• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 17 Қыркүйек, 2024

Бірыңғай ақпараттық жүйенің маңызы зор

111 рет
көрсетілді

Жолдауда атап өтілгендей, бірыңғай ақпараттық жүйе жүзеге асса, халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасы дұрысталатыны даусыз. Осы мәселеге мүдделі болғандықтан, өз басым Мемлекет басшысының Жолдауын қызығушылықпен тыңдап шықтым.

Бағдарламалық құжат кезекті кезеңде еліміздің даму келешегін айқындайды. Онда тек тапсырмалар ғана емес, Жолдаудың нақты бағыттарын іске асыру қадамдары мен іс-қимыл алгоритмдері де түсіндірілді. Соның ішінде бізге етене жақыны – денсаулық сақтау саласындағы өзекті ахуалдың көтерілгені. Солардың бірі – цифр­ландыруды одан әрі дамыту.

Әріптестерімізбен бірге Мем­ле­кет басшысының ондаған бағдарлама мен ақпараттар ба­за­­сының орнына бірыңғай мем­лекеттік меди­ци­налық ақпа­рат жүйесін жасау керек деген тапсырмасын үлкен ықыласпен қабылдадық. Мәселен, ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы (ҚДИАҒО) Эпидемиологиялық мониторинг бөлімінің меңгерушісі ретінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың жүйелі мониторингі жұқпалы ауру­лармен сырқаттануды бақы­лау­да ұстауға, түрлі кеселдердің, әсіресе, балалар арасында жаңа аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді деп сеніммен айта аламын.

Дені сау балалардың тууын қалай қамтамасыз етуге болады, жаңа туған нәрестелер арасында АИТВ-инфекциясы немесе туабітті мерез оқиғаларының қалай алдын алуға болады? Жүкті әйелдерді АИТВ-ға және мерезге уақтылы тестілеуден өткізу маңызды. Егер бұл дерт дер кезінде анықталса, дереу арада ем-домын жүргізіп, баланың дені сау болып тууына мүмкіндік жасау қажет. Бүгінде жүкті әйел­дерді инфекцияларға уақтылы тестілеуді бақылау бойынша осы тапсырманы орындауға эпидемио­лог дәрігер әртүрлі ақпараттық жүйелер мен электрондық базалардан мына деректерді қолмен жинауға және салыстырып қарауға мәжбүр. Есепті кезеңде тіркелген жүкті әйелдердің тізімі, тексеру туралы мәліметтер, жүкті әйелдің тексерілмей қалған себептерін анықтау үшін тексерілмеген тізім. Әрі қарай инфекцияның барлық анықталған жағдайын соңғы диаг­ноздарды тіркейтін медициналық жүйемен салыстырып қарау, та­ғайын­далған емдеуді қадағалау дегендей кете береді. Деректерді жинау және талдау маманға көп уақытты қажет етеді.

Бірыңғай ақпараттық жүйе халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға, әрбір пациенттің ахуалын қада­ғалап, превентивті емдеуді уақ­тылы тағайындауға, әлеуметтік мәні бар аурулардың таралуын бақы­лауда ұстауға мүмкіндік береді. Сараптамалық жұмыс науқастар туралы жалпы деректерді алуды жеңілдете отырып, қоғамдық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға мықты серпін қосады.

 

Гүлжахан АХМЕТОВА,

ҚДИАҒО эпидемиологиялық мониторинг бөлімінің меңгерушісі, инфекционист дәрігер

 

АЛМАТЫ