Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының мүшелері кеше Алматы облысына барды. Штаб құрамында депутаттар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері бар. Олар өңірде кәсіпорын ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және жергілікті жұртшылықпен кездесіп, елімізде АЭС салуға қатысты референдум өткізу мәселелерін талқылады.
Мәулен Әшімбаев облыс жұртшылығымен кездесуде Мемлекет басшысының АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасының маңызына назар аударды. «Бүгін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасын талқылауға арнайы келіп тұрмыз. Мұндай маңызды мәселені дауысқа салу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі екені сөзсіз. Бұл ретте әр азаматтың даусы үлкен мәнге ие. Сондықтан елдің болашағы үшін дұрыс шешім қабылдауымыз керек», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар штаб мүшелері «Green Land Alatau» жылыжайында өткен кездесуде отандық кәсіпорындарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету мәселесіне баса мән берді. Қазіргі таңда елдің энергетикалық секторы негізінен көмір электр стансаларына тәуелді. Сондықтан сенімді және қауіпсіз энергия көзі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тұрақты дамуы үшін де аса маңызды екені сөз болды.
Өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу барысында Сенат төрағасы жаңа жұмыс орындарын ашудың, ірі жобаларды іске асыруға ықпал ететін инфрақұрылымды дамытудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ ғылыми-техникалық прогрестің, энергетикадағы инновациялық технологиялардың, жоғары технологиялық сектордың және еліміздегі ғылыми зерттеулердің маңызы да әңгімеге арқау болды.
Алматы облысына сапар аясында Халық штабының мүшелері Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-нің қызметімен танысып, станса мамандарымен, басшылығымен энергетика саласын дамыту келешегін талқылады.