• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 18 Қыркүйек, 2024

Университеттер арасындағы ынтымақтастық артып келеді

130 рет
көрсетілді

Биылғы шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сол сапардың аясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерт­теу университеті мен Қытайдың ауыл шаруашылығы және орман тех­но­логиясына маманданған Солтүстік-Батыс уни­вер­си­тет­тері арасында Қазақстан-Қытай ауыл шаруа­шы­лы­ғы ғылымы және білім беру орталығын бірлесіп құру туралы келісім жасалды. Қазір екі тарап жағынан бұл бағыттағы жұмыс бас­тал­ды. Орталықтың ашылуы – бизнеске, ғылымға және басқа да сала­лардың дамуына жол ашары даусыз.

Бүгінгі таңда агро­өнер­кәсіптік кешендегі реформаларды та­быс­­ты іске асыруға жоғары бі­лікті, бәсекеге қабілетті мамандар қажет. Осыған жауап ретінде біз жаңа буын мамандарын даярлау­ға бағыттал­ған университетіміз­­дің 2025-2029 жылдарға арнал­ған даму бағдар­ламасын әзірле­дік. Аграр­лық бағыттағы жетек­ші жоғары оқу орны ретінде біз нарық пен қо­ғам­ның қа­жет­тілігін болжай отырып, уақыттан озуға тырысамыз. Біз өз қызметімізде саяси, эконо­­микалық, демографиялық және тех­но­логиялық факторларды ескереміз. Бұл бізге қазіргі кезең­дегі өзекті әлемдік үрдістерді ескеріп, білікті кадр даярлауға мүмкіндік береді.

Қазақстан – тарихи тұрғыдан аграр­­лық ел. Сондықтан мақ­са­­тымыз – халық­аралық дең­гей­де бәсекеге түсетін ауыл шаруа­шы­лығы және онымен байланыс­ты салаларға эли­та­лық маман дайындау. Бір жағынан, жетекші уни­вер­­­ситеттерімен байланыс біздің оқу бағдар­ла­мамызды әлем­­дік стан­дарттарға бейімдеуге көмек­те­седі.

Қытайдың жетекші уни­верси­тет­терімен ынты­мақ­­­тастық – әрқа­шан біздің қыз­метіміздің маңыз­ды бағыты. Біз бұл ынты­мақтастықтан тәжірибе мен білім алмасу мүм­кін­дігін ғана емес, соны­мен қатар ака­демия­лық ұт­қырлықты, оқы­ту­шы­лар мен студенттердің кәсіби құзы­реттілігін, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды арттыру болашағын көреміз.

Қазіргі уақытта С.Сей­фул­лин универ­ситеті ҚХР-дан өзге, АҚШ-тан бастап, Оңтүстік-Шығыс елдеріне дейінгі әлемнің 35 елімен жасалған 180 келісім мен меморандум негізінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырып отыр. Ал Қытай Халық Республикасы – еліміз үшін жан-жақты стратегиялық әріп­тестік, өңірлік және халық­аралық қауіп­сіздікті қам­тамасыз етудегі басты көршілес елдің бірі. Тек, ҚХР-дың 40 астам жетекші университет, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарымен тығыз байланыстамыз. Бүгінгі таңда біз Циндао аграрлық универси­теті, Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті, Хэнань ауылшаруашылық уни­верситеті, Харбин вете­ри­нарлық ғылыми зерттеу инс­титуты, Тарым университеті, Оңтүстік-Батыс уни­верситеті, Шисен картоп индус­триясы тобы, Қытайдың Шаньдун ауыл­шаруашылық ғылымдары академия­сы, Шың­жаң Ауыл­шаруашылық ғылым академиясы, Қытай Ғылым ака­де­миясының Ухань вирусология институты, Шыңжаң ауыл­шаруашылық университеті секілді Қытайдың іргелі ғы­лым ордаларымен тығыз бай­­ланыстың нәтижесінде ҚХР жоғары оқу орындары ара­сын­дағы қосдип­ломды бағ­дар­ла­ма­ларды да бел­сенді дамытудамыз.

Мұндағы негізгі мақсаты­мыз – екі ел басшыларының арасындағы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша халықаралық жобаға, ғылыми байланысқа өз үлесімізді қосу. Биылғы Астана қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының отырысында екі ел Президентінің кездесуі барысында Қазақстан-Қытай аграрлық ғылым мен білім орталығын бірлесіп құру туралы келісімге қол қойылған еді.

