• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 12 Қыркүйек, 2024

Табандылар тартысы

114 рет
көрсетілді

V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының бағдарламасына тұңғыш рет енгізілген спорт түрінің бірі – арқан тартыс. Бұл – қазақ даласында ықылым заманнан бірге жасап келе жатқан күш сынасу түрі. Жарыстың төртінші күні әлемнің әр түкпірінен келген ондаған команда ерлер және әйелдер арасында үздіктерді анықтады.

«Жамбы ату» және «Арқан тартыс» ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясовтың айтуынша, арқан тартыс спортына әлемде қызығушылық артып келеді. Негізі мұндай спорт түрі дүние жүзіндегі басқа да халықтарда бұрыннан бар. Әркім оны өз тілінде атайды. Дегенмен біздің бас­тамамызбен биыл ол қазақтың ұлттық спорт түрі ретінде көшпелілер ойындары бағдарламасына еніп отыр.

Сонымен ерлер арасында бұл сында Ұлыбритания, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Пәкістан және Қазақстан құрамалары өзара кім мықтыны анық­таса, қыздар арасында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан арулары тартысты бәсекелер өткізді.

Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарындағы нағыз делебені қыздырған сайыстардың бірі де осы арқан тартыс болды. Өйткені әсіресе қазақ құрамасы алаңға шыққанда «Алау» сарайына жиналған көрермендер ду қол шапалақтап, өз спортшыларын қолдағанда шынымен кеудені мақтаныш сезімі кернеді. Міне, осы қолдау да біздің қыздарымыз бен жігіттерімізге жігер беріп, демеп отырғанына шүбә жоқ.

Қара күш иелерінен құралған жігіттер құрамалары сынында жартылай финалға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Пәкістан спортшылары шықты. Бұл жолы қазақ жігіттері пәкістандықтарды қапы қалдырып, финалға шықса, ресейліктер айыр қалпақты ағайындардың жолын қиды.

Осы күні түстен кейін алдымен Қырғызстан мен Пәкістан құрамалары 3-орын үшін таласып, атысты бәсекеде Алатаудың ар жағынан келген бауырлас елдің бағы жанды. Олар – жарыстың қола жүлдегері.

Ал финалдық айқас тікелей ма­ғынадағы табан тірескен тартыспен есте қалды. Алғашқы бәсекеде бастапқы бес минуттай екі жақ та бір-бірінің қателесуін бағып, артық қимыл жасаған жоқ. Бір уақытта шалт қимылмен іске кіріскен ресейліктер, өкінішке қарай, біздің жігіттерді оп-оңай сүйреп әкетті. Есеп 1:0. Бұл көріністен кейін алтын медальдан үміт үзілгендей болған. Алайда екінші тартыста біздің сайыпқырандар көпке созбай, ресейліктерді оңай сүйреп, жеңіске жетті. Сонымен есеп теңесті.

Соңғы шешуші сәтте қазақ жігіттерінің бабы сай болғанымен, сәттілік жетіспей қалды. Екі жақ та алтын медаль қол созым жерде тұрғанын түсініп, барын салып айқасып, қара терге малшынды. Бірақ бұл жолы ресейліктердің жолы болып, көшпелілер ойындарының чемпионы атанды. Біздің жігіттерде – күміспен күптелген медаль.

Қыздар бәсекесінде де дәл осындай жағдай қайталанды. Жартылай финалда сүрінген Өзбекстан мен Қырғызстан құрамаларына қола медаль берілсе, алтын жүлдені тағы да Ресей мен Қазақстан арулары сарапқа салды. Өкінішке қарай, бұл жолы да ресейліктердің бағы жанып, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жеңімпазы атанды.

Сонымен арқан тартыс бәсекесі өз мәресіне жетті. Қазақстан қоржынында – қос күміс. Ұлттық спортымыздың мерейін асқақтатып, әлемге танылуына өз үлесін қосқан спортшыларымыздың жеңісті күндері әлі де алда.