• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ипотека 13 Қыркүйек, 2024

Ипотека: Өтінім қабылдау мерзімі ұзартылды

119 рет
көрсетілді

«Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша қосымша қабылдау жүргізіледі. Қосымша өтінім қабылдау 16 қыркүйекте басталып, 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Өтінімді «Баспана маркет» порталында беруге болады.

«Отбасы банк» ипоте­ка­лық бағ­дарламаларға бір­шама өз­геріс енгізбекші. Нақтырақ айт­қанда, оператор «Отау» бағдар­ламасының шарттары мен «Нау­рыз» бағдарламасының шарттарын теңестіруді жоспарлап отыр. Клиенттердің тәжірибесін зерттеп, азамат­тардың өтініш-тілегін тың­дағаннан кейін «Отбасы банк» екі бағдарламаның шартын бір жүйеге келтіру туралы шешім қабылдаған.

Банк бағдарлама шарттарына бірқатар өзгеріс енгізбек. Атап айтқанда, кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін «Отау» бағдарламасының мөл­шерлемесі 9%-дан 7%-ға дейін төмендейді; «Отау» бағдарламасының қатысушылары өтініш берер­дің алдында депозит аша алады; Несиенің максималды сомасы ұлғайтылады – Астана, Алматы қала­ла­рында 36 млн теңге және басқа өңірлерде 30 млн теңге; Алматы мен Астанадан пәтер алатындарға қойы­латын тіркеу талабы алынып тасталды. Сонымен қатар бірыңғай балдық есеп жүйесі енгізіледі. Оған сәйкес, депозит бойынша сыйақы сомасына әр 1 000 теңге үшін 1 ұпай жазылады. Не­кеге тіркелген болса 5 ұпай, балалары болса, қосымша 10 ұпай беріледі. Халықтың әлеуметтік осал топтары мәртебесі үшін тағы 10 ұпай қарастырылған. Сондай-ақ жасы 35-ке де­йінгі азаматтарға 5 ұпай қосылады.

Екі бағ­дарламада биыл іске қосылды. Бағ­дар­ламаға қатысу үшін ерлі-зайып­ты­лардың және кәме­летке толған бала­ла­рының 5 жыл қатарынан жеке баспанасы болмауы негізгі талап болып саналады. Үйге әлеуметтік кезекте тұрғандар үшін ипотека мөлшерлемесі 7%-ды құрайды, өзге азаматтар үшін – 9%. Алғашқы жарна – 20%. Ипотекаға ниетті азаматтардың шотында 1 млн теңге көлемінде жинақталған депозиті болуы шарт.