Қытай Халық Респуб­ли­ка­сына мемле­кеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Рес­пуб­ликасының төрағасы Си Цзинь­пин­мен жасаған келіс­сөз нәтижесінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротех­ни­калық университеті мен Қытай Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруа­шылық­тары университеттері ынты­мақ­тастық туралы келісімге қол қойып, екі университет магис­тратура деңгейінде «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» қосдипломдық білім бағдарламасын іске асыруға қол жеткізді. Нәтижесінде, қазір­гі уақытта 4 магистрант қосдип­лом жобасының аясында Қы­тайда білім алып жатыр. Қазір Қазақстан мен Қытай Халық Рес­пуб­­ликасының ара­сындағы эконо­микалық және инвес­тиция­лық қарым-қатынасы жыл­дан-жылға нығайып, екі елдің ынты­мақ­тастығы, білім-ғылым сала­сын­­дағы байланысы артып келеді.

Биылғы мамыр айында Қытай Халық Республикасы­ның Ғылым және технология вице-министрі Чен Чиачанг мырза университетімізде болып, Хар­бин ғылыми зертте­у ве­те­­ринарлық институты­мен бірлесіп, С.Сей­фул­­лин уни­верситетінде ашыл­ған Қазақстан-Қытай биоло­гиялық зертхана жұмысымен танысты. Сондай-ақ вице-министрмен бірлескен зерттеу­лерді дамытып, ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру жөнінде келістік. Алдағы уақытта бұл зертханада қытайлық ғалым­дар өз тәжірибелерімен бөліседі. Жақында университетімізге келген қытайлық ғалым Чжан Чжэнмао осы зертханада өзінің сан жылғы тәжіри­бе­сімен бөлі­се­тін ғылыми мектебін ашатын болды. Бүгін зертхананы қа­жетті құрал-жабдықтар­мен қам­та­масыз ету жұмысы ойда­ғыдай жүргізіліп отыр. Бұл – екі ел жо­ғары оқу ара­сындағы ғылым мен білімнің одан әрі дамуына ық­пал етіп, жаңа бірлескен жобаларды әзірлеудегі сәтті қадамның бірі.

Қазір екі мемлекет ара­сын­дағы транс­­шекаралық өзен­дердің суын бөлу мәсе­ле­сімен үкіметаралық келісімге келу бойын­ша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осыдан біраз жыл бұрын Қытай зерт­теушілері: «Орталық Азия елдері суды ысырап етіп, жерді тиімсіз пайда­ла­нып отыр», деп дабыл қақ­қа­ны баршаға аян. Бұл Қытай зерт­­теушілерінің Орталық Азия елдері ауыл шаруа­шы­лы­ғын­да су және жер ресурс­тарын қаншалықты тиімді пайдаланатынын есептеп, зерттеу жүр­гізуі­­нің нәтижесінде белгілі болды. Орталық Азия – әлемдегі су тапшы­­лығын тартып отырған айма­қ­тардың бірі. Зерттеуге қара­ғанда, Тәжікстан балапан өсіруге 61 есе көп су жұмсайды, ал Түрік­менстан мақта өсіруге 42 есе артық су пай­дала­на­ды екен. Орта­­лық­ Азия елдері егін өсі­ру үшін суды ысырап ететіні бөлек әңгіме.

Ауыл шаруашылығындағы осы олқы­лық­тың орнын толтыру мақсатында «Dayu Irrigation Group Company» вице-прези­денті Цуй Жинг ханыммен және компания өкілдерімен кездестік. Бұл кездесу су ресурстары проблемаларына арналды. Соңғы екі он­жылдықта планетаның су ресурс­тарының жай-күйі, сондай-ақ оларды тұтынудың өсуіне, ластануына байланысты алаңдаушылық артып келеді.

Орталық Азия елдерінде ирри­га­цияның кеңінен пайдаланылуы, сондай-ақ индустрия­ландыру қарқынының жедел­деуі аймақтағы онсыз да шек­теулі су ресурс­тарының тап­шы­лығын әкелді. Уни­вер­­сите­ті­мізде бакалаврлар үшін «Су ресурстары және гидрология» ма­мандығы бойынша білім бағдарламасы ашы­лып, биыл алғаш рет студенттер қабылдадық. Ал магис­трант­тарға «Су ресурс­тарын бас­­қару және су дип­ломатия­сы» атты жаңа білім бағдар­ламасын әзір­леу үстіндеміз. Бұл маман­дық бойынша алдағы жылы магис­трант­тарға университет есігі айқара ашылады.

