Ақтауда прокуратура шығарған актіні уақытылы қарамаған шенеунікке айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Маңғыстау облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірлік әділет департаментінің орынбасары қадағалау органының актісін уақытылы қарамағаны үшін сот қаулысымен 8 АЕК көлемінде айыппұл төлеу түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс прокурордың ұсынуымен қарау мерзімін реттейтін "Прокуратура туралы" Конституциялық заңының талаптарын өрескел бұзғаны үшін қозғалды.
- Атап айтқанда, лауазымды тұлға заңда белгіленген мерзімге қарамастан, қалалық прокуратураның ұсынуын бір айдан астам уақыт бойы тиісінше қарау жөнінде шараларын қабылдамаған. Прокуратураның талабынан кейін ұсынудың қарау қорытындысымен 8 жеке сот орындаушы тәртіптік жауаптылыққа тартылды, мемлекет кірісіне 11 млн теңгеден астам қаржы өндірілді. Мемлекеттік қызметкер өз кінәсін толық мойындап, салынған айыппұлды төледі, - делінген хабарламада.
Прокуратура актілерін қарамау, сол сияқты тиісінше қарамау, орындамау не прокурордың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келетіндігі ескертіледі.