Өткен айда Мажарстан мемлекетінің астанасы Будапешт қаласында өткен кикбоксинг спортынан әлем чемпионатында шымкенттік жас спортшы Бейбарыс Бөлегенов чемпион атанды. Дүниежүзінің 53 елінен 800-ден астам спортшы қатысқан кикбоксингтің лоу-кик бағдарламасы бойынша болған бұл жарыста Бейбарыс 54 кило салмақта Израиль, Хорватия, Түркия, Ирландия мемлекеттерінен келген қарсыластарын жеңіп, бас жүлдені олжалады.
Жас әлем чемпионының жеңіспен оралуына орай өзі оқитын қаладағы М.Мәметова атындағы №35 жалпы орта мектепте арнайы мерекелік кеш ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шарада жүлдегерді қошеметпен күтіп алып, құрмет көрсетілді. Кеште мектеп директоры Ж.Қарабаева сөз сөйлеп, еліміздің атын әлемге танытып жүрген өрендердің еңбектеріне табыс тілеп, әлемді мойындатып келген жас спортшыны арнайы марапаттады.
Бейбарыс – отбасында жалғыз бала. Анасы А.Бөлегенованың айтуынша, ол бірінші сыныпқа сәл кештеу барған. Бірақ 10 жасында мектептегі кикбоксинг үйірмесіне қызығып, сол спортқа қатысуға анасынан рұқсат алған.
«Балам кішкентай кезінен спортқа байланысты түрлі фильмдер көріп, чемпион болуды армандады. Үйірмеге қатысқан сәттен бастап жаттығуын тастамайтын болды. Спорт залынан шықпай, түрлі жарысқа дайындалатын. Бірақ сонымен қатар мектептегі сабағын да тастаған емес. Білім мен спортты қатар алып жүрген баламның келешегіне үмітпен қараймын. Қай саланы таңдаса да еліне, халқына пайда әкелетін үлкен азамат болып өскенін қалаймын», деді анасы.
Бейбарыстың бүгінгі жетістігі – оның жаттықтырушысы М.Мелдебековтің ерен еңбегінің арқасы. Ол жас спортшыны қамқорлығына алып, Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубының қолдауымен түрлі жарыстарға, турнирлерге қатыстыратын. Соның нәтижесінде Бейбарыс қалалық, республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Қазақстанның чемпионы атанды. Ел біріншілігінде әлемдік додаға жолдама ұтып алып, жарыстан да жеңімпаз болып оралды.
«Бейбарыс – болашағынан көп үміт күттіретін спортшы. Бүгінгі жетістігін алдағы жарыстарда да қайталайды деген сенім бар. Ол үшін тағы да тыңғылықты дайындалатын боламыз. Шәкірті үкілеп қосқан жарыстарда кеудесіне медаль тағып оралып жатса, ұстаз үшін одан артық қандай бақыт керек? Мен өз шәкіртіммен мақтанамын. Бейбарыс спорттан бөлек өмірде де өте қарапайым бала. Жанашыр, ұқыпты тәрбиелі оқушы. Өзінің үйірмедегі достары арасында да жақсы мінез-құлқымен дараланып жүреді. Спортқа қажет басты қасиет қарапайымдылық қой. Менің арманым – қазақтың балалары денсаулықтары мықты, өз елінің нағыз патриоттары болып өссе деймін. Кез келген ер баланың спортқа етене болып өскені жөн. Күрес, жекпе-жек түрлерін үйренсе, ертеңгі күні өзін, отбасын бұзақылардан қорғауға да қажет болады. Сонымен бірге ел қорғанысына өжет, қайсар мінезді жігіттер керек. Ал оларды өжеттікке тәрбиелейтін, тәртіпке бағындыратын – спорт», деді жаттықтырушы.
Бүгінгі таңда мегаполисте балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі спорт үйірмесі ашылған. Сабақтан соң оқушы сонда барып жаттығып, өзінің интеллектуалдық, физикалық мүмкіндіктерін дамыта алады. Нашақорлық, ішімдік, темекі тарту, басқа да зиянды әдеттермен күресу бүгінде елімізде басты ұранға айналды. Сондықтан жастарды саламатты өмір салтына бейімдеудің бір құралы спорт екені сөзсіз.
Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбековтің айтуынша, шаһарда басқармаға қарасты 33 спорттық ұйым бар. Онда спорттың 74 түрі қамтылып, 18 мыңнан астам спортшы жаттығады, оларға 912 жаттықтырушы тәлім береді.
«Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының тізбесінде спорт саласы бойынша 4 нысаналы индикатор қарастырылған. Яғни бұлар – мегаполисте спортты дамыту бойынша алға қойылған міндеттер. Біріншіден, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 пайызына жеткізуіміз керек. Екіншіден, қалада мың адамға арналған үлкен спорт кешендері бой көтеруге тиіс. Сондықтан спорттық инфрақұрылыммен қамту күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Үшіншіден, сау адамдармен қатар, мүмкіндігі шектеулі, яғни мүгедектігі бар азаматтарды да спортқа тартуымыз қажет. Спорт саласындағы басты міндеттердің біріне осы мәселе де кіреді. Себебі еліміз – әлеуметтік салаға баса көңіл бөліп отыр. Мүгедектігі бар азаматтар өздерін ортадан шет қалғандай сезінбеуі керек. Олар да қоғамның ажырамас бір бөлшегі. Еліміздің кез келген азаматы әлеуметтік дәрежесіне қарамай, спорттық үйірмелерге қатысуға тең құқылы. Ал халықты тиісті спорттық инфрақұрылыммен қамту жергілікті атқарушы биліктің мойнындағы міндет. Төртіншіден, 14 пен 18 жас аралығындағы жастарды спортқа тарту да біздің міндетіміз. Өйткені кәмелет жасқа толған балаларды түрлі жаман әдеттерден сақтауға, енді өсіп-жетіліп келе жатқан бозбала, бойжеткендердің денесінің шымыр болып қалыптасуына, ойының таза-тұнық болуына спорттың пайдасы зор. Аталған нысаналы индикатор көрсеткіштерінің орындалуы 2024 жылдың соңында «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамыту туралы» ведомстволық статистикалық есептің негізінде анықталады», деді басқарма басшысы.
Сала басшысының айтуынша, қазіргі уақытта шаһарда №12 спорт мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Ол биыл күзде пайдалануға беріледі. Оған қоса осы жылы сәуірде №15 спорт мектебінің құрылысы басталды. Нысанды салып бітіруге 1,7 млрд теңге қаржы қарастырылған. Сонымен қатар жеке кәсіпкердің қаражатына Еңбекші ауданы Еламан тұрғын алабынан «Еламан» спорт кешені бой көтерді. Бұл нысанда спорттық ойын, жекпе-жек түрлеріне арналған 3 спорт залы мен 1 бассейні бар. Жыл соңына дейін шаһарда салынып жатқан тағы бір спорттық ғимарат «Sport life» кіші футбол орталығы ел игілігіне тапсырылады. Келешекте Тұран шағын ауданындағы 5 гектар аумаққа мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Паралимпидалық, сурдлимпидалық спорт кешені» тұрғызылады. Оның құрылысы 2025-2026 жылдарға жоспарланып отыр. Қазіргі таңда болашақ нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде.
Мегаполисте спорт саласында бүгінге дейін атқарылған басқа да шаруаларға келсек, 2024 жылға жергілікті бюджеттен спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына 2 млрд 866 млн теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасында 121 кәсіпкер біліктілік іріктеуден өтіп, нәтижесінде, қазірде 17 мыңдай бала спорттың 18 түрі бойынша 205 секцияда спортпен айналысып жатыр. Сондай-ақ жан басына қаржыландыру жобасы аясында 328 жаттықтырушы мен 200-ге жуық басқа да қызметкер жұмыспен қамтылып отыр.
«Жыл басынан қала тұрғындары арасында саламатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтырумен, спортпен шұғылдануға үгіттеу мақсатында 159 спорттық іс-шара өткізілді. Олар халықаралық, республикалық, қалалық сипатта болды. Оған шаһардың 18 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Оның ішінде ауқымды спорттық іс-шаралардан Наурыз мерекесіндегі ұлттық спорт түрлерін, бәйгеден ел чемпионатын, садақ атудан халықаралық турнирді, қазақ күресінен «Шымкент барысын», мемлекеттік қызметшілер, бұқаралық ақпарат өкілдері арасындағы спартакиаданы, аула чемпионаттарын атап өтуге болады. Мәселен, аула чемпионаттары қаланың 34 жерінде өткізіліп, оған жалпы саны 1 200-дей бала қатысса, іс-шараны ұйымдастыруға 80-нен астам спорт қызметкері жұмылдырылды. Мұндай чемпионат алдағы уақытта да жүйелі түрде өтіп тұратын болады. Сондай-ақ жыл соңына дейін Шымкент жастар лигасы, футболдан жас ерекшеліктері бойынша лига жарысы, спорт мекемелері қызметкерлері, жоғары және орта оқу орындарының студенттері арасында спорт түрлерінен спартакиадалық жарыстар ұйымдастырылады», деді сала жетекшісі.
Жоғары спорттық жетістіктер бойынша 2024 жылдың 6 айында жеткен нәтижелеріне келер болсақ, қала спортшылары спорт түрлері бойынша ел чемпионаттарына қатысып, 502 алтын, 406 күміс, 522 қола медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, Азия құрлығы бойынша өткен жарыстарда 55 алтын, 34 күміс, 31 қола медальді қоржынға салды. Ал әлемдік додаларда 9 алтын, 9 күміс, 2 қола медальға ие болды. Сонымен бірге әлем кубоктарында 13 алтын, 11 күміс, 11 қола медальмен ел мерейін тасытты. Биылғы 7 айлық көрсеткіш бойынша 1 Қазақстанның еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, 13 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 46 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 278 спорт шеберіне үміткер спортшы дайындалды. Сондай-ақ мегаполис өрендерінен ұлттық құрама сапындағы ересектер құрамасына 423, жастар құрамасына 461, жасөспірімдер құрамасына 400 спортшы енген. Жалпы, 1 284 спортшы ұлттық құрама құрамында бүгінгі таңда ел намысын қорғап жүр.
ШЫМКЕНТ