Биыл университетімізде алғаш рет су ресурстары мәсе­лелеріне арналған халық­ара­лық жазғы мектептің жұмысы табыс­ты өтті. Мұнда Орталық Азия мемле­­кеттерінен, Қытай Халық Респуб­ликасынан келген студенттер, ғалым­дар мен су ресурстары саласындағы маман­дар білім алып, гуманитарлық байланыс орнады.

Университет ғалымдары еліміз­дегі, әлемнің су тап­шы­лығын шешу мен оны тиімді қолдану бойынша техно­ло­гияларға баса назар аударады. Болашақта су ресурс­тарының мәселелерін шешумен айналысатын мамандарды даяр­лау мақсатында Қытай уни­верситетімен бірлесіп, қос­дип­ломды білім беру бағ­дар­лама­ларын жүзеге асы­ру, сондай-ақ Қытай уни­вер­ситеттерімен, «Dayu Irrigation Group Co», «Ltd» ком­­­па­ниясымен бірлесе отырып, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында ирригация, мелиорация, басқа да су мәселелерімен айналысатын су ресурстарын бас­қаратын Қазақстан-Қытай хабын құру жос­парда бар.

Жуырда С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агро­тех­никалық зерттеу универ­ситетінің өкілдері Шыңжаң ауылшаруашылық универ­ситеті мен Хохай уни­вер­ситеті арасында бірлескен су зертханасын ашу туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім үш университет арасындағы су ресурстарына байланысты ынты­мақ­тастықты әрі қарай дамытуға зор ықпалын тигізіп, бірлесе атқа­ра­тын жұмыстарға серпін береді.

Екі ел басшысы ауыл ша­руа­­шылығы саласындағы ын­ты­мақ­тас­тықты жандандыру мәселесін талқылағанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сала­да табысты жү­зе­ге асып отырған бірлескен жоба бар екенін айтты.

«Егіншілікте «smart» жүйе­сін қолда­нуға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға, ауыл шаруашылығы өнімде­рін терең өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға, нақты инвестициялық жоба­ларды бірлесе жүзеге асы­ру­­ға мүдделіміз. Былтыр Қазақстан­­ның Қытайға экспорт­та­ған ауыл­ шаруашылығы тауарлары 2 есе өсіп, 1 миллиард долларға жетті. Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнім­дерін, майлы және дәнді дақылдар экспор­тын ұлғайтуға мүдделі екенімізді атап өттік. Бұл ретте Қазақстан астығын 2 миллион тоннаға жеткізуге дайынбыз. Осы саладағы ықпалдастықты кеңейту шара­ларын қолдаға­ны үшін төраға Си Цзинь­пин мырзаға ризашылығымды біл­ді­ремін», деген еді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, екі ел арасында ғылым және білім сала­сын­­дағы ынтымақтастық та ны­ғайып келеді. Қазіргі таңда С.Сей­фул­лин атын­дағы ҚазАТЗУ Қытай­дың бірнеше жоғары оқу орны ара­сында өзара ынты­мақ­тастық орнатқан.

Бұл өз кезегінде С.Сей­фул­лин уни­вер­ситетінің инно­вацияға және білім беру­дің жоғары сапасына деген ұмты­лысын көр­се­теді. Сонымен қатар шетел­дік университет­термен ын­ты­мақ­тастық аграр­лық ғы­лым мен техно­ло­гия­ның дамуы­на ықпал ететін ауқым­ды жобалар­ды жүзеге асыруға мұрындық болады.

Қытайдың жетекші уни­вер­си­­тет­­терімен ынты­мақтастық әр­қа­шан қызметіміздің ма­ңызды бағыты саналады. Біз бұл ынты­мақтастықта тәжірибе мен білім алмасу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар ака­де­миялық ұтқыр­лықты, оқы­ту­шылар мен студент­тердің кәсіби құзы­рет­ті­лі­гін, сон­дай-ақ бірлескен ғылыми жоба­­ларды арттыру болашағын көреміз.

 

Қанат ТІРЕУОВ, академик, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректор