• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 18 Қыркүйек, 2024

Ата-анасы бір жастағы баласының өліміне ақтаулық дәрігерлерді кінәлады

84 рет
көрсетілді

Кішкентай Абдулла 2024 жылы 11 мамырда Ақтау қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында қайтыс болған. Баланың ата-анасы бүлдіршіннің дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болғанын алға тартады, деп хабарлайды Egemen.kz Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Бір жасар Абдулла Өтегеннің қызуы күнде көтерілетін болған. Баланың әкесі Ермек Нұрбаевтың айтуынша, оларды алдымен учаскелік педиатр қараған, бірақ дене қызуы түспей, балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жіберілген. Ол жерде дәрігерлер нәрестеде жедел респираторлық вирустық инфекция бар деп болжап, қызуын түсіріп, дәрі-дәрмек жазып үйіне қайтарған.

«Емдеу нәтиже бермеді және біз жеке инфекционистке жүгінуімізге тура келді. Ол жұқпалы аурулар ауруханасының қойған диагнозын тексеріп, емдеуді жалғастыруды ұсынды. Алайда баланың қызуы түспей, қайтадан жұқпалы аурулар ауруханасына бардық. Жедел жәрдем және такси арқылы қайта келгенімізге қарамастан,  18 сәуірге дейін ауруханаға жатқызу жүргізілген жоқ. Төртінші рет келгенде  бізді аурухана қабылдады, бірақ бұл демалыс күні болған еді. Бізге қайтадан ЖРВИ диагнозы  қойылды. Бір аптадан кейін ғана диагноз пневмония мен цитомегаловирусқа өзгертілді»,  деді баланың әкесі Ермек Нұрбаев.

Ермек Нұрбаев баласының ауруханада қызылшамен ауырғанын, бұл оған қосымша ауыртпалық болғанын айта кетті.

«9 мамыр күні таңертең ұлымның жағдайы нашарлап, 10 мамыр күні таңертең ол өздігінен тыныс ала алмай, жансақтау бөліміне жатқызылды. 11 мамырда жүрегі тоқтап қалды. Бұрын тамақ ішіп, жүріп-тұрған бала жұқпалы аурулар ауруханасында емделгеннен кейін жатып қалды. Қорытындыда өлім сепсистен болғаны көрсетілген. Біз дәрігерлерге ұлымыздың өмірі мен денсаулығын аманаттадық, бірақ олардың салғырттығы мен қателігі бізді баламыздан айырды», деді Ермек Нұрбаев.

Баланың әкесінің айтуынша, ұлының өліміне қатысты істі қарауды өтініп, Президент Әкімшілігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне және Бас прокуратураға арыз жазған.

«Бас прокуратура өтінішті қарап, оны одан әрі қарау үшін Ішкі істер министрлігіне жіберді. Өз кезегінде ІІМ өтінішті қарап, тергеу жүргізу үшін Маңғыстау облысының полиция департаментіне жолдады. Облыстық полиция департаменті Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 179-бабының 1-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, арызды қараусыз қалдырған, алайда, арызды ІІМ-не қайта жолдау кезінде қарау қажет екендігі көрсетілген. Өтінішті және оны тиісті деректер базасында тіркеуге, сондай-ақ заңнамаға сәйкес тексеру жүргізуге міндеттенеді, алайда облыстық полиция департаменті тергеу жүргізу қажеттілігі туралы өтінішпен толық таныспай, арызды қарауды аяқтады», деді марқұмның әкесі.

Ермек Нұрбаев баланың қайтыс болу фактісі бойынша Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізгенін, алайда оның айтуынша, бірнеше дәрігер мен облыстық балалар ауруханасының директоры баланың қайтыс болуына қарамастан, жұмысқа немқұрайлы қарағаны және заңнаманы сақтамағаны үшін сөгіс түрінде тәртіптік жазамен ғана жазаланғанын хабарлады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайда бала елімізде қабылданған диагностикалық және емдеу хаттамалары бойынша толық емделгенін мәлімдеген.

«Республикалық орталықтармен телемедицина сеанстары жүргізілді, емі түзетілді. Ауру тарихына денсаулық сақтау басқармасы да, Маңғыстау облысы бойынша емдеу сапасын бақылау комитеті де талдау жасады. Барлық қорытынды заңды өкілдерге тапсырылды. Сол кездегі емдеуші дәрігер инспекциядан өтіп, қазір декреттік демалыста», деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті үйлестіру және ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Асқар Махмұтов.

Облыстық полиция медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

«Полиция қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр, басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды»,  деп қорытындылады департамент өкілдері.