Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Парламент депутаттарымен кездесу өткізіп, онда ел Президентінің тапсырмаларын іске асыру шеңберіндегі шараларды ұсынды. Кездесуге Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Вице-премьер елдегі шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарымен жұмыс істеуге назар аударды. Бұл бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі білім беру бағдарламаларын, оқыту технологияларын трансферттеу мәселесін көтерді. Студенттердің білім деңгейін, құзыреті мен дағдысын бағалау бөлігінде олардың жұмысына бірыңғай талаптар қабылдауды жоспарлап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білім беру сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылады. Бұл ретте негізгі критерийлер – Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдері қолданатын көрсеткіштер. Бағалау нәтижелері бойынша жоғары оқу орындары лигаларға бөлінеді.
– Жаңа ережелер білім беру гранттарын бөлуге де әсер етеді. Алдағы жылдарда гранттар жоғары оқу орындарының кіретін лигасына қарай және ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл алған, бірақ конкурс аясында өте алмай қалған түлектерді қолдау мақсатында сараланады, – деді Т.Дүйсенова.
Лигаларға бөлу колледждер арасында да жоспарланған. Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары трансформациясының кешенді жоспары дайындалып жатыр. Орта білім беру сапасын арттыру мақсатында өңірлерде тірек мектептер желісін құру, шағын жинақты мектептерді трансформациялау бойынша жұмыс жалғасады. Сондай-ақ жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған мектептерді басқару жүйесінің жаңа моделі бекітіледі.
– Қаржыландыру көздері нақтылана отырып, алдағы 3 жылда 1 300 мектепті күрделі жөндеу жоспары 1 желтоқсанға дейін әзірленеді. Мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін балаларды тәрбиелеу, оқыту және тамақтандыруға бөлінетін қаражат көлемі мобильді қосымшада немесе ата-аналардың «Әлеуметтік әмиянында» қызметті нақты алу фактісіне қарай көрсетіліп отырады, – деді вице-премьер.
Тамара Дүйсенова мектепке дейінгі білім беруге қатысты жоспарланып отырған шаралар туралы да айтты. Оның сөзінше, балабақшалардың білім беру бағдарламаларын мектептердің бастауыш сыныптарымен синхрондау, бірыңғай цифрлық кезек жобасын іске асыру жұмыстары жалғасады. Бұл жұмыс заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді. Денешынықтыру және спорт саласында да жаңалықтар бар. Атап айтқанда, спортты дамытудың үш сатылы жүйесі құрылады. Жоғары жетістіктегі спорт түрлерінің тізбесі қайта қаралады. Осы салаға бөлінетін қаражатты тиімді және ұтымды пайдалану үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі енгізіледі, спорт түрлері бойынша кадрлар даярлау жүйесі қайта қаралады. Бұл өзгерістер Мәжілісте қаралатын заң жобасы шеңберінде енгізіледі.
Денсаулық сақтау саласында да реформалар көзделген. Кепілдендірілген базалық және сақтандыру пакеттерінен тұратын медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру ұсынылады. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін цифрландыру енгізіледі. Жыл соңына дейін медициналық сақтандыру қорын цифрландыру бойынша жұмыстарды аяқтау және келесі жылдың соңына қарай Бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр. Үкімет отбасының цифрлық картасының деректеріне сәйкес дағдарыстық және шұғыл санаттарға жатқызылған отбасылар санын азайту жөніндегі жұмысты жалғастырады.