• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 14 Қыркүйек, 2024

Жұмысшы мамандығының беделі артады

383 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы даму кезеңімізге байланысты ел алдына көптеген жаңа міндет қойды. Әсіресе Президент еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды екенін айта келіп, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны – осы салада еңбек етіп жүрген қаншама жұмысшы маманның еңсесін бір көтеріп тастады.

Бұл жағымды жаңалыққа кәсіптік-техникалық мамандарды даярлайтын оқу орындарының ұжымы да қатты қуанып отыр. Қазір оқу орындары жұмысшы мамандығын жұмыс берушімен бірге даярлайды. Мұның нәтижесі өте жақсы. Енді Мемлекет басшысының осы Жолдауынан кейін жұмысшы мамандарды даярлайтын білім мекемелері мен жұмыс берушілер арасындағы байланыс, ынтымақтастық одан әрі беки түсері анық.  Шынында да, бір жылдары жұмысшы мамандығының беделі күрт төмендеп кеткен еді. Қазіргі уақыт талабы басқа.  Соны ата-аналар мен жастар да түсінді. Бүгінде жоғары сынып оқушылары арасында жұмысшы мамандыққа деген қызығушылық артып отыр.  Дегенмен бұл мамандық иелерін дәріптеу қоғамда әлі де кемшін секілді көрінеді. Сондықтан еңбек майталмандарын көбірек насихаттап, жастарды адал еңбек етуге үйретсек, ұтарымыз көп. Оны білім ұйым­дары, ата-ана және жұмыс беруші мекеме – үшеуі бірлесіп жүргізгені дұрыс.

Келесі жылғы «Жұмысшы маман­дықтар жылы» аясында біраз жоба қолға алынып, елдің көңілінен шыға­тын игілікті істер атқарылады деп сенеміз. Әсіресе кәсіптік-техникалық колледждердегі дуалды оқытуды қаржыландырса, біраз дүние алға басар еді.

Дуалды оқытудың бір ерекшелігі – теорияны өндіріспен ұштастырады. Осы бағдарлама шеңберінде оқу мекемесі жұмысшы мамандарды  жұмыс беруші бірігіп даярлайды. Мәселен, студент өз білімін 60 па­йыз тәжірибемен, 40 па­йыз теориямен жетілдіреді. Яғни жұмыс беруші ұйым тәжірибе барысында студентті өздері ұсынған мамандық бойынша даярлайды. Бұл – өте жақсы.  Алайда  тәжірибеден өтіп жүрген студентке тәлімгердің де берері мол. Бірақ солардың еңбегі  көп жағдайда елеусіз қала береді. Сондықтан тәлімгерлерді ынталандыру үшін оларға да қаржы бөлінуі керек.

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – тұл» деп бекер айтпаған. Сапалы біліммен бірге тәлім-тәрбие де қатар жүруі қажет. Қазір білім беру саласында «Біртұтас тәрбие» деген бағдарлама бар, сонда жастарды еңбекке баулу, отансүйгіштікке тәрбиелеу, еңбек адамдарына құрметпен қарау секілді ізгі ұғымдар анық жазылған. Қазір біздің колледж осы бағытта біраз іс-шара атқарды.

Президент Жолдауында кәсіптік білім саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе екенін жеткізді. Бұл осы салада еңбек етіп жүрген педагогтердің білімі мен біліктілігін дамытуға, жетілдіруге серпін береді. Сонымен қатар кәсіптік-техникалық оқу орындарының материалдық- техникалық базасын жақсартуға да септігі тиеді деп сенеміз. Әсіресе осы салада қызмет істеп жүрген педагогтердің еңбекақысын көтеруге, оқу құралдарымен қамтамасыз етуге, оқу орындарының базасын жаңғыртуға қаржы бөлінсе, саладағы біраз түйткілді мәселелер оң шешімін табады.

Қазір елімізде жұмысшы маман­дығында оқитын студенттер толықтай тегін білім алады. Мәселен, жұмысшы мамандығы жұмыс берушінің сұра­нысымен даярланып, соған сәйкес мемлекеттен грант бөлінеді. Жұмысшы мамандықтарына талапкерлер оқуға емтихансыз қабылданады. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі дуалды оқыту бағдарламасы бойынша студент тәжірибесі еңбек өтіліне кіретін өзгеріс енгізді. Осының бәрі – жұмысшы мамандарды даярлауға Үкімет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау.

Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет бас­шысының халқымызға арнаған Жол­дауы  ел дамуына жаңаша серпін беріп қана қоймай, жұмысшы маман­дығының беделін көтерді.

 

Мырзабек КҮЖІМОВ,

Қазтұтынуодағы жоғары  колледжінің директоры