• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 14 Қыркүйек, 2024

Бірлескен күш, берік қорғаныс

129 рет
көрсетілді

Геосаяси ахуалы алаңдатып отырған бүгінгі алмағайып заманда жалғыз жортқанның жолы ауыр болуы мүмкін. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ата-баба өсиеті қазіргі таңда барынша өзекті. Бұл бізден қорғаныс қабілетімізді нығайтып қана қоймай, тағдырлас қоңсы елдермен әскери салада өзара тәжірибе алмасып, татулығымызды арттыра беруді талап етеді.

Осыған орай еліміздің Қарулы күштері жыл басынан бері бірқа­тар халықаралық оқу-жаттығу жиы­нына қатысып келеді. Со­ның бірі – 10 қыркүйекте бастал­ған Қазақстан мен Өзбекстан ­әс­кери-әуе күштері әскери қыз­мет­­шілерінің «Ашық аспан-2024» халықаралық жедел-тактика­лық командалық-штабтық оқу-жат­тығуы. Бұл жиын бүгін, яғни 14 қыр­күйекте аяқталады.

Оқу-жаттығу достас елдер әс­кери басқару органдары­ның үйлесімділігін арттыруға, әуе шабуылына қарсы қорға­ныс күш-құралын бірлесіп қол­дану мәселелерін пысық­­тауға, жауынгерлік кезекші­лік атқарудың ерекше жағдай­ла­рында командирлердің әскери бөлімдерді басқарудағы прак­тикалық дағдыларын шыңдауға бағытталған.

Іс-шараға майдан тікұшақ­тары, армия және әскери-көлік авиациясының ұшақтары, сон­дай-ақ Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күш-құ­ралдары қатысып жатыр. Оқу-жаттығу барысында Әскери-әуе күштерінің ұшқыштары Қырғызстан мен Тәжікстан­ның әуе кеңістігінде де ұшу жаттығуларын орындады.

«Ашық аспан-2024» жедел-стратегиялық командалық-штаб­тық оқу-жаттығуы Қазақ­стан Қа­ру­лы күштері Әуе қор­ғанысы күштерінің бас қол­басшысы, ­авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың бас­шылығымен өтіп жатыр.

– Бұл – біздің елімізде жыл сайын тұрақты түрде өтетін ма­ңыз­ды іс-шара. Достас елдердің әскери қызметшілеріне әуе шабуылына қарсы қорғаныс, жа­уынгерлік есептоптарды үй­лес­тіру жөніндегі бірлескен міндеттерді орындау кезінде тәжірибе жинақтауға, екі елдің қорғаныс қабілетін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Д.Қосанов.

Оқу-жаттығу барысында мем­­лекеттік шекара немесе әуе ке­ңіс­тігін пайдалану қағидалары бұзылған жағдайларда Әуе қор­ғанысы күштерінің коман­далық пункттерімен және шек­тесіп жатқан мемлекеттердің (Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбек­стан) басқару пункттерімен өзара іс-қимыл жасау тәртібі пысықталды. Сонымен қатар Тә­уелсіз мемлекеттер достас­ты­ғы­ның біріккен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің жау­дың әуеден жасалған шабуы­лын тойтаруға бағытталған іс-қимыл дайындығы тексерілді.

Таяу күндері еліміздің аума­ғында ұйымдастырылған тағы бір әскери жиын – «Шексіз ба­уыр­ластық-III» оқу-жаттығуы. Түр­кістан облысы аумағында байрағы желбіреген іс-шараға Әзербайжан, Қатар, Пәкістан, Түркия, Өзбекстан және Қазақ­стан­ның арнайы мақсаттағы бө­лім­шелері қатысып, жауын­гер­лік міндеттерін пы­сық­тады. Тау­дағы «Орда» поли­гонының оқу-жаттығу орында­рында арнайы жасақтар такти­калық атыс, мер­гендік сайыс, парашют­­­тен се­кіру және тау дайын­ды­ғы бо­йынша тәжірибелік жат­тығуларды орындады. Әрбір әскери қызметші – жара­ланған адамға медициналық кө­мек көрсету тәсілдерін меңгер­ген, байланыс құралдарын қолдана алады және кез келген қаруды қолданудың шебері. Соны­мен қатар бұл жиында әскери қызметшілер шетелдік әріп­тес­тері қолданатын такти­калық әдістерді меңгеруге мүм­кіндік алды.

Оқу-жаттығуға қатысушы­лардың алдына шартты түрдегі елді мекенге шоғырланған заңсыз қарулы топтың жолын жауып, көзін жою міндеті қойылды. Оны орындау кезінде шынайы ұрыс жағдайына барынша жақын жағдайда өзара үйлесімді де тиімді әрекет ету қабілеті тексерілді.

Әскери қызметшілердің пікірінше, мұндай іс-шаралар контингенттердің жауынгерлік деңгейін арттыруға ықпал етеді және өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірлесіп іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.