• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 18 Қыркүйек, 2024

Жүгері шаруашылығының келешегі қандай?

104 рет
көрсетілді

Бүгінде қала базарына барған сайын жүгері дәнін арнаулы аппаратқа салып пісіріп, оны таңсық көретін бала-шағаға сатып пайда тауып тұрған адамдарды көріп жүрміз. Сондайда бала кезімізде көкөніс өсіруді білмейтін ауы­лы­мыздың маңында жазғытұрым көкке бойлап, жайқалып өсіп тұратын, кең­­шардың ірі қарасының қысқы азығына арналған жүгері алқабына барып, сап-сары болып піскен собықты үзіп алып, дәмді дәнін жеп мәз болатынымыз еске түседі. Осы дәрумені көп, денсаулыққа пайдалы өсімдікті бағалай алып жүрміз бе?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әді­лет­ті Қазақстанның эко­но­ми­ка­лық бағдары» Жолдауында: «Ауыл шаруа­шылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақ­станның айналасында өнім өткі­зетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақ­станның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек», деген еді.

Мемлекет басшысы еліміздің агро­өнер­кәсіп саласының алдына қойып отыр­ған осы нақты міндет әлемде дәнді дақылдар өніміне сұраныс бойынша бидай мен күріштен кейінгі үшінші орынды еншілеген жүгері шаруашылығына да қатысты. Былтыр дүниежүзінде «дала аруынан» 1 157,2 млн тонна өнімі өндірілсе, бұл көрсеткіш елімізде 1,18 млн тонна ғана болды, яғни әлемдік жүгері өндірісіндегі үлесіміз 0,1 пайыздан сәл асты. Құрғақшылыққа төзімді әрі тез өсіп-өнетін осы дақылдан өткен жылы орта есеппен гектарына 63,3 центнер өнім жиналды. Бұл жүгері өсірудің экономикалық тиімділігі жоғары екенін айғақтайды. Көршілес Қытай өткен жылы 18,7 млн тонна жүгері импорттағанын ескерсек, өсірілген өнімді өткізетін өте үлкен нарық іргемізде тұрғаны анық.

Елімізде дәнді жүгеріні өсіретін негізгі өңірлер – Жетісу, Алматы және Түркістан облыстары. Былтыр осы дақыл егістігінің көлемі алдыңғы жылғы 181 мың гектардан 193,8 мың гектарға дейін ұлғайды. Алайда биыл жүгері алқабы 171,6 мың гектарға дейін қысқарып кетіпті. Мұның бір себебі – өткен жылы Жетісу облысында сатып алу бағасының төмендігіне байланысты жиналған 600 мың тоннадан астам жүгерінің 200 тоннадайы ғана өңделіп, егіннің бір бөлігі орылмай, алқапта қар астында қалдырылғаны болса керек.

Жетісу өңірінің жүгері шаруашылығы саласында қалыптасқан жағдайға орай Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев биыл 12 маусымда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге депу­таттық сауал жолдады.

«Жүгеріні терең өңдеу мүмкіндігі өте кең. Өнеркәсіп саласында бұл дақыл шикізат ретінде пайдаланылып, сірке қышқылы, ацетон, бояғыштар жасау үшін қолданылады. Қалдықтары мал азығы, отын, тыңайтқыш өндіруге, сондай-ақ жасанды жібекке қажет жасұнық, қағаз шығаруға және басқа мақсаттарға жұмсалады. Бұл өнімдерге ішкі және сыртқы нарықтарда сұраныс бар. Соған қарамастан, осы саладағы өнеркәсіптік қуаттар шектеулі. Өндірілетін шикізаттың шамамен 35 пайыздайы ғана Жаркент крахмал-сірне зауытында өңделіп, қал­ған көлемі шикізат түрінде сатылады. Жүгеріні қайта өңдеу көлемін арттыру үшін «Қорғас» арнайы экономикалық аймағы аумағында жаңа зауыт салу қажет. Бұл кәсіпорынның жүгері дәнінің ең ірі тұтынушысы – Қытайға жақын орналасуы логистика шығындарын азайтады. Жүгеріні терең өңдеуді ұйымдастыру үшін Жетісу облысына зәкірлік инвесторларды тартып, шаруалардың тыңайтқыш пен тұқымға жұмсалатын шығынын және олар алған несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін саланы жеткілікті қаржыландыру керек», деген еді.

Аталған депутаттық сауалға жауап берген вице-премьер С.Жұманғарин қазір республикада жалпы қуаттылығы жылына 210 мың тонна жүгеріні тереңдете өңдейтін 2 зауыт жұмыс істейтінін айтты. Олар – Жетісу облысындағы «Жаркент крахмал-сірне зауыты» және Алматы облысындағы «АзияАгроФуд» акционерлік қоғамы.

«Өңдеу үшін жүгері шикізатының жеткілікті көлемі бар екенін ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Kazakh Invest» ҰК» акционерлік қоғамымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын тереңдете өңдеу бойынша жаңа өндірістер құруға, соның ішінде «Қорғас» арнайы экономикалық аймағына да инвестор тарту жұмысын жүргізіп жатыр. Осы мақсатта 2024 жылғы 2 сәуірде қытайлық «Zhejiang Sunny Group Co., Ltd» компания­сы өкілдерімен кездесу өткізілді. Қытай тарапы ел аумағында жүгеріні тереңдете өңдеу жобасын іске асыруға қызығушылық білдірді. Бұл кәсіпорын құрылысының мерзімі – 10 жыл, салынатын инвестиция көлемі – 150 млн доллар. Жаңа кәсіпорында 500-ге жуық жұмыс орны құрылмақшы. Қазір аталған жобаны іске асыру үшін алдымен жүгеріні егіп көру мақсатында тұқым әкелу жайы пысықталып жатыр», деді Үкімет басшысының орынбасары.

Жүгері өсірумен айналысатын шаруа­­ларға мемлекеттік қолдау көр­се­ту мәселесі Үкіметтің 2021 жылғы 30 жел­­тоқ­сандағы қаулысымен бекі­тіл­ген «Агро­өнеркәсіптік кешенді да­мы­тудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында шешімін тапқан. Нақты айтсақ, жүгері тұқымын сатып алу шығындарының бір бөлігін, тыңайтқыш, пестицид, биоагент және биопрепараттар құнын, қаржы институттарының несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ жүгеріні қайта өңдеуге тапсыру кезінде мемлекеттік қолдау көрсету көзделген. Бұл ретте қаржыландыру үшін басым дақылдардың тізбесін жергілікті атқарушы органдар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ғылыми зерттеу ұйымдарының қорытындысы негізінде дербес айқындайды. Мәселен, биыл күзде қайта өңдеуге тапсырылатын өнімнің 1 тоннасына субсидия нормативі Алматы облысы үшін – 18 мың теңге, Жетісу және Түркістан облыстары үшін – 10 мың теңге, Қызылорда облысы үшін – 16,4 мың теңге, Жамбыл облысы үшін – 20 мың теңге болып белгіленген. Бұдан бөлек, тәулігіне кемінде 170 тонна дәнді дақылды тереңдете өңдейтін кәсіпорындарды салу және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту кезінде инвес­торлар шығынының 25 па­йызын өтеу қарастырылған.

Жүгеріні Қытайға экспорттауға рұқсат алу жұмысы да жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде ҚХР Бас кеден басқармасының тізіліміне еліміздің жүгері өндіруге маманданған 146 кәсіпорны енгізілген.

Үкімет тарапынан жүгері шаруа­шылығын дамытуға бағытталған шаралар қабылданғанына қарағанда, «дала аруының» келешегі зор болуға тиіс.