы бар (оған сатымен шығады), онда төбенің тарихы жазылған тақтайша қойылған. Сыртында автотұрақ пен қол жуатын жері де қарастырылған.

Енді ресмиліктен ада ұлттың бүгіні мен болашағына қатысты пәтуалы жиындар өткізіліп тұрса, Әбіш Кекілбайұлының бір аманатын орындаған болар едік.