Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының спорттық сайыстары «Қазанат» ипподромының маңынан бой көтерген этноауылда да өтіп жатыр. Мұнда көпшілік алыптар сайысын, құсбегілік өнерден саятшылардың қырағылығын тамашалайды. «Көшпелілер әлемінде» қала тұрғындары мен қонақтары қолөнер шеберлері мен зергерлердің туындылары тізілген көрмені аралап, концерттік шараның думанына кенеледі.
Этноауылда бой көтерген балалар алаңы да көшпелілер аламанының кішкентай көрермендеріне орасан көңіл-күй сыйлады. Мұнда ұлттық ойынды ұлықтайтын түрлі сайыстар көптеп ұйымдастырылды. Әсіресе жас жеткіншектерге асықтан өтетін сайыстар ерекше әсер сыйлады. Астана қаласының тұрғыны Ролан Ниязов 2-сыныпта оқитын ұлы Айсұлтанды көшпелілер ойындарын тамашалауға арнайы ертіп келіп, ұлттық құндылығымыз дәріптеліп, салт-дәстүріміз жаңғырған этноауылды аралатқанын айтады. «Мұнда балалар тамашалайтын түрлі аттракциондары жетерлік екен. Бізге ұнағаны асық ойыны болды. Бала күнімізде асық ойнап есейдік, бірақ қазіргі балалар, жасыратыны жоқ, «қолыңа жақса сақа тұтатын» асықты түстеп танып, қандай ойын түрлері бар екенін де біле бермейді. Егер мектепте арнайы пән ретінде оқылмаса да, қосымша үйірме есебінде іске қосылса, балалардың қызығушылығы артар еді. Білуімше, кейбір мектептерде асық үйірмесі де бар екен. Баланың ойлау жүйесінің дамуына, физиологиялық өсуінің дұрыс қалыптасуына асық ойынының тигізер пайдасы зор», дейді елордалық тұрғын.
Өзін колледж студентімін деп таныстырған Жанел Қырықбаеваға да «Көшпелілер әлемінде» асық ойыны ерекше ұнапты. Мектепте оқып жүргенде бес тас ойнап үйренген едім, бүгінде бұл ойынды таспен емес, асықпен де ойнайды. Ұшқырлықты, ептілікті сынайтын бес асыққа замандастарым да қызығады. Өзім де қолыма асық ұстап, шеберлігімді сынап көрдім», деді Ж.Қырықбаева.
Астана қаласындағы ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының маманы Әбдімүсілім Мейірманов – ұлттық құндылықтарымызды талмай ұлықтап жүрген жан. Этноауылдағы балалар алаңына да асық ойнауға арнайы керек-жарағын арқалап келіпті. «Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысуға ғана емес, тамашалауға да әлемнің әр қиырынан туристер келді. Біз ұлттық ойындарымызды соларға да насихаттап, көрсетіп дәріптейміз. Асық шерту – ойынның әліппесі. Бала сақаны шертуді меңгерсе, асық атуды да тез игереді. Этноауылға келген жеткіншек қонақтарымыздың ұлттық ойындарға қызығушылығы жоғары. Ұлттық төл ойындарымызды дамытуға бәріміз күш салуға тиістіміз», деді маман.