Елордада мүгедектігі бар адамдарға арналған алғашқы оқу-әдістемелік ресурс орталығының тұсауы кесілді. «Еуразиялық инклюзия орталығы» мекемесі қалалық ортадағы әлеуметтік, көлік инфрақұрылымы мен қызметтерді, туристік бағдарларды ерекше адамдарға қолжетімді етуді мақсат етіп отыр.
Жобаны серіктес тараптармен бірлесе отырып, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржыландырды. Астанада бастау алған игілікті іс бүкіл елге таралып, бірыңғай үйлестіру орталығы саладағы түйткілді мәселелерді шешуге септігін тигізбек. Осылайша, тұрғындарға қызмет көрсететін ұйымдар мен әкімдіктердің жұмыс тиімділігін бағалап, бекітетін әдістер мен құралдар енгізіледі. Тиісті шаралар аясында құзырлы органдармен оқу бағдарламалары келісіліп жатыр. Болашақта нысандардың қолжетімділігін бағалауға өкілетті сарапшылар мен тексерістен өткен нысан-қызметтер тізілімі (реестр) түзілмек.
«Бұл тырнақалды қадамның маңызы бар деп ойлаймын. Себебі қоларбада отыратын азаматтарға жасалған жағдай барысында көзі көрмейтін, құлағы нашар еститін жандардың құқығы ескерілмеуі мүмкін. Сонымен қатар инклюзия пандус орнату ғана емес, қоғам қарым-қатынасының өзгеруі деп түсінген жөн. Ал ресурс орталығында мүгедектігі бар адамдар қатарынан арнайы сарапшылар даярланып, оларды толыққанды табыспен қамтуға да мүмкіндік туындамақ. Мұның бәрі Қор басшылығының инклюзияны, тең қоғамды дамытудағы кешенді көзқарасының нәтижесі болады деп үміттенеміз», деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.
Осы орайда қайырымдылық операторы жобаны жүзеге асыру жауапкершілігін мойнына алған «Еуразиялық инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығы» ЗТБ сынды үкіметтік емес ұйымдармен жемісті ынтымақтастық орнатқан. Нәтижесінде, келесі 2025 жылдың сәуір айына дейін қажет кезде дереу кәсіби көмек көрсететін 100 сарапшы-нұсқаушы даярланып, сәйкесінше бастапқы сәтте 100 нысанды қолжетімділікке бағалау іс-қимылымен қамту жоспарланады. Бұған дейін, мамыр айында өткен семинарларда халықаралық стандарттар таныстырылып, мүгедектігі бар адамдармен тілдесу әдебі, қалалық орта мен мекемелердің қолжетімділігі, ұжымдық психология сияқты бағыттарда министрліктер, Астана қаласы мен аудандарының әкімдіктері қызметкерлері, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері оқытылды.
Еске сала кетсек, Қор биылғы жаңа оқу жылында Астананың 5 мектебінде өзіндік үлгідегі инклюзияны қолдау кабинеттерін ашып, ерекше білім беруді қажет ететін 150-ден астам бала басқа қатарластарымен бірге оқи алатын болды.
Жалпы, «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды кешенді түрде қолдап келеді. Оған дәлел, еліміз өңірлерінде 42 оңалту орталығы, 10 спорт кешені іске қосылды. 23 қала мен елді мекенде 1000-нан астам бала қатысатын бейімделген спорт секциялары жұмыс істеп тұр. Мүгедектігі бар жастар цифрлық кәсіптерге оқытылып жатыр. Осылайша, адамдарға туғанынан бастап жәрдем жасалып, олардың қоғамға әлеуметтенуіне барлық жағынан ықпал етіледі.
Алдаберген КЕМПІРБАЙ