Құсбегілік түркі халықтарына жат емес. Ертеде қазақтар жылқы малының бабын тауып, тазы жүгіртіп қоймай, құсбегілікпен де жүйелі айналысқан. Аңшылыққа осы екі жүйрікпен шықса, қоржын бос қайтпаған. Бірі – жердегі жүйрік болса, екіншісіне – көкте тең келетін құс жоқ.
Көшпелілер ойындарында құсбегіліктен екі күнге жалғасқан додада ұлттық құрама спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальды еншіледі. Құсбегілер сайысында жүлде алған үздіктерге федерация демеушісі, кәсіпкер Талғат Сақан құсбегілер Серікбек Күнтуған мен Ерзат Байқадамовқа автокөлік сыйлады.
«Бүркіт салу» санатында бірінші орынды ұлттық құрама мүшесі Серікбек Күнтуған иеленді. Оның «Алғыр» атты құсы финалда 12 құстың ішінен үздік шықты. Екі жаттығу бойынша өткен тартыста екінші орынға «Заңғар» деген құсымен Ерзат Байқадамов көтерілсе, қола медаль «Нарын» атты бүркітін топқа қосқан Арман Қошқаровқа бұйырды.
«Қаршыға салу» санаты бойынша бірінші орынды «Найзатұяқ» құсымен астаналық Құдайберген Рауилұлы жеңіп алса, екінші орынды Қырғызстан спортшысы Әділбек Құдайбердиев иеленді. Ол «Қарамоншақ» құсымен өнер көрсетті. Бұл сайыста жүлдені тағы бір отандасымыз Бағдат Кеуенов «Сомбалақ» қаршығасымен жеңіп алды.
Ұлттық құраманың жігіттері «Ителгі салу» санатында да жүлдесіз қалмады. Бұл сында алтын, күміс медаль Қырғызстан спортшыларының еншісінде қалса, қола медаль ұлттық құрама мүшесі Бақдәулет Бабажанға бұйырды.
Дүбірлі додада құсбегіліктен ел қоржынына медаль салған ұлттық құрама мүшелері демеушілердің қолдауымен Кұсбегілік федерациясы атынан арнайы сыйлықтарға ие болды. Үшінші орын алған Арман Қошқаров, Бағдат Кеуенов және Бақдәулет Бабажан 300 мың теңгеден алса, екінші орынды жеңіп алған Ерзат Байқадамовқа 500 мың теңге сыйақы бұйырды. Қаршыға салу санаты бойынша бірінші болған Құдайберген Рауилұлы 1 млн теңге сыйақы алды. Сондай-ақ құсбегіліктен жүлделі болған спортшыларға демеушілердің есебінен басқа да сый-сияпат көрсетілді.