Түркия Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлер бастаған делегация Қазақстанға ресми сапармен келді. Жоғары мәртебелі қонақтың сапары «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Содан кейін Қазақстан Қорғаныс министрлігінде құрмет қарауыл ротасы мен әскери оркестрдің қатысуымен салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Қазақстан мен Түркия қорғаныс салаларының басшылары генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Яшар Гюлер өзара іс-қимылды кеңейтуге ұмтылысты растай отырып, екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өтті. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық, жауынгерлік дайындық және әскери білім беру мәселелерін талқылады.
– Бүгінде екі ел қорғаныс ведомстволары арасында қызметтің көптеген бағыты, соның ішінде қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша тығыз қарым-қатынастар дамыған. Қазақстанның әскери қызметшілері Түркия аумағында өткізілетін «Efes» және «Қыш» жаттығуларына тұрақты негізде қатысып келеді. Біздің курсанттар Түркияның әскери жоғары оқу орындарында білім алады. Жыл сайын екі елдің әскери қызметшілері арасында өзара тәжірибе алмасу жүргізіледі. Сіздің бүгінгі сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын, – деді Қазақстанның Қорғаныс министрі Р.Жақсылықов.
Өз кезегінде Я.Гюлер қорғаныс ведомстволары арасындағы әріптестіктің қарқынды дамығанына тоқталып, жылышырай қабылдағаны үшін ризашылығын білдірді.
– Біздің қарым-қатынасымыз ортақ тарихымыз бен өзара түсіністікке негізделген. Қазақстан Орталық Азиядағы сенімді серіктесіміз. Біз оқу-жаттығуларымызда Қазақстан әскери қызметшілерінің жоғары дайындық деңгейін ерекше атап өтеміз. Осы бағыттағы өзара іс-қимылды арттыруға мүдделіміз. Сонымен қатар Түркия Қарулы күштері жауынгерлік дайындық, әскери білім беру және қорғаныс-өнеркәсіп кешені мәселелеріндегі ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті, – деп атап өтті Я.Гюлер.
Түркия Қорғаныс министрі құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. Ол серіктестік қатынастарды дамытуға өзара ұмтылыстың белгісі ретінде Қазақстан Қорғаныс министрлігі ғимаратының жанындағы «Достық аллеясына» ағаш отырғызды.