Елімізде өтіп жатқан көшпелілер ойындарын тамашалау үшін Анкарадан автобуспен шыққан түрік отбасы Түркия елшілігінде болды.
Алыс жолдан келген қонақтар 5 400 шақырым жол жүрген. Қазақ топырағына табан тірегелі түрік отбасына көрсетілген жергілікті халықтың ықыласы жоғары болды. Елордаға барар жолда олар еліміздің түрлі қалаларында тоқтайды. Шетелдік меймандар бұған дейін Ақтауда мен Ақтөбе облысында аялдады. Алдымен саяхатшылар Байғанин ауданына, содан кейін Темір ауданы, Ақтөбе қаласы мен Хромтау ауданы тұрғындарының қонақжайлылығына тәнті болды. Ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүрімен танысты.
Бас қалаға табан тіреген түрік отбасын бірінші күні қала әкімдігі қарсы алып, қазаққа тән сый-сияпат көрсеткен. Әкімдік саяхатшыларға Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылуына билеттер табыстады. Меймандар 12 тамызда жолға шығып, Грузия, Ресей, Татарстан арқылы 21 күнде Астанаға жеткен. Идил мен Бурак 2 жасар ұлымен бірге Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын көру үшін арнайы келген. Өздерінің айтуынша, «Көшпелі» деп аталатын шағын автобусты алыс сапарға арнайы жабдықтаған. Ерлі-зайыптылар көшпелілер ойынынан кейін саяхаттарын Өзбекстан, Қырғыз Республикасының жерінде жалғастыруды ниет етіп отыр.
Сонымен бірге түрік отбасы Астанадағы Түркия елшілігінің резиденциясында қонақта болды. «Астанаға жеткенімізге қатты қуанып тұрмыз. Қазақпен түбіміз бір туысқан халықпыз. Шынымды айтсам, атажұртқа келгенде де көңіліміз алабұртып, көзімізге жас келді. Менің анам қырғыз. Қазақ халқының қонақжайлығы, көрсетіп жатқан ілтипаттарынан, үйімізде жүрген сияқтымыз. Саяхат барысында қазақ халқымен жақын танысып, қызықты уақыт өткізгіміз келеді», деді ағынан жарылған Идил Дуран.
Ыстанбұл қаласының тұрғыны Бурак Дуран қазақтың кең даласынан өтіп бара жатқанда керемет әсер алғанын айтады. «Қазақ даласы өте үлкен, табиғаты бізге ұнады. Алайда бір қаладан келесі қалаға жетудің өзі ұзақ уақыт алады екен. Жасыратыны жоқ, жолда автобус сынып, өзге де қиындық болды. Бірақ жергілікті әкімдік жедел жетіп, қолұшын созды. Қазақ халқының қонақжайлығын тағы да ерекше айтқым келеді, тіпті полицейлер де жәрдемін аямай, жол көрсетіп отырды», дейді түрік саяхатшысы.